• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Наурыз, 2024

Аңызға айналған әнші

212 рет
көрсетілді

Оның әншілік тұлғасы – күллі музыка кеңістігіндегі теңдесі жоқ даралық. Тілі басқа, дәстүрі бөлек алты құрлықтың адамдары оған, әншілік өнеріне табына әрі таңдана қарады. Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, әншілік даңқы таулардан асып, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемді ара­лап кетті, атағы шартарапқа жайылды.

Биыл вокал өнеріндегі ерекше құбылыс, айрықша тағдыр кешкен әнші Ерік Құрманғалиевтың туғанына 65 жыл толып отыр. Ол Атырау облысының Жылы­ой ауданын­да, Құлсары қала­сында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. «Талант сүйекке бі­теді» дейді халық даналығы. Ерік­тің ата-бабалары сөзге ше­шен, би адамдар болған екен. Ал нағашы жұрты әйгілі Жұбановтар әулеті болып келеді.

Анасы музыкаға ғашық, жаны нәзік адам болыпты. Анасы­ның осы қасиеті Еріктің бойына қон­ды. Ол бала кезінде көкте қалық­тай ұшқан құстардың даусына құмартты. Жас балаға Энрико Карузо, Ольга Воронец, Людмила Зыки­наның репертуарындағы әндер ерекше әсер етеді. Сол кездің өзінде мектептегі әнші бала жіңішке альт даусымен атақты әншілердің әнін орындаған. 12 жасқа толғанда классикалық музыкаға аңсары ауады. Әкесі Сәлім ұлының әнші болғанын, әнге құмартқанын ұнатпайды. Бұл жайында даңқты әншінің өзі де сұхбатында айтады. Әкесінің мезгілсіз қазасы жас баланың жанын жаралайды. Ол жанына жұбанышты анасының жылы сөздері мен классикалық музыкадан табады.

Ерік мектеп бітірген соң, Алма­ты­ға, Құрманғазы атындағы консер­ваторияның дайындық бөліміне оқуға түседі. Биік жіңішке дауысты ер әншінің классикалық туындыларды орындау шеберлігі, вокалдық өнері консерваториядағы ұстаздар қауымы мен музыка мамандарын таңғалдырады. Ерік сол кезде табиғат сыйлаған сирек да­уысқа ие екендігін түсінеді. Опе­ра – қазақ табиғатында жоқ өнер. Оның үстіне биік жіңішке дауысты ер ән­шінің аяқ астынан пайда болуы «жер ас­тынан жік шықты, екі құлағы тік шық­тының» керіндей болады. Бұл көз­қарас жас жігітті мұңайтады, қамық­тырады. Белгілі қаламгер Сауытбек Абдрахманов «Елдік сыны» кітабында «Консерватория ректоры Ғазиза Жұ­банова жас жігіттің тым бөлек даусын тыңдап жүріп, бір күні өзіне шақырып алады да: «шырағым, сенің даусыңмен жұмыс істейтін педагог бізде жоқ. Мұнда дауысың өзгеріп кетеді. Сен Мәскеу консерваториясына барып түс, сол жақта сенің даусыңды баптайтын бір кісі бар» деп кеңес береді», деп жазады.

Бұл сөзді Еріктің апасы Раиса Құр­манғалиева да қуаттайды. Сөйтіп, тумысынан ерік-жігері мықты Ерік Мәскеуге жол тартады. Мәскеуге жол тарту да оңай болмады. Ерік бірден Гнесиндер институтына қабылданған жоқ. Оған Мәскеу консерваториясы қол жетпейтін арман еді. Ол кезде Мәскеуге оқуға негізінен үкіметтің жолдамасымен баратын. Ерікке бұйырғаны – Подольскдегі хореография училищесі. Талай адам көз тіккен жалғыз жолдаманы Еріктің қолына ұстатқан Орталық Ко­митетте жұмыс істейтін, өнер мен мәдениеттің жанашыры Камал Смайылов еді. Ерік жездесі Әлімхан Ескендірұлының Камал Смайыловпен жақсы таныстығының, жолдастық қа­рым-қатынасының арқасында осы жолдамаға қол жеткізген екен. Көңілі қапа­лы Ерік бұл жолдамаға қатты қуана­ды. Егер бұл жолдама болмаса, сирек дауысты әншінің өнерде бағы жан­бай қалар ма еді, кім білсін?

