• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 17 Наурыз, 2024

Абай ілімін рухани брендке айналдыру керек

144 рет
көрсетілді

Ұлы Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек», дейді. Ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін балабақшадан, мектептегі баладан бастап, бәріміз арифметиканың көбейту кестесіндей білуіміз керек. «Баланы – жастан» демекші, «төрт-бес жастан кейін балаға үйрету кеш» болады. Сондықтан біз Абай ілімін төменнен бастап, ұлттық идеологияға сыналап енгізуіміз керек.

Абайдың «Толық адам» ілімі дегеніміз – дүниенің көрінген сыры мен көрінбеген сырын ашып, оған толық дендей алғанда, оларды қазіргі өмірмен байланыстырғанда ғана өз тиімділігін береді. Дүниенің көрінген сыры дегеніміз – материалды сала, бай-қуатты болу, қазіргі экономикалық өмір. Ал көрінбеген сыры – адамның рухани жан дүниесі, ішкі құндылықтары, болмысы, тазалығы, жүрек сыры, санасының тереңдігі, керек болса моралі. Осы жағына келгенде ақсап жатырмыз.

Себебі біз бір жағынан, ә дегенде Батыстың тек баю, яғни мате­риалистік ықпалында кеттік. Екінші жағынан, бірін­­ші экономика, бай-қуатты болу, екінші саясат деген ұран­мен кедей мен байлар арасы еселеп кетті. Абайдың «Пайда ойла­ма, ар ойла» деген өсиетін ұстансақ, бұлай болмас еді.

Шетелге заңсыз кеткен ақшаны қайтаруға болар. Экономист ретінде айтсам, ол да оңай іс емес. Ал халықты ізгілендіру, сананы ояту, адамды дұрыс жолға салу, Абай айтпақшы, қызармайтын, ұялмайтын ізгілікті жолға салу – қиынның қиыны. Бұған жылдар керек болуы да мүмкін. Соны бүгін бастамасақ, кеш қаламыз. Біздің қазір досымыз да, ұтылатын жеріміз де – өтіп бара жатқан уақыт. Қазір өзі қай мәселеге ұрынсақ та, санаға келіп тірелеміз, әрі қарай жылжу жоқ. «Сананы өзгерт, өзің өзгер» деген уақыт талабы болып тұр. Ендеше, әділетті Қазақстан құруға, арды ойлайтын уақыт жетті. Президент айтпақшы, адал адамның, азаматтың тірлігін жасау керек.

Мемлекетімізде ғалым-жазушы, зиялылардың қатысуымен «Хакім Абайдың «Толық адам» ілімінің жол картасын» жасау керек. Барлық оқу орнында Абайдың «Толық адам» ілімін жол картасымен оқыту арқылы қоғам өмірін ізгілендіре аламыз, өркениетке жаңаша бет бұрамыз.

Қазақ тілінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының «Исі қазақ Абайды білуге тиіс» деген сөзін нақты іске асыру керек. Міндетіміз – Абайдың «Толық адам» іліміне терең бойлау.

Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласын негізге алып, Абайдың жол картасының аясында М.Мырзахметовтің «Абайтану әліппесін» мектеп­тер­ге дәріс ретінде енгізу, «Абайтану» пәнін ЖОО-да оқыту, ақын ілімін қызметкерлерге насихаттау, мекемелерде Абай кабинеттерін ашу да маңызды. Осылардың жиын­тығы ретінде «Ұлы Абай ілімінің резиденциясы» жобасын қолға алу керек. Бізде бұл жоба бар, тек саяси шешім керек. Бұл – елдің болашағы үшін өте маңызды мәселені шешудегі орталықтандырылған іс-шаралар кешені.

Ұлттық идеологияны санаға сіңіру деген сол болар еді. Әйтпесе бүкіл халық «Абай өзіміздікі ғой, қарасөзін баяғыда оқыдық қой» деп жайбасарлықпен жүре береміз. Депутаттар да Абайға қайта оралғаны жөн сияқты. Сана қалып барады. Тоқетері, Абай ілімі санамызға «стандарт» болып, «қалып» ретінде бойға сіңсе, қоғам алға жылжыр еді. Абай ілімін игерген жас өзін де, елін де бақытты етеді. Сондықтан абайтануға қаржыны аямау керек. Бұл – ана тіліне серпіліс беру деген сөз.

Құрылтайдың киелі жерлерден басталып, енді әлемге әйгі­лі Байбарыс шыққан, 362 әулие жатқан жерде, шежі­ре­лі аймақта өткізілуі, Президенттің руханиятқа бет бұрған, халықты соған шақырған іс-әрекеті деп есептеуге болады.

Кембридж баспасынан шыққан «Абай және Қазақ­станның болашағы» кітабы әлемнің топ 200 университетіне жіберілді. Абайды оқуда жалпы түркітілдес елдері, Қазақстан өзіміздің рухани-тарихи мүмкіндігімізбен өте жоғарғы сатыда тұрмыз. Бұл – капиталистік елдерден артық басымдылығымыз. Ежелден келе жатқан Шығыстың мораль философиясына қарсы қоятын Батыс өркениетінде жаңа парадигма туған жоқ. Біз үшін Абайдың «Толық адам» ілімін игеру – моральға оралу деген сөз. Ұлы Абай ілімі еліміздің рухани брендіне айналуы керек. Осыған барсақ, біз алда боламыз.

Абайды қанша оқығанмен, халық аш-жалаңаш болса, «Толық адам» бола алмайсың. Сол үшін жалпыхалықтық жос­­­пар әзірлеу қажет. Халық арасында әртүрлі дең­гей­де, барлық салада тәжірибелі азаматтар көп, кәсіби мамандар, қоғам белсенділері, ғалымдар, зиялы қауым, бизнес саласында да ой-жобалар жетерлік. Жалпы, халық ұсынысы деген орталықтандырылған ашық онлайн платформа құрып, барлық идея мен ұсынысты құрылтай аясында жинайық. Түскен ұсыныстардан кәсіпті дамыту үшін 1000 жоба іріктеліп алынса, осы жобалар жалпыхалықтық жоспарға ұласар еді.

Президент ұсынған алты аймақты мамандандыруға көшіріп, әр аймақтың басымдығын анықтап, 1000 жоба­ны­ соның аясында, бағытты мақсаттарға икемдеп іске асыр­­сақ. Мысалы, Атырау өңірінде шикізатты қайта өңдеу жобалары өте қажет. Бұл жобалар екі-үш жылда жемісін бере бастайды. Әрі қарай жаңа жобалар жал­ғасады да, «мультипликативті» тиімділігі арта береді. Экономика тез дамыр еді.

Мың жобаның мақсаты – халықты жұмыспен қамту, Пре­зидент айтқан ІЖӨ-ні екі есеге өсіру. Ең маңыздысы – бұл жобаларды халықтың өзі ұсынатындығында. Алда не болса да, нәтижесін халық пен билік бірге көреді. Бірге жа­уапты. Халықтың сеніміне кіру тетігі осы. Бұл екі мә­се­ле­ де, идея да Абайдың толық адамынан шығып отыр. Бірі – рухани, екіншісі – материалдық-экономикалық жоба.

 

Оразалы СӘБДЕН,

Ғалымдар одағының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты