• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Халық 28 Ақпан, 2024

Сыр бойынан сая тапқан

136 рет
көрсетілді

Сол жолы тоғыз жасар балаға осы бір ұзын-шұбақ теміржол таусылмайтындай, бар өмірі осы эшелонда өтетіндей көрінген еді. Қайда табан тірері, алда не күтіп тұрғаны бей­мәлім, ара-тұра шет-шегі жоқ да­ла­ға қарап көз талдырып келе жат­қан­дарына әлденеше күн болған.

Үлкендердің де бұл тарапта білері аз сияқ­ты, бұларға байқатпай күбірлесіп келе жат­қа­ны соны аңғартады. Өткен ғасырдың отыз жетінші жылы шекаралық аумақтағы Қиыр Шығысты мекендеген кәріс ұлтының өкіл­дерін бір түнде тиеп, белгісіз бағытқа бет түзеген пойыз жолаушыларының бірі Ми­хаил Шегай бүгінде 96 жасқа толып отыр.

Дүниеге 1928 жылы қазіргі Солтүстік Корея аумағында келіпті. Келесі жылы 7 жас­тағы әпкесі мен мұны ерткен әкесі Дын-Зе Ше мен анасы Ольга Ли кеңес одағына қоныс аударды. Қай жерде де, еңбексіз ештеңе өнбейтіні белгілі. Балықшы әкесі кәрісше есімін ұмытып, Данил атанды. Жаңа мекенде әпкесі екеуінен бөлек басқа да бауырлары дүниеге келді. Шиеттей бала-шағаны жеткізем де, талай қиындық көрген әке-шешенің қабағына енді ғана күл­кі ұялап келе жатқан кез еді. Бірақ отыз жеті­нің ойраны оны да көп көріпті. Басқа да қандастарымен қатар пойызға тиелген бұларды неше тәуліктен кейін қазіргі Атырау облысына әкеліп тастады.

Жан-жақты барлап, байырқалап отыратын кез емес, үлкендер бірден Жайық жаға­сындағы жаңа мекеннен жертөле қазуға кірісті. Жәрдемге жарайтын балалар да жұ­мыс­сыз қалмады. Бұлардан бөлек те өзен бойына келіп жатқандар көп. Аз уақыт ішінде адам қатары молығып, елсіз дала іргелі елді мекенге айналды.

«Көп ұзамай өзеннің біз қоныс тепкен тұсы тартылып, балық азая бастады, – дейді ақсақал. – Бірақ су тартылғанымен де, елдің көл-көсір көңілі көп қиындықты сездіре қойған жоқ. Езуінен жырып енші беретін, сырттағының да сыбағасын сақтап отыратын дарқан халықтың арқасында аз уақытта қатарға іліктік. Тоғыз баланың қамы оңай емес, әке-шешеміз Авангард ұжымшарында  бел жазбай еңбек етті, біз де олардың бір жағына шығуға жарадық».

Тоғызыншы сыныпты осы ауылда бітір­ген Михаил Шегай мектепті аудан орталы­ғында тәмамдады. Қиыр Шығыстан бері өткенде тарыдай шашылған талай туыс­тан көз жазып қалған еді. Солардың бірі Қызылордаға табан тірегенін кейін тапқан. Бозбала Михаил соларды қара тұтып, Қызыл­ордадағы пединститутқа келіп түсті. Жалпы, кәріс ұлтында «Мұғалімді Құдайың­дай сыйла» деген тәмсіл бар. Небір телі-тентектерің де «мұғалім келе жатыр» деген­де естігенде, жынынан айырылған бақсы­дай бола қалады. Талабы бар бала осы ма­ман­дықты таңдағанына өкінген емес. Бірақ өзінен кейінгі жеті балаға қарап қалған әке-шеше ойға түссе, оқып отырған сабағынан жаңылып қалатын сәттері көп. Сондықтан оқуды екінші курстан үзіп, Атырауға оралуға тура келді.

Көп ұзамай бір үйлі жан Өзбекстанға қоныс тепті. Онда күріш егіп, бұлар үшін жаңа кәсіптің жолы ашылды. Кейіннен Тәжікстанға көшіп, әкелері Данил сол жерді мәңгілік мекен етіп қалып қойды. Михаил 1959 жылы баяғы өзі оқыған Қызылордаға келіншегін жетектеп келді.

«Сол тұстағы Қызылорда шағын ғана шаһар еді ғой. Алғаш қалың қазақтың ортасынан болашақ үйімнің іргесін көтере бастағанымда, көршілерім көмекке келді. Қоңсыларымыз Шегебаевтар, Ахметовтер отбасымен туыстан да әрі араластық. Қазір сол көзкөргендерден ешкім жоқ. Бірақ олардың балалары, немерелері  көшеде көріп қалса, жүгіріп келіп амандасып, жағдай сұрап жатады»,  дейді қария.

Ұзақ жыл Қызылордадағы «Риссовхоз­строй» мекемесінде жемісті еңбек етті. Алты баласы осында өсіп-жетілді. Немерелер, одан кейін шөберелердің кіндігі де осы қалада кесілді. Қайбір жылы жақындарымен Қиыр Шығыстағы туыстарына барғаны бар. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» демей ме, ескі мекенде баяғыны еске түсіретін бірде-бір белгі қалмапты. Қара ормандай әу­летке айналдырған Қызылордасына қайтуға асықты.

Корея Республикасының Сыртқы істер министрлігі жанындағы сыртта жүрген қан­дас­тармен байланысты жандандыратын жо­ба аясында Қызылордаға түсіру тобы келіп, естелігін жазып алып кетті. Ғасыр ғұ­­мыр жа­­сау­ға жуықтаған қария алғашқы көр­ген қиын­­дық­тарын, жергілікті халықтың жәр­де­мі арқа­сында бәрін жеңіп, бүгінде Сыр топы­рағы­нан сая тапқан жанға айналғанын баян етті.

Тағдыр соқпағымен жүріп, талай жердің дәмін татқан қарияның қаршадайынан өзіне пана болған Қазақ еліне айтар алғысы шексіз.

 

Қызылорда