Подольск хореография училищесінде бір жарым жыл оқиды. Бір күні Еріктің салған әнін естіген бір ұстазы қайран қалады. Ол ұстазы – әлемдік музыка саласында үлкен беделі бар әйгілі музыка маманы, еврей ұлтынан шыққан профессор әйел Н.Л.Дорлиактың шәкірті екен. Сол ұстазы: «мұнда ғажап дауысты қазақ баласы оқып жүр», деп Дорлиакқа айтады. Содан құбылыс таланттарды көргенде жүрегі елжірейтін атақты Дорлиак Гнесиндер институтына Ерік Құр­манғалиевты қабылдау жөнінде өтініш-хат жазған.

Институттың қабылдау емтиханында ол «Орлеан бикеші» ариясын орындайды. Қазақ баласының көкке шан­шылған альт дауысы (контртенордан да биік) тыңдаушыларды қиын да қы­зық халге түсіреді. Таңғалу! Тағы да таңғалу! Әр сынақтан қабылдау емтиханын тапсыру үш-төрт сағатқа созылса да, өнерпаз жастың жүзінде шаршау мен қобалжудың еш белгісі сезілмейді. Оған бейнебір аңыздарда айтылатындай сиқырлы қауырсын-қанат біткендей. Жігерлі. Шырқаған сайын қараторы көрікті келбеті нұрлана түсіп, жанған оттай ұшқын атқан үлкен қара көздері жан-жағына жалын шаша қарайды. Ол институтқа қабылданады. Сахнадағы дебюті Д.Шостакович атындағы филармонияның Үлкен залында Дж. Перголезидің «Stabat Mater» кантатасын (партия альт) орындауымен басталады. Бірақ 1-курстың соңында «Ғылыми коммунизм» пәнінен сынақ тапсыра алмай, оқудан шығарылады да, әскер қатарына шақырылады. Онда полк оркестрінде бас барабаншы болады. Әскер уақыты аяқталған соң, Гне­синдер институтындағы оқуын қайта жалғастырады.          

Еріктің жеке тұлға болып қалыпта­суына ұстазы, профессор Н.Л.Дорлиак көп еңбек сіңірді. Ол Еріктің өнердегі ұстазы ғана емес, оған өнерде қамқорлық танытқан аяулы жан. Ерік осы ұстазы жетектеп апар­ған ал­ғашқы конкурста, 1987 жылы Хер­тогенбошеде (Нидерланд) өткен жас орындаушылардың халық­аралық конкурсында топ жарып, лауреат атанады. 1988 жылы Бостонда өткен халықаралық музыка фестивалінде «Феномен» деп танылып, атағы әлемге жайылады. Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде «Гиннесс рекордтар кітабына» енеді, оны атын аңызға айналған италиялық әнші әйел Федора Барбьиеримен қатар қойып дәріптейді. Ф.Барбьиери 1940 жылы алғаш рет Италияның опера сахнасына шығып, ғажайып (меццо-сопрано-контральто) даусымен миллиондаған халықтың жүрегін жаулап алып, бірден өнердегі табыстың шырқау биігіне көтеріледі. Ерік те табыстың шыңына тез көтерілген. Әнші туралы шетелдік басылымдар кезінде былай деп те жаз­ған екен: «Кеңес одағында атақты әрі бай адамдардың рейтингі жоқ. Егер бар болған болса, сөз жоқ Ерік Құрманғалиев ондыққа кірер еді».

КСРО-дағы №1 контртенор Ерік Құр­манғалиев сахнаға шыққаннан кейін кеңестік вокалдық педагогика ой­лана бастайды. Жынысы ер әнші қалайша әйелдің (альт немесе меццо-сопрано) жіңішке даусымен шырқай алады? Демек шырқауға болады екен. Онда бұл вокалдың педагогикалық, методикалық әдіс-тәсілдерін зерттеп, оқу үдерісіне енгізіп, контртенорларды тәрбиелеу керек деп шешеді. Әлемнің №1 контртеноры Ерік Құрманғалиев дүниенің қай қиырында да құрмет-қошеметке бөленіп жүрді. Жер бетінде неше түрлі адам болса, сонша түрлі талғам, мінез бар. Біреулер «Ерік Құрманғалиев табиғаттың қателігі» деп өкініш білдірсе, біреулері «Ерік Құрманғалиев – таңғажайып құбылыс!» деп табынған, таңғалған сезімдерін жасыра алмады. Алайда қазанынан асып төгілген табынулар мен таңғалулар, мақтау мен марапаттар, даттау мен дарақылықтар, моральдық және психо­логия­лық қысымдар да жаны нәзік, сезім­тал әншінің жанын күйзелтті, шар­шатты.

