• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Ғылым 06 Наурыз, 2024

Мақсат – ғылым тілін орнықтыру

177 рет
көрсетілді

Ұлытауда өткен I Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің ғы­лым тілі ретінде әлем тіл­дерінің ішінде орын алу қажеттігін ескертіп, осы қажеттіліктің жүзеге асуы үшін жоғары оқу орындары мен ғалымдардан бас­тап, бүкіл мекемеге тапсырма берді. Президент жанындағы ғылым мен технологияларды дамы­ту жөніндегі Ұлттық кеңес­те еліміздің ғылыми, ғы­лыми-технологиялық тәуел­сіздігі туралы ой қоз­ғалып, «Қазақ тілі – ғы­лым тілі болуы керек», деген саяси міндет қойылды.

Цифрлық форматтағы жүйенің маңызы

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ғылым және жоғары білім ми­нис­трлігі, Ұлттық ғылым академиясы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті тіл жанашырлары мен ғалымдардың басын қосып, ғылымның ұлттық мазмұнын дамытуды көздейтін республикалық симпозиум өт­кізді. Түркістандағы Қожа Ах­мет Ясауи атындағы ХҚТУ-да өткен «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумының пленарлық мәжілісіне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Сенат депутаты, Ұлттық құрыл­тай мүшесі Дархан Қыдырәлі, Түркістан облысы әкімінің орын­басары Бейсен Тәжібаев, Ха­лықаралық қазақ тілі қоға­мы­ның басшысы Рауан Кенжехан­ұлы және өзге де зиялы қауым өкілдері, қоғам мен мәдениет қай­раткерлері, жоғары оқу орын­дарының ректорлары, ға­лым­дар мен оқытушылар, білім беру жүйесінің басшылары, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты. Университет ректоры Жанар Темірбекова модераторлық еткен симпозиумда министр Сая­сат Нұрбек басқосудың мән-маңызына тоқталды. «Қазір­гі таңда кез келген тіл сақта­лып қалуы үшін цифрлық техно­ло­гиялардың әлеуеті болуы ке­рек. Осы тұста министрлік ал­дында үлкен міндет тұр. Сол себепті алғашқы симпозиум­ды «Дәстүр және инновация» деп атадық. Біріншіден, дәстүр жағынан қалыптасқан тарихи, орфографиялық, орфоэпиялық мәдени мұрамызды сақтап қалуы­мыз керек, екінші жағы­нан біз инновацияны дамытып, өз тілімізде алгоритмді қа­лыптастырмасақ, ұлттық лин­гвистикалық жүйеге келтірілген цифрлық форматтағы жүйе­лерімізді пысықтамасақ онда, шын мәнінде де тіліміздің болашағы мүшкіл. Біз қазіргі таңда күнделікті чат-боттар, SIRI арқылы адам емес, цифр­лық тұлғалармен коммуни­ка­ция құрып жатырмыз. Сон­дық­тан лингвистика саласын­да жаңа көкжиектер, жаңа тақы­рыптар ашыла бастады. Осы мүмкіндіктерді қолдана білуіміз керек», деді С.Нұрбек. Ал сенатор Дархан Қыдырәлі Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді. «Мемлекеттік тіл – біздің ұлттық бірегейлігіміздің негізгі нышаны. Оны дамыту, қолдау және оның қолданыс аясын кеңейту – баршамыз үшін маңыз­ды міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қарауымыз керек» деген болатын. Ана тілімізді дамыту ісінде де осы ұстанымды бағдар етіп алғанымыз жөн», делінген Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатында. Сондай-ақ сенатор Дархан Қыдырәлі өз сөзінде қазақ тілінің ғылым тілі болу тарихи үдерісінің өткені, бүгіні мен ертеңін сабақтастыра талдап, тіл дамуындағы ғалым­дардың жауапкершілігі мен міндетін атап өтті. «Мыңжыл­дық, түмен күндік» өнегесін мәңгі тастарға қашап жазған ба­балар сөзінен бастау алатын «таза, терең, өткір, күшті, кең» тіліміздің ұлтаралық, халық­аралық және ғылым тіліне айналарына күмән жоқ», деді Д.Қы­дырәлі. Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы симпозиум­да түйткілді мәселелер ашық айтылып, шешім табуына се­нім білдірді.

