• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 29 Ақпан, 2024

Қобыз жыры

128 рет
көрсетілді

Салқар көш, тұман дала, терге шіріген тебінгі, жебесі сынған қорамсақ, құзар шыңдағы аш байғыз... Тоғай-тоғай жер асқан, ынтымағы жарасқан қазақтың қоңыр жанын қойнына сыйдырған киелі аспап бар. Ол – қобыз.

Музыкатанушы Бектай Әлiмбай «Қобыз қайдан шыққан?» атты мақаласында: «Жал­пы, iшектi аспаптарымыздың шығу тарихын, қалай, қашан пайда болғанын дәл айту өте қиын. Себебi осы күнге дейiнгi iзденулер мен зерттеулер ұлттық аспаптардың пайда болуы жайлы бiрiздi, нақты пiкiрге келген жоқ. Қайсыбiр ғалымдар iшектi аспаптарды (адырна, қобыз, шертер, жетiген, домбыра) ұрмалы аспаптар (дабыл, даңғыра) негiзiнде пайда болды десе, ендi кейбiрi кәдiмгi садақты ғасырлар бойы жетiлдiргеннен пайда болды деп есептейдi», деген-тін. Әруақты аспап жөнінде аңыз бен айпара пікірлер шоғыры жетерлік. Қала берді қадау-қадау жырлар легі қоғадай қарауытады.

«Білмеймін тегі қай ағаш –

Əлде шындық, əлде аңыз,

Бейне жүрек жалаңаш,

Күрең шанақ шал-қобыз.

Алдымда жатыр үн-түнсіз,

Үзілген қылы-ыспасы.

Жатыр ма сөйлеп ың-шыңсыз,

Көне бір заман нұсқасы».    

Қазақ өлеңіне олжа салған өрен жүйрік, көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің қобызды «көне заман нұсқасына» теңеуі, тосын, ұғымды, әсерлі. Шынында, қазақ деген халықтың жүрек күйін бір аспапқа қарап жасау қажет болса, қобызды ұсынар едік. Киелі аспап жөнінде келелі жырлар мол. Соның бірі – қазақ жырының бозторғайы Несіпбек Айтұлының өлеңі.

«Ей, қобызшы, қобызыңды тартып бақ,

Қамыққанда бар ма бұдан артық бақ?

Саусағыңнан нұр құйылса ғажайып,

Қара қылдан қай-қайдағы зар шықпақ.

Қара қобыз күңіренсе жалықпай,

Ой түбіне жұтыламын тобықтай.

Қорқыт бабам көрден басын көтеріп,

Оянады Қойлыбай мен Молықбай».

Ақын кең көсіліп кемеңгер сөз айтады, кесіп айтады. Ілияс Жансүгіровтің Молықбай қарты, «Күйі» феноменге айналып үлгергелі қашан? Несіпбек ақын сол Құлагер ақынның үнін бүгінге жалғағандай.  

 Аңыз бойынша Қорқыт ата жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол шақтағы аспаптардың әрбірінде еркін ойнайды екен. Алайда оған қанағат таппай, адам мен жануардың үнін, табиғаттағы құбылыстары мен алуан дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, тоғыз толғанады. Қарағай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ әрі қарай қалай, не істерін білмей қиналады. Күндер өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жаққан қобызың 6 жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шанақ, ортекенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың кұйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен»,  деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна салып, осы айтылғандардың бәрін жасайды. Міне, осылайша үні ғарыш асқан тегеурінді аспап тектілік қанын қозғап келеді.

«Азамат-ердің басын бір,

Біріктіре алмай зарладым.

Қайран да қоңыр қобызым,

Қайғымды бірге талмадың

Сен ғана əнімді жалғадың,

Зарлағын тынбай, сарнағын».

Фариза Оңғарсынованың осы бір жыры көп сырдан хабар берсе керек. Иә, зарымызды бірге толғаған, мұңымызды болашақпен жалғаған қобыз үнінің қадірі ерек. Әйдік аспап келешек кемесінде бұдан да бөлек түрге енері, мазмұн табары ақиқат.