• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Дәстүр 18 Наурыз, 2024

Дала дәстүрі дәріптелген күн

214 рет
көрсетілді

Қатпар тарихқа өрнек салған мәдени мұралар – ұлттық дәстүріміздің өзегі. Халықтық қасиет-қалыбымыздың бастау-бұлағында тұрған рухани құндылықтар – Тұран даласының әр тарапын мекендеген бауырлас халықтардың бірлігін бекемдеп, оларды ынтымаққа ұйыстыратын қуатты күш. Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде салтанат құрған «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» II халықаралық ғылыми форумда түбі бір түркі халықтарының мәдениеті мен өнері зерделеніп, Наурыз мейрамын насихаттаудың маңызды бағыттары сараланды.

Форум жұмысына бауырлас Түркия, Қыр­ғызстан, көршілес Ресей елінен ар­на­йы келген ғалымдар мен музей ісінің жетекші мамандары туысқан ха­лық­тарды бір арнада тоғыстыратын игі дәс­түр­лердің алтын арқауы үзілмес үшін мұндай басқосуларды жиі өткізу қажет деп есептейді. Іс-шараны ашып берген Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің Музей қызметі және материалдық емес мәдени мұра басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасы мен мәдени мүмкіндіктерін тиімді пай­да­ланудың маңызына тоқтала келіп, ха­лық­тың рухани әлеуетін қуаттандыру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдени қауымдастықтың алдына қойып отырған негізгі міндеттерінің бірі екенін атады.

«Форум – түркітілдес халықтардың этногенез тарихын, мәдениеті мен өнерін, дәстүрін зерттеудің өзекті мәселелері талқыланатын ірі ғылыми-мәдени іс-шара. Бұл түркі халықтарының этностық тарихы мен мәдени мұрасы туралы білімді кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Со­нымен қатар бүгінге дейін өзек­тілігін жоғалтпаған ежелгі көктем мере­кесінің терең мағынасы насихатталып келеді. Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдері музейінің ғалымдары мен ма­ман­дары бүкіл­халықтық мерекені та­нымал ету, сон­дай-ақ оның тарихы мен ерек­шеліктерін ғылыми зерттеуде бірлескен идеялар мен тәжіри­бе­лерді әзірлеу, оны жүзе­ге асыруға көмектеседі деп сенемін», дейді Г.Пазылова.

Әсіресе өнер мен мәдениетті қол­дауда дәстүрлі құндылықтарды зама­на­уи мүмкіндіктердің көмегімен наси­хаттаудың артықшылығы мол. Мем­ле­кет­тік Орталық музей дирек­торы Рашида Харипова адамзат өрке­ние­тінде өзгеше мәнге ие түркі халық­та­рының көрнекті дәстүрлері мәдени мұраларымыздың қаймағы екенін атап өтті. Бұл тұрғыда түгел түркі баласы Ұлыс­тың ұлы күніне балайтын Наурыз мей­рамының тамыры тереңде жатыр. Табиғатпен бірге адам жаны да жаңа­ра­тын, береке мен бауырмалдыққа бастайтын Наурыз – шаттық пен ғиб­ратқа толы мейрам.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы­ның түркітілдес қауымдас­тық­тарымен байланыс бөлімінің меңгерушісі, ТҮРКСОЙ музейлер қауымдастығының бас үйлестірушісі Джавид Мовсюмлю жа­ңа­ру мен жаңғырудан бастау алатын мерекенің әлемдік мәдениетке тигізген оң әсері хақындағы ойымен бөліссе, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мюдеррисоглу түркі халықтарының ортақ тарихына, мәдени және тілдік бірегейлікке, сондай-ақ ғы­лыми және мәдени өзара іс-қимылды дамыту бағытындағы ынтымақтастық келешегіне қатысты өз ойын ортаға салды.