Симпозиумға қаты­сушы ғалымдардың жұмысына сәттілік тілеген Мәдениет қай­рат­кері Қанат Айтбаев бай тілі­мізді қолға алып, жаңар­тып, оны әлемдік деңгейде дәріп­тей­тін уақыт жеткенін айтты. «Ана тіліміздің ғылым тілі бо­ла алатындығына көзіміз әб­ден жеткендігін, сол салада іс жаса­лып жатқандығына қатты қуанып тұрмын. Осы мақсатта бірқатар ауқымды шара қолға алынып, жақсы мүмкіндіктер жасалуда – бүгінгі іс-шара соның дәлелі», деді Қ.Айтбаев.

Пленарлық отырыста тіл мә­селесін қоғам алдында көтеріп жүрген ғалымдар Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты комитетінің төраға­сы Ербол Тілешов, академик Шерубай Құрманбайұлы, Almaty Management University президенті Асылбек Қожахметов баяндама жасап, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мәсе­лелері бойынша ойларын орта­ға салды. Симпозиумның екін­ші күні елімізге танымал ғалым­дардың қатысуымен «Қазақ тілінің салалық лингвистикасын дамытудың іргелі әдіснамалық негіздері», «Қазақ тілінде ғылым журналистикасын іске асырудың мүмкіндіктері мен бөгеттері», «Әлеуметтік-гуманитарлық ғы­лымдардың ұлттық мазмұнын жаңартудың заманауи парадигмалары», «Жаратылыстану ғылымдарының ұлттық мазмұ­нын нығайту аспектілері», «Тех­никалық ғылымдардың ұлт­­тық мазмұнын нығайтуда кадр­лардың біліктілік сапасын арттыру», «Қазақ тілін оқыту: нә­ти­желі-өнімді инновациялық тех­нологиялар» сынды 6 секция жұмыс істеді. Әрбір секцияда қазақ тілі мен ғылымның бүгіні мен болашағы сарапталып, ғалымдар тәжірибе мен пі­кір алмасқан ашық диалог алаңына айналды. Сондай-ақ фи­лолог Назгүл Қожабектің ана тілімізде дұрыс сөйлеу, жазу және аудару мәселелерін қол­ға алған «Калькаға үйреніп кетуге бола ма» деп аталатын шебер­лік сағаты, әсіресе, сту­дент­тер үшін пайдалы болды. Талқы­лаулар мен пікір алмасу нәтижесінде қабылданған симпозиум қарарында қатысушылар бірқатар мәселені атап, оның алдағы уақытта жүзеге асқанын жөн санайды. Мысалы, симпозиум қарарында ғылымның ұлттық мазмұнын алдағы уақытта мем­лекеттік деңгейде айқындай оты­рып, оның қазақ тіліндегі базалық негізін нығайтуға күш салу, ол үшін қазақ тілінде шы­ғып жатқан еңбектердің жалпы тізімін жариялау және олар­дың ішінен таңдаулы үлгі­лерін арнайы комиссияның ше­ші­мімен тізбелі басылымдарда жариялау, заман талабына орай министрлік жанынан интернет ресурстарын және инно­вациялық-педагогикалық технологияларды оқу үдерісіне түр­лі салада енгізу мақсатында оқу­лықтар мен оқу құралдарын жазу үшін заманауи техникамен жабдықталған орталық ашу ұсынылған. Қазақ тілінің ғы­лыми мәртебесін нығайту үшін оның саяси-құқықтық негіз­дерін, министрліктер тарапынан қабылданатын ережелердің, бағдарламалардың қазақ тіліне басымдық беруін қамтамасыз ету, гранттардың, жобалардың, кон­курстық жұмыстардың орын­­­далуында қазақ тілінің рө­лін арт­тыру қажеттігі де айтылған.

