Отан қорғау және әскери қызмет дегенде көп адам бұны ер адамдарға тән іс екен деп ойлайды. Алайда қару асынып, погон таққан, талабы қатаң әскери тәртіпке бағынған сайыпқырандар сапында табиғатынан нәзік жан деп есептелетін әйелдердің де көп екенін біреу білсе, біреу білмейді. Біз сол кейіпкерлеріміздің бірін Ұлттық ұланның Көкшетау қаласындағы әскери бөлімінен таптық.
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтегі гендерлік теңдік жайында айта келе: «Ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды», дегені белгілі. Әрине, әскери қызметте гендерлік теңдік туралы айту қиын шығар, алайда сол ортада өз жұмысына мұқият әрі тиянақты қарап, ерлерден қалмай еңбек етіп жүрген жандар көп. Солардың бірі – 5510 әскери бөлімдегі құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің аудармашы маманы, кіші сержант Аягүл Тұрғынова.
Оның әскери салаға қадам басқанына 24 жыл болыпты. Солтүстік Қазақстан университетінің «Қазақ филологиясы» мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман 2000 жылы ІІМ-ға қарасты бұрынғы Ішкі әскер жоғары әскери училищесінде лингвистика кафедрасының мемлекеттік тіл бойынша аға оқытушысы болып еңбек жолын бастаған. 2007 жылы қазіргі Ұлттық ұлан академиясының мемлекеттік тіл бөлімшесіне аудармашы-әдіскер болып ауысады. Он жылдан кейін Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінің штаб маманы ретінде жұмысын жалғастырады. Ал жоғарыда айтып өткен құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің маманы болып еңбек етіп келе жатқанына бір жылға жуықтапты.
«Мектепте әдеби әңгімелерді, хикаяларды қазақ тілінен орыс тіліне, орысшадан қазақшаға аударумен айналысатынмын. Содан «аудармашы қыз» атанып кеткенім бар. Осы дағды менің аудармашы болуыма әсер етті. Мен әскери институтқа келген жылдары аға буын бізге қолұшын созып, ақыл-кеңесін аямады. Атап айтқанда, институт бастығының оқу ісі жөніндегі орынбасары, полковник Ақжүніс Мұсырман жас мамандарға көп көмек көрсетті. Бізді демеп, қолдау білдіріп жүретін. Жоғары оқу орнында қызмет еткен жылдары өзге де әріптестеріміздің тәлім-тәрбиесін алдық. Сол уақыттарда біз курсанттар жайында мақалалар жазып, «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналына жолдап отыратынбыз», дейді Аягүл Құрмашқызы.
Айта кетейік, Аягүлдің шаңырағы – әскерилер отбасы. Жолдасы, аға лейтенант Бауыржан Нұрғалиев – те – осы әскери бөлімнің қызметкері. Ерлі-зайыпты жұп Отан ісіне жұмыла атсалысып келеді.
«Әскерде ерлермен қатар әйел адамдар да иық тіресе қызмет атқарады. Оқу-жаттығуларға қатысып, денешынықтыру жаттығуларын орындаймыз. Әскердегі әйелдердің иығына қызметтік міндеттемелер ғана емес, сондай-ақ отбасылық өмірдің жауапкершілігі де қатар артылады. Әскери тәртіпті қатаң ұстану, жарғылық талаптарды орындау жынысқа байланысты бөлінбейді. Сондықтан арулар батылдығы мен батырлығы үшін қандай құрметке болса да лайық», дейді кейіпкеріміз.
Расында, әскери қызмет дегенің – ел басына күн туғанда Отаныңды қорғауға дайындығың. Мұны көбіне біз ер адамдарға артылатын міндет деп ойлаймыз. Дегенмен тарихқа көз жүгіртсек, Отанын жаудан қорғауда алдына жан салмаған батыр әйелдер де аз болмаған. Тұмар ханшайымның дұшпанын тізе бүктіру үшін қолданған тактикалық әдіс-тәсілдері, Екінші дүниежүзілік соғыстағы мерген Әлия Молдағұлова, пулеметші Мәншүк Мәметова сынды ержүрек сарбаздармен қоса жаралы жауынгерлердің жарақатын таңып, дәрігерлік көмегін аямаған медбике қыздардың еңбегін қайда қоясыз? Сол секілді, бүгінгі әскери қызметте жүрген әйелдер де бір жағынан оның қатаң тәртібіне де қаймықпай шыдап, екінші жағынан отбасының да ұйытқысы болып жүр.
