Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Бір қарағанда оларды оңалту жұмыстары да ойдағыдай іске асып жатқандай көрінетіні анық. Ал өңірдегі жағдай қалай? Неден ұтып, неден ұтылып жатырмыз?
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанар Нұрбек келтірген дерекке сенсек, облыс бойынша мүгедектігі бар азаматтардың үлес салмағы 3,7 пайызды құрап отыр. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, 1 980 ересек азаматтың және 841 баланың мүгедектігі бар екені анықталыпты.
«Медициналық оңалту шараларының тиімділігін көрсететін 10 мың халық санына шаққандағы алғашқы мүгедектіктің қарқынды көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда 22 жағдайдан 23,1 жағдайға өскен. Кейінгі үш жылда еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар адамдардың үлестік салмағы төмендеп, зейнет жасындағылардың саны өскенімен, еңбекке қабілетті жастағы мүгедектердің үлес салмағы жоғары болып тұр. Ересектер арасында алғашқы мүгедектіктің 77,3 пайызы (1 531 адам) – еңбекке қабілетті жастағылар, ал 22,7 пайызы (449 адам) зейнет жасындағы азаматтар екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар салыстырмалы түрде алсақ, топтық құрылым бойынша мүгедектіктің жасаруы, топ ауырлығының өсуі байқалып отыр. Мүгедектік топ құрамы бойынша алғашқы мүгедектіктің 20 пайызы – I топ, 48,4 пайызы – II топ және 31,6 пайызы III топтағы мүгедектер болып отыр», дейді Ж.Нұрбек.
Оның келтірген дерегіне жүгінсек, кейінгі уақытта балалар арасындағы мүгедектік көбейіпті. Мәселен, 2022 жылы мүгедектігі бар балалардың саны 753-ті құраса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 841 балаға жеткен. Балдырғандар арасындағы мүгедектіктің көбеюі кімді де болса ойландыра түссе керек.
«Балалар арасында алғашқы мүгедектікке шығудың нозологиялық құрылымы бойынша ілгерідегі нәтижемен салыстырсақ, психикалық бұзылулар мен мінез құлықтың бұзылуы аурулары 20,1 пайыздан 27,7 пайызға дейін өскен. Есесіне туа біткен даму ақаулары, деформация және хромосомдық ауытқулар салдарынан мүгедек болып танылған балалардың үлес салмағы 30,8 пайыздан 24,4 пайызға кеміген. Сондай-ақ нерв жүйесі ауруларының салдарынан алғашқы мүгедектікке шыққандардың үлес салмағы 20,7 пайыздан 19,5 пайызға төмендеген», дейді Ж.Нұрбек.
Жауапты маманның айтуынша, өңірдегі оңалту жұмыстары арқылы бірқатар көрсеткіш жақсарған. Мәселен, жүргізілген емдік-оңалту шараларының оң нәтижесі негізінде 414 ересек, 147 бала толық оңалтылған және 465 ересек, 11 баланың мүгедектік тобы төмендетілген, яғни жағдайы жартылай дұрысталған. Әйткенмен денсаулық жағдайының өзгеруіне, оңалту шараларының тиімсіздігіне байланысты 420 ересекке және 7-18 аралығындағы 35 мүгедектігі бар балаға жоғарғы топ тағайындалыпты.
Денсаулығында ақау бар азаматтарды оңалту бойынша өңірде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқаны анық. Мәселен, өткен жылдың соңында аутизм дертіне шалдыққан балаларды сауықтыру мақсатында арнайы заманауи құрылғылармен жабдықталған орталық ашылды. Сондай-ақ облыстағы 45 мыңнан аса мүгедектігі бар адамды қолдау мақсатында қазынадан 3,5 млрд теңге қарастырылған. Айта берсек, қолға алынған ауқымды жұмыс аз емес.
Жалпы алғанда, нақты атқарылып жатқан жұмыстар арқылы көңіл көншітерліктей нәтижелерге қол жеткізіліп жатқанына ешкімнің күмәні жоқ. Дегенмен кейінгі уақытта мүгедектігі бар балалардың саны көбейгені көңілге қаяу түсіреді.
Жамбыл облысы