Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 200-ге жуық студенті Астанадағы білім ордаларында болатын өндірістік іс-тәжірибелерін бастады. Болашақ мұғалімдерге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ізгі лебізін білдірді.
Мектептерді жаңа формациядағы педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Астана қаласы білім басқармасының қолдауымен Абай университетінің 181 студенті бас қаламыздың 32 білім беру ұйымына өндірістік тәжірибеге келген. Сол студенттермен Еуразия ұлттық университетінде кездесу өтті. Оған министр Саясат Нұрбек және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректорлары, Астана қаласы білім басқармасының жауапты мамандары, оқу орындарының басшылары қатысты.
Мазмұнды шара барысында С.Нұрбек 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына, кадрлармен қамтамасыз етуге және педагогикалық білім беру мәселелеріне кеңірек тоқталды. Тәжірибеден өтуге келген талапты жастарға қолдау көрсетіп, бағыт сілтеді. Сондай-ақ жастардың өздеріне артылған жауапты істі лайықты алып шығатынына сенім білдірді.
– Бүгінде Астанада педагог кадрлардың тапшылығы байқалады. Жыл сайын елордада ондаған мектеп пайдалануға беріледі. Бұл мұғалімдерге деген қажеттіліктің артып келе жатқанын көрсетеді. Студенттердің бүгінгі қадамы осы мәселені шешуге көмектеседі деп сенемін. Жалпы жаңа деңгейдегі педагог кадрларды даярлауды үнемі назарда ұстаймыз, – деді министр.
Кездесуге қатысқан студент-практиканттардың да жүздері бал-бұл жанып, ризалық кейіпте болғанын байқадық. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Иманғали Мәмбетәлі бұл өздері үшін жаңа орта ғана емес, қолайлы мүмкіндік екенін айтты.
– Біз – Абай университетінің төртінші курсында оқимыз. Осындай мүмкіндік туғызған Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Астана қаласы білім басқармасына ризашылығымызды білдіреміз. Бір жағынан, бұл – үлкен жауапкершілік. Біз осындай тәжірибенің ұйымдастырылғанына қуанамыз. Оқу ордалары бізді жылы қабылдады. Мемлекетіміз студенттердің сапалы білім алуына барлық іс-шара қабылдап жатыр. Сол сенімді ақтауға күш саламыз, – деді ол риза көңілмен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қазан айында өткен Республикалық педагогтер съезінде елімізде 5 мың педагог жетіспейтінін айтқан болатын. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығымен жұмыс істемейді екен. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді.