Күн мен түн теңеліп, Жер ана жаңаратын мерекеге орай Қарағандыдағы «VOGUE» мейрамханасында жылдағы дәстүр бойынша «Дала думан» мерекесі өтті.
Ұлттық құндылық ұлықталған думанды кешті өткізуге «Қазақ аналары. Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі және «Ханталапай» орталығының қызметкерлері ұйытқы болды. Ақ дастарқан басына жайғасқан мейманның қолына су құю сынды ғұрыптан бастау алды көрікті кеш. Оң қанатқа ұйымдастырылған көрме домбыра, қобыз, шаңқобыз, сыбызғы секілді қасиетті аспаптар мен кәдесыймен безендірілген.
Алаштың есті әндері шырқалды, дәулескер күйшілер домбыраның қос шегінен шертпе, төкпе күй бебеулетті. Бес мың жылдан бері қарайғы тағылымды салт-дәстүр мен бірқатар кәделі көрініс сахналанды.
Рухани кештің тізгінін ұстаған Арқаның айтулы асабасы Айтуған Ырысалдин аталы сөзбен, ажарлы нақышпен іс-шараның шырайын кіргізді. Елорданың іргесіндегі Қосшы шаһарынан келген этноансамбль өнерімен халықты тәнті етіп, беу дегізді.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, «Amanat» партиясы жергілікті филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков бастаған ел азаматтары қалың жұртшылықты Ұлыс күнімен құттықтады. Төл мәдениетімізді өркендетіп жүрген кештің ұйымдастыру алқасына, мейрамхана қожайыны Данияр Қалымбет пен мәдениет жанашыры Эльмира Сайлауқызына алғаусыз алғыстарын білдірді.
Мейрамхана төрінде кезектесе өнер көрсеткен мың бұралған бишілер, даусы алты қырдан әрі асатын әншілер кештің шырайын кіргізді. «Дала думан» этнофольклорлық сазды кеші тек бірыңғай музыкалық қойылым ғана емес, көптен қауышпаған жандар емен-жарқын жүздесіп, рухани байып қайтатын дәстүрлі мерекеге айналғандай.
Бұл кеш төл тарихымызды, ұлттық болмысымызды айшықтай түсті.
Қарағанды облысы