• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 29 Ақпан, 2024

«Хат қоржын»

73 рет
көрсетілді

Билер кеңесінің ауқымды жұмысы

Мемлекет басшысының әділетті қоғам орнату, түрлі келеңсіздікті жою, жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, халқымыздың ын­тыма­ғын арттыру бастамасына орай ұмыт болып бара жатқан дала демо­кратиясы қағидаттарын жаңғырту аса маңызды.

 Осы мақсатта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жұмыс істеу үшін елімізде түрлі қоғамдық инс­титут­ күш біріктірді. Кейінгі жылдары ұлттық құн­ды­лықтарымыз дамуының тежелуіне әкеліп соқтырған түрлі ағымның, әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың жастарымыздың санасын айтарлықтай улағаны белгілі. Енді осындай теріс әрекеттерге тосқауыл қойып, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау арқылы жастарға дұрыс тәрбие беру, халық арасындағы кейбір түсінбеушілікті келісе отырып шешу мақсатында елімізде Билер кеңесі құрылып, жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Осы игі бастама біздің ауданда да құрамы жеті адамнан тұратын Билер кеңесін құру арқылы жүзеге асса, барлық 18 ауылдық округте құрамдарына үш адамнан енгізілген Билер кеңесі құрылып, өз жұмыстарын бастап кеткен. Ауылдық округтердегі Билер кеңестерінің мүшелері округтерде өткізілген алқалы жиындарға қатысып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсарту, оларды жайылымдармен, малды, егістерді суаратын ағын сумен қамтамасыз ету, ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануы, олардың арасында түсінік жұмыстарын жүргізу арқылы теріс қылықтар мен теріс діни ағымдардың ықпалына түсуінің алдын алу сияқты күрмеуі қиын шаруаларды шешумен айналысып келеді.

Ел ішінде кейбір адамдардың көзқарасы сәйкес келмей қалып, арты ұрыс-керіске ұласып жататын жағдайлар да кездеседі. Тіпті сүттей ұйып отырған балалы-шағалы отбасылардың шаңырақтары шайқалып, сәбилердің тірі жетім болып жатқаны да қабырғамызға бататын. Аудандық және ауылдық Билер кеңестері осы проблемамен де белсене айналысады.

 

Исағали СӘЛІМБАЕВ,

Байзақ аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы Билер кеңесінің төрағасы

 

Жамбыл облысы

 

 

Артық білім алғың келсе, есік ашық

«Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша барлық салада іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылып, түрлі жоба жүзеге асырылып келеді. Кітапхана – осы күнге дейін адамзат тарихының керуенін сүріндірмей келе жатқан білім мен біліктің, тәлім мен тәрбиенің, парасаттың мекені. Кітапхананың басты мақсаты – өскелең ұрпақты кітап оқуға шақыру арқылы адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеу. «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге», деп хакім Абай жырлағандай, кітапханаға келіп, бос уақытыңды тиімді пайдаланудан, біліміңді шыңдаудан асқан пайдалы іс болмаса керек.

Кітапханада өткізетін іс-шараларымызда мультимедианың мүмкіндіктерін қолдану арқылы біз автордың шығармашылығы мен тақырыбына көбірек тоқтала аламыз. Әдеби-сазды кештерде, медиалекцияларда, кітаптардың тұсаукесерлерінде, шығармашылық кештерде мультимедиалық көріністі қолдана отырып, оқырмандарды кітаптың электрондық нұсқаларын бейнекөрсетілім мен басқа да көрнекіліктер арқылы қызықтыруға ұмтыламыз. Бұдан бөлек слайд-журналдар, слайд-репортаждар, сайыстар, слайд-галереялар, виртуалды көрмелер де көрсетіледі. Заманға сай жаңа әдістер үлкен қызығушылықпен және ерекше ықыласпен қабылданады.

Енді адамның кітап оқуға қызығушылығын арттырудың басқа да тың әдістеріне қысқаша тоқтала кетейін. Мәселен, «Буккроссинг», «Флешмоб», «Сиқырлы дорба», «Көк шабадан», тағы басқалары – ата-ана мен баланың, тұтастай алғанда оқырманның ерте дамуына бағытталған жобалар. Мұның ішінде, әсіресе, баланы кітап оқуға ынталандыратын әдістердің тиімділігі жоғары екенін атап көрсеткен жөн. Және балаларға арналған жобалардың барлығы дауыстап оқуға негізделген. Өйткені балалар тыңдауды жақсы көреді, көп жағдайда өздігінен оқуды қаламайды, оны жұмыс ретінде қабылдайды.

Қорыта айтқанда, кітап өзіңді де, өзгені де сыйлауға үйретеді. Балалардың білімін, ой-өрісін кеңейтеді. Сондықтан біз, мектеп кітапханашылары, кітап мәртебесін көтеруіміз керек.

 

Роза БҮЛКЕНОВА,

Қ.Бекқожин атындағы мектеп кітапханасының меңгерушісі

ПАВЛОДАР

 

 

Судың да сұрауы бар

Мен Әмина Нақыпбекқызымын. Жасым 11-де. Шымкент қаласында тұрамын. Бүгін су туралы жазғым келіп отыр, себебі анам үнемі суды өшір, суды текке ағыза берме десе, ренжуші едім. Сөйтсем, бекерге айтпайды екен. Бүгін қазақ тілі мұғалімі Гүлнар апайым соңғы кезде ауыз суымыздың азайып бара жатқанын, болашақта кейбір шет мемлекет­тердегідей ауыз судан тарығып қалуымыз мүмкін екенін айтқанда, қатты уайымдап кеттім. Енді анам айтпаса да үнемдейтін болдым. Бұрын жарықты да жағып жүре беретін едім. Ал қазір оны да қараңғы түскенше жақпауға, телефонның қуаттағышын тоқтан ажыратып қоюға тырысамын.

Қытай халқы да ертеректе су тапшылығына тап болыпты, бірақ бертінде бәрін зерттеп, зерделей келе, қолданылған суды қайтадан өңдеп таза су етіп шығаратын технологияға қол жеткізіпті. Осылайша, ауыз су проблемасын шешкен көрінеді. Осы жерде тағы бір мәрте екпін түсіре кететін жайт, ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, таза су қоры өте аз және оны үнемдемесе, болашақта су тапшылығы салдарынан мемлекеттер бір-біріне қарсы соғыс ашуы да мүмкін екен. Осы себепті барымызды бағалай білейік, үнемдей жүрейік дегім келеді. Үнемдеу арқылы біз өзімізді үлкен проблемадан құтқарамыз. Мысалы, Африка құрлығында су жетіспейді, ал біз оны ойланбастан қалай болса солай жұмсаймыз. Баршамыз суды үнемдеу арқылы болашақта елдер арасында суға қатысты түсініспеушіліктер туындамауын қамтамасыз етуге үлес қосамыз. Оның түк қиындығы жоқ. Тек су атаулыны есеппен пайдаланып, ысырап етпесек болғаны.

Соңғы кезде ойлап қоямын, неге бұрын анам айтса ренжігенмін деп. Олар текке айтпайды екен ғой. Ата-бабаларымыздың «судың да сұрауы бар» деген нақылының мән-маңызын да енді ұққандаймын. Осыны нақты ұғындырған Гүлнар апайыма алғысым шексіз.

Суымызды үнемдейікші, достар! 

 

Әмина АҚЫЛБЕК,

оқушы

ШЫМКЕНТ