Форумның пленарлық отырысында Наурыз мейрамының тарихы мен тамырын арқау еткен бірнеше баяндама көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, Анкара университетінің тіл, тарих және география факультетінің профессоры Абдуллах Гондугду «Түркі халықтары мен Түркиядағы Наурыз мерекесі», И.Арабаев атындағы Қырғыз университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сынара Алымкулова «Обычай укладывания в колыбель у кыргызов», Ресей этнографиялық музейінің Кавказ, Орталық Азия және Қазақстан этнографиясы бөлімінің меңгерушісі Лариса Попова «Первая весенняя перекочевка как обряд новогоднего цикла кочевников Центральной Азии», Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің этнография бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Рүстемек Шойбеков «Наурыз және дәстүрлі мерекелердің тәрбиелік мәні», Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты этнолингвистика бөлімінің меңгерушісі Эльмира Өтебаева «Қазақ тілінің ұлттық кор­пусындағы мәдени-семантикалық бел­гіленім: маңызы мен параметрлері» тақырыбында баяндама жасады.

«Түркі халықтарының ішінде Нау­рыз дәстүрін ең жақсы ұстанған – қа­зақтар. Қазақтардың Наурыз мерекесін тойлаудың өзіндік дәстүрлері бар. Бұл дәстүрлердің ішінде ең бірінші орында наурызкөже жасау тұр. Бір-бірімен көрісіп амандасу, ұйқыашар, тызеткізер секілді ғұрыптарды ерекше атаған жөн. Тарихта Мысырдан Таяу Шығысқа, Түркі әлеміне және Үндістанға дейінгі кең жағрафияда Наурыз тойланды. Бұл мерекелердің исламға дейін болғанын Ауғанстанның Балх қаласында Навхабар деп аталатын монастырь мен ескі жердің болғанынан түсінуге болады. Осы себепті Наурыз белгілі бір халықтың немесе аумақтың мерекесі емес. Мәселен, Ирандағы Сасанидтер дәуірінде патшалар Наурыз мерекесіне орай үлкен іс-шара ұйымдастырған. Наурыз – жаңа жыл немесе өмірдің жаңа кезеңі дегенді білдіреді», дейді түрік профессоры Абдуллах Гондугду.

Форум аясында «Тәрбие басы – талбесік» деп аталған этнографиялық көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге 11 бесік және 70-тен астам қо­сымша экспонат қойылды. Олардың қа­та­рында ежелгі Сарайшық және Талғар қалаларына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған түбек, шүмектер де бар. Оның ішіндегі ең көнесі – құба талдан иіліп, шеге қолданбай жасалған тал бесік. Бұл бірегей жәдігерді музей қорына саяхатшы, фотосуретші Таймас Нұртаев тап­сырған. Сондай-ақ ағаштан жасалып, оймыштау тәсілі арқылы безендірілген көне бесік көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Аталған бұйым 1904 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданына қарасты Ванновка аулын­да жа­сал­ған. Бұл бесікті ұлы жүздің жұды­рық руынан тарайтын Тілмембет Жолшыбек 1904 жылы дүниеге келген тұңғыш қызы Ажаркүлге арнап жасатыпты. Ажаркүлден кейін дүниеге келген сің­лі­лері, кейіннен өз қызы, немерелері мен шөберелері осы бесікте жатқан. Бір ғасыр қолданыста болған бұл бесікке төрт ұрпақтан 26 бала бөленген. Форум барысында Алғазы Ернат есімді музей жанашыры 1957 жылы жасалған тағы бір ерекше бесікті музей қорына сыйға тартты.

Мәдени құндылықтардың ішінде зергерлік бұйымдар мен көнеден бү­гінге жеткен жәдігерлердің маңызы ерек. Форум жұмысы аясында темірден түйін түйген танымал шеберлердің де көрмесі ашылды. Ғылым қай­рат­керлері мен мә­дениет жанашырлары, тарихшылар мен өнертанушылар қатысқан мазмұнды іс-шара музей қызметкерлерінің респуб­ли­калық ке­ңесіне ұласып, халқы­мыздың бай та­рихы сақталған музей қорындағы құн­ды жәдігерлер көпшілік назарына ұсы­нылды.

 

АЛМАТЫ