Бүгін көңілді көктемнің лебі аңқыған ырысы мол наурыз айының алғашқы таңы атты. Наурыздың өзі «жаңа күн» деген сөзден шыққаны әмбеге аян. Осы жаңа күннен бастап еліміз бір уақыт белдеуіне көшті. Мамандардың айтуына қарағанда, мұның тиімді тұстары көп. Мысалы, қазір әлемнің 175 елі бірыңғай уақытта тіршілік етеді, оның небәрі 22 мемлекеті әртүрлі уақытпен жүреді. Бұл да бекер нәрсе болмаса керек.
Үкіметтің «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» қаулысына сәйкес Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Абай, Жетісу, Ұлытау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат кейін шегерді.
Бірыңғай уақыт мәселесі ғалымдар мен сарапшылардың қызу талқысынан өтті. Бұған дейін елімізде UTC+5 және UTC+6 деген екі түрлі уақыт белдеуі қолданылып келді. Елдің көп бөлігі (батыс өңірлерді қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан. Ғалымдардың айтуынша, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді және биологиялық ритмдер мен адам денсаулығына кері әсері бар. Осы мәселені кешенді пысықтау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі жанынан Парламент депутаттары, ғылыми институттар, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен тиісті жұмыс тобы құрылды. Сөйтіп, елімізде уақытты есептеу мәселелері бойынша жұмыс тобына кірген ғалымдар мен сарапшылар бірыңғай уақыт белдеуін құруды ұсынған еді. Жұмыс тобына ғылыми институттардың, медициналық жоғары оқу орындарының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары және т.б. кірді.
Жыл бойы медицина, физиология, география, метрология сияқты түрлі бағытты ұсынатын жұмыс тобының мүшелері ел аумағында қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді. Жұмыс тобы UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу Қазақстанның көптеген өңірі табиғи уақытқа барынша жақын уақытты пайдаланатын ең дұрыс және оңтайлы нұсқа деген пікірге тоқайласты.
Сонымен, енді күнделікті жұмысқа бұрынғы уақыттан бір сағат кейін барасыз. Оқушы, студенттер де солай. Мамандардың айтуынша, ел экономикасына өте тиімді. Әсіресе көлік қатынасы саласында айтарлықтай оң өзгерістер болатыны айтылады. Мәселен, «Air Astana», «SCAT» және «Qazaq Air» авиакомпаниялары авиабилеттерді сату жүйелеріне барлық қажетті өзгеріс енгізді, сондай-ақ жолаушыларға тиісті хабарламалар жолданып жатыр. Бұған қоса бүгіннен бастап Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің жедел штабының негізінде «жедел желі» жұмыс істейді. Сондай-ақ рейстің өзекті мәртебесін нақтылау үшін жолаушылар әуежайдың анықтамалық қызметтеріне және «Air Astana» авиакомпанияларының Call-орталықтарына жүгінуге тиіс.
Осыған орай, Көлік министрлігі көршілес теміржол әкімшіліктерімен және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының қызметтерімен бірлесіп, жолаушылар көлігінің қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізу жұмыстарын жүргізді. Теміржол қатынасына қатысты барлық өзгеріс ресми сайттар мен интернет-ресурстарда жарияланды. Ал әуе қатынасы бойынша авиакомпаниялар тарапынан жолушыларға қолайлы жағдай жасау үшін ресми сайттарында және әлеуметтік желілерінде қажетті ақпараттық қолдау көрсетіліп жатыр. Бұған қоса көпшілік «Жолаушылар тасымалы» АҚ-тың 1433 нөмірі немесе Telegram ботының көмегімен тегін ақпарат ала алады.
Ал ел ішінде, әсіресе әлеуметтік желілерде жұртшылық сағатты қалай өзгерту туралы жиі сұрап жатыр. Бұл қалай жүзеге асырылады? Яғни сағатты ауыстыру кезінде гаджеттер мен техниканы қалай дайындау керек деген сұрақ туындайды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі халықтың жаңа уақыт белдеуіне уақтылы көшуі үшін әмбебап нұсқаулықты ұсынады. Бұл – автоматты жаңарту. Гаджеттер мен техникадағы параметрлерде уақыт автоматты түрде интернет байланысы қосылған кезде уақыт өзгереді. Тек ондай функциясы жоқ техника болса ғана оны қолмен өзгертуге тура келеді. Яғни уақытты бір сағат кері шегеріп қойсаңыз болғаны.
Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері арқылы ресми хаттар жөнелтіліп, Қазақ елінің уақыт бірыңғай уақыт белдеуіне көшкені туралы ақпарат жаһанға тегіс тарады.