Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген Судаба Металимова ұлты әзербайжан болса да, жергілікті қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып өсті. Қазақ тілін де бір кісідей үйреніп алған.
«Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Отбасымызбен Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында тұрдық. Жергілікті халықпен тығыз араластық. Ауылдағы Аркадий Гайдар атындағы орта мектепті аяқтаған соң Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінде білім алдым. Кейін Шымкент қаласындағы Халықтар достығы университетін тәмамдадым», дейді ол.
Бала күнінен білімге құштар Судаба 2017 жылы алғаш еңбек жолын Бауыржан Момышұлы атындағы №1 гимназияда бағдарламашы болып бастапты. Кейін аудандық «Жастар орталығы» мекемесінде еңбек еткен. Араға аз уақыт салып, дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
Білім саласына аңсары ауған Судаба 2021 жылы Тараз қаласындағы №7 гимназияға жұмысқа орналасады. Бар білгенін жас ұрпақтың бойына дарытуды мақсат тұтқан маман қазір информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жүр.
«Мектебімізде «Адал ұрпақ» деп аталатын еріктілер клубы құрылған. Құрамына білім ордасының 120 көшбасшысы енген клубтың басты мақсаты – құқықтық және азаматтық мәдениетті қалыптастыру, балаларды адалдыққа тәрбиелеу. Осы бағытта оқушылар арасында әлеуметтік-құқықтық білімді зерделеу, ұрпаққа білгенімізді тереңірек үйрету мәселесіне деп қойып жүрміз. Жұмысын жаңадан бастаған клубтың көп ұзамай оң нәтиже беретініне сеніміміз мол. Мектеп мұғалімдері көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін тер төгіп келеді. Біз оқушылардың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға айрықша басымдық береміз. Барлық жұмыс пен ұйымдастырылатын іс-шараны осы бағытқа сай өткіземіз. Қазір клубта үйірме жетекшісі ретінде еңбек етіп жүрмін. Жаңадан ашылған клубтың жұмысы енді жүйеленіп келеді», дейді ол.
Мұғалім Судаба өзінің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдаланып, оқушылардың бойында мемлекет, қоғамға деген адалдық пен жанашырлықты қалыптастырып, жеке тұлғаны тәрбиелеуді мақсат тұтады. Қазір осы бағытта білім алушыларға бар білгенін үйретіп жүр. Ең бастысы, шәкірттерінің бойынан елге, қазақ халқына деген адалдықты көргісі келеді.
«Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде Қазақстанда Алғыс айту күні арнайы мереке ретінде тойланып келеді. Бұл мерекенің біз үшін маңызы зор. Атырау мен Алтай арасын мекен еткен халқымыздың, әсіресе жастардың арасында келісім мен достықты нығайта түскеннің еш артықтығы жоқ. Осы тұрғыдан алғанда арнайы бекітілген мерекенің маңызын тереңірек түсіне түсеміз. Достық пен татулықтан асқан құндылық жоқ. Әр азамат осы бір баға жетпес құндылықты бағалауы керек. Талай ұлт пен ұлысты бауырына басқан қазақ халқына осы киелі жерді паналап келген әр ұлттың алғыстан басқа айтары жоқ. Оған ешкім күмән келтіре қоймас. Бүгінде халықтар арасындағы бірлік пен достыққа айрықша мән беріліп отырғаны анық. Осыны өскелең жас тереңнен түсінгені дұрыс. Ол үшін ұстаздар қауымы да аянбай еңбек етуге тиіс. Өйткені біз жастардың бойына демократиялық қоғамның құндылықтары мен негізін сіңіруіміз керек. Бұл – баршамыздың асыл борышымыз», дейді ол.
Жылдар бойы ізденістің ізіне түскен жас ұстаздың танымы ерек, ойы зерек. Мемлекеттік тілді мықтап меңгерген Судаба мұны өзінің парызы деп есептейді. Қай кезде де жаңашылдыққа басым беретін мұғалімнің алар асуы көп екеніне сенімі кәміл. Ұлты өзге демесек, тілі мен тілегі бір Судабаның алға қойған мақсаты айқын. Ол еселі еңбегімен биіктерді бағындырғысы келеді.
Жамбыл облысы