• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Ақпан, 2024

Осал топтың құқын қорғау күшейді

158 рет
көрсетілді

Құс көлеңкесінен тоңатын әлсіздің де әлсізі бар. Бұл – адамның көңілі. Ал мүгедектігі бар жандардың көңіліне қаяу түсірмеу тіптен маңызды. Бұл ретте қоғамды кедергісіз ортаға айналдыру – мемлекет мүддесі.

Елімізде қоғамдағы осал топ­тардың құқығын қорғау жұмыс­тары былтыр қабылданған жаңа Әлеу­меттік кодекстің күші­не енуінен кейін біршама ши­рай түсті деуге болады. Бұған жауапты әлеуметтік инспекторлардың қызметтік сапасы да едәуір өсіп келе жатқаны сезіледі. Адам құқықтары, оның ішінде әлсіздердің әлеуметтік мүмкіндіктерін қырағы қадағалап, оған қорған бола білу қоғамның әділетті әрі демократиялық құнды­лықтардың негізгі ұстыны десе де жарасады.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жө­ніндегі 2025 жылға дейінгі са­ланың ұлттық жоспарына сәй­кес елімізде жаңа институт­тар қалыптасып келеді. Адам құ­қық­тарының кепілі ретінде мем­­лекеттік органдар мен құры­лым­дардың әлеуетін дамытумен қатар халықтың осал топтарын әлеуметтік-экономикалық мүм­кіндіктерін кеңейту басты назар­да екені белгілі. Алайда сөз бар, іс қалай? Бұл ретте құзырлы орын­дардың статистикасы сықиып тұр. Олар­дың дерегіне сенсек, осал топ­тардың құқығын көздің қа­­ра­шы­ғындай қорып отырғаны бай­­қа­лады. Мәселен, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің мәліметінше, Әлеуметтік инспекторлар халықтың осал топтарының құқығын қорғау мақсатында жыл басынан бері 300-ден аса тексеру жүргізіпті.

«Әлеуметтік кодекстің күшіне енуімен 2023 жылдың 1 шілдесінде елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының институты енгізілді. Мұның құзыре­тіне мүгедектігі бар адамдарды әлеу­меттік қорғау, арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру сала­сындағы заңнаманың сақта­луын бақылауды жүзеге асыру кіреді. 2024 жылдың басынан бері әлеуметтік инспекторлар 338 тек­серу жүргізілді, оның 95-і про­филактикалық бақылау шеңберін­де, 243-і жоспардан тыс тексерулер болды», дейді құзырлы орынның қызметкерлері.

Комитеттің мәліметіне қара­ғанда, бұл мәселеге қатысты заң бұзу ісі азайып кетпегені бай­қала­ды. Мәселен, Қызылорда қала­сы әкімдігінің қалалық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар бөлімінің қызметіне тек­серу жүргізілген. Себеп – мүге­дек­тігі бар бала тәрбиелеп отыр­ған адамның (жеке көмекші) өті­ніші бойынша оңалту мен оңал­ту­дың жеке бағдарламасының әлеу­меттік бөлігіне сәйкес протез­дік-ортопедиялық көмекпен (кор­сет­пен) қамтамасыз етпеу мәсе­ле­сі. Жоспардан тыс тексеру қо­рытындысы бойынша заң бұзу фак­торы расталған. Сөйтіп, ме­кеме басшылығы әкімшілік жауапкер­шілікке тартылды.

Экономикалық зерттеулер инс­титутының сарапшы маманы Ай­ман Жүсіпованың айтуынша, бұл қызметтің аясы кең, бірақ әлі то­лыққанды нақтыланбаған көрінеді.

«Халықтың әлсіз әлеуметтік тобына жататындардың ішінде белгілі бір санаттар мемлекеттің тұрғын үй қорынан үй алуға құ­қылы. Мүгедектігі бар адамдар тек үй алып қана қоймай, өздеріне мейлінше қолайлы үйді таңдауға хақылы. Ол үйдің арнайы құралдар мен жүріп-тұруға бейімделуін де талап ете алады. Мүгедектерге тиесілі қызмет түрлері тізімінде толық­қанды өмір сүру үшін қажет­ті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де кіреді», дейді А.Жүсіпова.

Оның айтуынша, халықтың әлсіз әлеуметтік топтарына қолдау көрсету іс-шаралары мейлінше анық жазылғанымен, олардың іс жүзіндегі тиімділігі туралы айту қиын. Алайда бұл салада ілгерілеу де жоқ емес. Мәселен, бірінші топтағы мүгедек Шаяхмет Құрал­баевтың айтуынша, Тараз қала­сын­да осал топтар үшін әлеумет­тік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділік айтарлықтай жақсарған.

«Мен күн сайын 14-шағын ауданда орналасқан оңалту ор­та­лығына барамын. Орталық заманауи үлгіде салынған, дәліздері кең, қызметкерлері өте ұқыпты. Онда арбада қозғалу өте ыңғайлы, арнайы лифт те бар. Бір сөзбен айт­қанда, орталықта мүгедектігі бар азаматтардың барлық санатына қолжетімділік қарастырылған», дейді Ш.Құралбаев.

Еңбек және әлеуметтік қор­ғау комитетінің дерегі бойынша аумақтық департаменттер 2023 жылы 1 783 тексеру жүргі­зіп, анықталған 1 171 заң бұзу фак­тілерін жою жұмыстарын қолға алған. Заң бұзу фактісі бойынша 98,4 млн теңгеден аса қаражат, яғни 467 айыппұл салған.

Аталған мәселені БҰҰ да ерек­­ше назарда ұстап отыр. Елі­міз­д­егі бұған қатысты саламен бір­ле­се жұмыс істеп келеді. Мүге­дек­тер­дің құқықтары туралы БҰҰ Кон­венциясын (МҚК) ілгерілету бойын­ша әлеуметтік порталы ар­қылы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуді жақсартуды және оңал­ту арқылы мүгедек адамдардың әлеу­меттік-экономикалық мүмкін­діктерін арттыруды көздейді.