2007 жылы 16 қазанда Мәскеу қаласының ауруханасына бауыры ауы­рып түскен әнші 13 қарашада 47 жасында жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кісі табанынан, қарағай тамырынан кетеді. Туған жерге тамырын жая алмаған есіл талант өзі еріксіз тап болған қоғамнан да өзекке тебер соққы жеп, шуылдақ тобырдың қақпақылына жем болып кете барды...

Еріктің өнерін өмірде өте жоғары құрметтеген атақты кутюрье Пьер Карден ол өлгенде де аза­маттық танытты. Париж­ден Мәскеуге ұшып келіп, Ерікті жерлеу туралы мәселемен мэр Лужковқа шығады. Ресейдің атақты адамдары жатқан зиратта орын жоқ. Жерлер алдын ала сатылып қойылған екен. Содан Пьер Карден мәскеулік эмигранттарға іздеу салып, Нечаева деген атақты актрисаның Швей­царияда тұратын миллиардер ұлын табады. Ол Карденге «маған Па­риж­ден молама орын берсең, айырбас жасаймын» деп келісімшарт жасасып, келісіпті. Бұл жерде адамның мүрдесін өртеп, күлін қояды екен. Ерік те солай қойылды.

Жұмбағы мол тұлға, дәстүрлі-ұлттық өнердің мұхитынан бір тамшы су іше алмаған тамырсыз қарағай – Ерік Құрманғалиев мүрдесінің бір уыс күлі Мәскеудегі Ваганьков зиратына жерленді. «Московский комсомолец» газетінде Ресейдегі жоқтаушысыз қалған белгілі өнер тұлғаларының зираттары туралы мақала жарияланған еді. Қараусыз қалған сондай зираттың бірі – Ерік Құрманғалиевтың зираты деген пікір айтады. Бұл біздің жүре­гімізді ауыртады. Атақты әншіге деген құр­метімізді әлі де білдіре алмай келе­міз-ау деген ой да көптің көкейінде жүрген ойымен үндесетін шығар дейміз.

Ол – жұмбағын ішіне жасырған адам. Кезінде Мәскеу баспасөзіне берген сұхбатында: «Маған моральдық қолдаудан басқа ештеңе керек емес» деген екен. Еріктің табиғаты, болмысы ерекше. Турашылдық пен намысқойлық, нәзіктік пен ақылдылық, ақсүйектік пен сәнқойлық, табандылық пен еңбек­қорлық, ұшқалақтық пен қызуқан­дылық, интеллектуалдық пен ізеттілік, қара­пайымдылық пен тәкаппарлық сияқты сан түрлі мінез оның бойында көрініс тапты. Ол үнемі өзгермес бір қалыпта тұра алмас еді. Өйткені ол – табиғи талант! Кейде көктем, кейде қыс, кейде көл, кейде шөл. Өр өзеннің ағысы ешқашан да тоқтамайды емес пе? Талант табиғаты сарқырап аққан сол өр өзендей. Олай болатыны, шын талант, мінезді талант қолдан жасалған жасанды арна емес. Ол сыймайды, ол кейде өзіне-өзі сыймай кетеді. Кейде ол өзгені емес, өзін-өзі түсінбей қалуы мүмкін. Сон­дықтан да ол кейде көзге шыққан сүйелдей сүйкімсіз.

Еріктен соң әлемдік сахнаға Димаш көтерілді. Димаш шетелдік ән сайысына қатыспай шет қалса, елдегі көп жұлдыздың бірі болар ма еді? Себебі біздің халық фонограммаға қатты алданып қалғандай. Дауыс пен ән. Осы екі құдіретті тану үшін құлағымызды ашуға құдай бізге Димашты жібергендей.

Леонардо да Винчи жарық дүниемен қоштасар сәтінде «Шаршадым. Шар­шағаннан өлген артық» деген екен. Өмі­рін кәрі Каспийдің асау толқындарындай арпалыс пен жанталас араласқан күрес майданында өткерген құбылыс әнші, әлемдік музыка тарихының жоғары сатысына көтерілген Ерік Құрманғалиев ақырғы сәтінде не деді? Кімді ойлады? Әлде қиялындағы үнемі сағынып жүретін дала суреттерін көрді ме екен? «Мен де бір қазақтың баласы, мұсыл­манның үмбеті едім ғой» деп күңірене күрсінді ме екен? Кім білсін?

 

Маржан ЕРШУ,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты