Өткен жылы Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек», деген болатын.
Президент өз Жолдауында да балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жазаны қатаңдату керектігін атап өтті. Осыған орай қазіргі таңда Үкімет пен Парламенттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – бала құқын қорғау.
Кеше Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде өткен «Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін және құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудің өзекті мәселелері: проблемалар және оларды шешу жолдары» атты дөңгелек үстелде қоғамды алаңдатып отырған зорлық-зомбылық мәселесі тағы бір мәрте кеңінен талқыланды.
«Балаларды зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғау, оларға қарсы қылмыстардың алдын алу, құқын қорғау үшін жағдай жасау – Үкімет пен Парламенттің маңызды міндеттерінің бірі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету көбінесе білім деңгейін, мәдениетін, адамгершілік қасиетін, отбасы институтының рөлін арттыру, қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдай жасау сияқты көптеген мәселелерді кешенді шешуге байланысты. Мұның бәрі криминогендік деңгейдің төмендеуіне және тиісінше балаларға қатысты қылмыстардың санына ықпал ететін болады», деп атап өтті отырысты ашқан комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров.
Оның айтуынша, елімізде бала құқын қорғау туралы ұлттық заңнама қабылданып, осы салада институттар құрылып, өз қызметтерін атқарып келеді. «Еліміз Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясына т.б. негізгі халықаралық құжаттарға қосылған. Сондай-ақ балалардың құқын қорғау саласында сот жүйесінің әділ шешімдер қабылдауы маңызды. Өйткені баланың кез келген бұзылған құқы сот тәртібімен қорғалады. Балаларға қатысты дауларды шешу нәтижелері баланың жеке басының қалыптасуына, оның физиологиялық, рухани және адами дамуына әсер ететініне аса мән беру қажет», деді ол.
Сенатор елімізде бала құқын қамтамасыз ету мақсатында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық, яғни ювеналды соттар құрылғанын атап өтті. Олар өз қызметінде балалардың құқына қатысты қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істерді қарайды.
«Сонымен қатар балалардың құқын қорғау жөніндегі ұлттық жүйені жетілдіру мақсатында құрылған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметі балалардың құқын мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, олардың бұзылған құқылары мен бостандықтарын мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен өзара іс-қимыл арқылы қалпына келтіруге бағытталған», деді Н.Бекназаров.
Отырыста сөз алған ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбек кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Ол қазіргі уақытта әйелдер құқы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң Парламенттің қарауында жатқанын айта келіп, онда осы адамдарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі шаралар кешені және өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік көмек көрсету туралы ережелер бар екенін хабарлады.
Оның айтуынша, өткен жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 2 мыңнан астам қылмыс жасалған. «Қазіргі уақытта балалар Instagram, TikTok желілерін белсенді қолданады. Онда балалардың дамуына зиян келтіретін тыйым салынған мазмұндағы контент еркін таратылады. Алдын алу жұмыстары аясында полиция органдары өткен жылы 20 мыңнан аса заңсыз интернет-ресурсы анықтады. Оның ішінде порнографиялық материалдарды тарататын 3 мыңнан астам сайт бар. Оларды бұғаттау үшін «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне (уәкілетті орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі) енгізілді», деді ІІМ өкілі.
Балалардың құқын қорғау мақсатында Ішкі істер министрлігі өткен жылы 14 мыңнан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырғанын атап өткен Қайсар Сұлтанбек бірқатар нақты мысалға тоқталды. Солардың қатарында «Назар аударыңыз – балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы балаларға қарсы жасалатын түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
«Іс-шара барысында жалпы білім беру мекемелеріне іргелес 7 мыңнан астам аумақ жаяу жүргіншілер өткелдерін жол белгілерімен, жаяу жүргіншілер қоршауларымен және жол жүрісін реттеудің басқа да техникалық құралдарымен жайластыру тұрғысынан зерттелді. Нәтижесінде, 5,5 мың кемшілік анықталып, 12,5 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деді ол. Полиция органдарының негізгі міндеттерінің бірі – білім ұйымдарының терроризмге қарсы қорғалуын қадағалау. Өткен жылы 5 620 мекеме осы мақсатта арнайы тексерістен өткен.
«Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасау себептері мен жағдайларын жою үшін полицияның ғана емес, мемлекеттік органдардың бірлескен қызметі маңызды екенін атап өткім келеді. Өткен жылы балалардың өз бетінше түнгі уақытта жүргені үшін 96 мыңнан аса ата-ана, олардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болғаны үшін 2 мың бизнес иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте кәмелетке толмағандарды ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне беру мүмкін болмаған жағдайда, полиция органдары оларды Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырады. Былтыр аталған мекемелерге 6 мың жасөспірім жеткізілді», деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.
Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың құқын қорғау мақсатында ІІМ жақындары тарапынан балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері бойынша іс-қимыл алгоритмін әзірлеген. Оны егжей-тегжейлі түсіндіру үшін министрлік басшылығы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп еліміздің барлық учаскелік және ювеналды инспекторлары үшін нұсқаулық кеңес өткізді.
«Бүгінде полиция қызметкерлері осындай әрбір факт туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарына дереу хабарлайды. Жедел әрекет ету үшін барлық өңірде ведомствоаралық мобильді топтар және уатсап чаттары құрылды. Оларға бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер, прокуратура, білім беру, әлеуметтік қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық қызметкерлері, учаскелік және ювеналды полиция инспекторлары кіреді. Жалпы алғанда өмірлік қиын жағдайға тап болған 2 мыңнан астам отбасы анықталып, олар туралы ақпарат мүдделі мемлекеттік органдарға (білім беру, әлеуметтік қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық) жолданды», деді ол.
Бала құқын қорғау бағытында қолға алынған тағы бір құжат – мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен зорлық-зомбылыққа, буллингке, кибербуллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі әдістеме. 2023 жылы балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін атқармайтын 6 мыңнан аса ата-ана анықталып, профилактикалық есепке қойылған. Сонымен бірге кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқын қорғау жөніндегі комиссияларда 1 800 материал қаралды.
«Кешенді тәсілдің қажеттілігін және барлық мүдделі мемлекеттік органдардың кәмелетке толмағандар арасындағы жағдайды жақсартуға қатысуын ескере отырып, бірқатар министрлікке ұсыныстар жолданды. Оқу-ағарту министрлігіне білім беру ұйымдарын қауіпсіздіктің жаңа талаптарына сәйкес тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыру, сауалнамалар, психологиялық тексерулер (тестілеу) жүргізу арқылы зорлық-зомбылық құрбандарын анықтау үшін мектеп психологтерінің жұмысын жетілдіру, Үкіметтің бұрын берген тапсырмаларын орындау аясында барлық жалпы білім беретін оқу орындарында құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі менеджерлік лауазым енгізу сынды ұсыныстар жолданды», деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбек.
Сонымен қатар ол Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Туризм және спорт министрлігіне жолданған ұсыныстарды да атап айтты.
Отырыста Астана, Шымкент қалалары, Батыс Қазақстан облысы мәслихаттарының, сондай-ақ Бас прокуратураның, Әділет, Оқу-ағарту, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жақсарту жөнінде баяндама жасап, ұсыныстарын айтты.