 

Біліктілікті арттыру орталығына айналады

Келелі басқосудың негізгі бөлігі алдында сала министрі еліміз бойынша жоғары оқу орындарының үздіктерін марапаттады. Ғылым мен техни­ка­ның дамуына елеулі үлес қос­қан ғалымдарды, ғылыми қыз­меткерлерді қолдауға бағыт­талған «Үздік ғылыми қыз­мет­кер – 2023» байқауына әр­түр­лі ғылым бағыттары бойын­­ша жалпы саны 307 өті­нім түскен. Нәтижесінде, бір­не­­ше бағыттар бойынша 50 ғалым үздік деп танылып, 2000 АЕК кө­лемінде сыйақыға ие болды. Ал «Жоғары оқу орын­дары­ның үздік оқытушысы – 2023» республикалық бай­қауына 80 жоғары оқу орны­нан барлығы 768 үміткер қаты­сып, комиссия шешімі нәти­жесінде 43 отандық жоғары оқу орындарының 150 оқытушысы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК көлемінде сыйақы алды. Ақшалай ынталандырудан басқа, арнайы төсбелгіге ие болды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек барлық жеңімпаздарды марапаттай отырып, оқытушылар мен ғалымдардың білім және отандық ғылым саласын дамы­туға қосқан зор үлесін атап өтті. «Біздің мақсатымыз – халықтың ғылымға, ғалымдарға және жалпы жоғары білім жүйесіне деген сенімін қалпына келтіру. Осы жолда кішкентай болса да, бірақ сенімді қадамдармен жүріп келеміз. Мәселен, 1-2 ай­дың ішінде «Ғылым және тех­нологиялық саясат туралы» заң жобасы күшіне енеді. Сондай-ақ сәуір айында Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы, үлкен ғы­лыми көрме өтеді», деді министр. Сондай-ақ симпозиум аясында Түркістан облысында алғашқы «Turkistan EdTech Lab» Сoursera орталығы ашылды. Университет базасында құ­рылған орталық мақсаты – об­лыс бойынша Coursera курстарын насихаттап, тарату арқылы әртүрлі сала мамандары үшін біліктілікті арттыру орталығына айналу. Ашылу рәсімінде сөз алған министр Саясат Нұрбек халық саны көп облыс саналатын Түркістан өңірінде мұндай орталық әлі көптеп ашылуы керек деп санайтынын жеткізді. «Бүгінгі таңда «Coursera» курстары аймақтық 25 университеттің 20 000 студентіне қолжетімді. Қазірдің өзінде қазақ және орыс тілдерінде 50-ден астам курс бар. Бағдарлама қазақ тіліне локализацияланған түрде 600 курсқа дейін ұлғаюда. Алдағы 3 жылда 100 000 отандық студент пен өзге де пай­даланушылар «Coursera» платформасына қол жеткізе алады. Аталған орталық  Қожа Ахмет Ясауи университетімен,  Қазақстандағы «Coursera» бі­лім беру платформасының экс­к­люзивті серіктесі «BMG UpSkill»-мен өзара ынты­мақ­тастық туралы келісім негізінде шымылдығын түргенін атап өту керек. Қазіргі уақытта орта­лықта 360 оқытушы оқыса, курс­­­тардың жалпы саны – 650-ді құ­­рай­­ды. Жаһандық бәсекеге қабі­леттілігімізді мұнан әрі арттыра түсу үшін біз бұл жобаның жан­дануына мұрындық болуымыз керек. Өйткені бабаларымыз айтқандай, ғылым мен білімді тұғыр еткен ұлт қана ұшпаққа шығады һәм биікке қанат сермейді», деді министр. Сондай-ақ «Turkistan EdTech Lab» орталығын таныстырған Рауан Кенжеханұлы орталықтың міндеті жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы сапалы білім беруді арттыру екенін айтты. Әрі университеттің оқы­тушы-профессорлар құрамы және студенттері үшін білім мен дағдылардың қолжетімді болуын қамтамасыз ететінін тілге тиек етті. Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен жеміс-жидектерді өңдеу өндірістік цехының іске қосылуы – симпозиумы аясында атқарылған игі істің тағы бірі. Университеттің ботаникалық бағында орналасқан цех мақсаты – инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы ботаникалық бақтың құнды гендік қорын сақтау, қалдықсыз өнім өндіру. Өндірістік цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, онда жеміс­терді жуу, кесу, кептіру, сұрып­тау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Өндірістік цехтың 1 тəулікте 5-7 тонна өнім қабылдап, қайта өңдеуге мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта цехта қайта өңделген, табиғи кептірілген өнімдерді, оның ішінде кептірілген алма, алмұрт, өрік және тағы басқа өнімдерді еліміздің басқа да қалаларына жеткізу жоспарланып отыр.

 

ТҮРКІСТАН