Аягүл Құрмашқызының әскердегі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға қосқан үлесі мол. Көзге көп көріне бермейтін бұл жұмыста олар қағазға ғана шұқшиып отырмайды, ішкі құжат айналымындағы мәтіндердің қазақ тілінде сауатты әрі сапалы жазылуына жауап береді. Оның қызметі сонысымен де маңызды.
«Әскери сала терминологиясы кейінгі жылдары жетіліп келеді. Өйткені Астанадағы мемлекеттік терминком комиссиясының жұмысы жанданып тұр. Сонымен қатар әскери саладағы ғалымдардың да үлесі көбейді. Мысалы, қытай тілі, түркі тілдері және парсы-араб тілдерінен немесе орыс тілінен енген сөздердің барлығы зерттеліп, зерделеніп барып қолданысқа енеді. Біз де осы іске шама-шарқымызша пайдамызды тигізуге тырысып жүрміз. Әскери қызметшілердің сауатты жаза білуіне, ойын қағаз бетіне түсіру қабілетіне, құжаттарды дұрыс ресімдеуіне көңіл бөліп, тексеріп отырамыз. Көп құжаттарын түзетіп, үйретіп жататын кездеріміз де аз емес», дейді ол.
Оның негізгі қызметі штаб кеңсесінде өтеді дегенімізбен, әскери қызметші ретінде саптық, тактикалық сабақтарды да қатар алып жүруге тырысады. Себебі саптық, денешынықтыру, инженерлік, мемлекеттік-құқықтық дайындықтардан, басқа да сабақтардан үздік баға алуға барын салады. Бұған генерал болуды армандайтын әрбір сарбаз ынталы. Біздің кейіпкеріміздің педагогтер отбасынан шыққанын ескерсек, үздік атануға күш-жігерін жұмсайды.
«Менің әкем жағрапия пәнінің мұғалімі, жолдасымның да ата-анасы орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Өзім де тіл маманы болғандықтан, әдеби шығармаларды оқығанды жаным сүйеді. Мектептегі балаларымды да осыған баулып, Бердібек Соқпақбаев, Әзілхан Нұршайықов, Дулат Исабеков секілді жазушылардың әңгімелері мен романдарын оқытамын. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын 15, 20, 30 жаста қайта-қайта оқығанның зияны жоқ. Өйткені әр жасқа сай көзқарастағы оқырманға әртүрлі әсер етеді», дейді Отан ісі мен отбасы тірлігін қатар алып жүрген көпбалалы ана.
Иә, әскери қызметтегі ерлі-зайыпты бес бала тәрбиелеп отыр. Олардың үлкен ұлы – полиция қызметкері. Әдетте, әскери қызметшілердің көбі балаларының да погон таққан әскери адам болғанын қалайды. Олардың мұндағы ойы – ұрпағының елді қорғайтын, патриот болғанын көру.
«Кейінгі кезде жастар жағы әскерден жалтарып жүргенін байқаймыз. Бұл – елдің болашағы үшін қауіпті үрдіс. Өйткені кез келген ер-азамат елімізді қорғауға атсалысып, мемлекеттің өркендеуі мен халық тыныштығын ойлайтын болса, Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартпауға тиіс. Бұл қатарға қазақ қыздарын да шақырар едім. Мысалы, біздің әскери бөлімнің өзінде қыздар лауазымды қызметтерге тағайындалып жатыр», дейді Аягүл Тұрғынова. Оның айтуынша, әскерде әйелдерді шеттету немесе төмендету атымен жоқ. Керісінше, қазақ офицерлері оларға құрметпен қарап, әр кез ілтипат білдіруден жалыққан емес. Бастысы, тәртіп пен тәрбие бірдей сақталады. Сөз соңында әскери қызметшіден жаймашуақ көктемгі мерекеге орай лебіз білдіруін сұрадық.
«Қарулы күштер қатарында қызмет ететін әскери ханымдарды халықаралық мерекемен құттықтаймын. Бұл жұмыста мықты денсаулық, темірдей төзім керек. Ең бастысы ниет болса, біз алмайтын қамал жоқ», деп ізгі тілегін жолдады.