• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 28 Наурыз, 2024

Премьер-министр «Петропавл», «Сергеев» су тораптарының жағдайын тексерді

104 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысымен танысу үшін Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Үкімет басшысы бағдарлама шеңберінде коммуналдық-энергетикалық сектор және жол инфрақұрылымы нысандарының, сондай-ақ бірқатар жеңіл және өңдеу өнеркәсібінің, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы машина жасау кәсіпорындарының жұмысымен танысатын болады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жұмыс сапары барысында өңірдегі су қоймаларының жай-күйі мен су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақтылы жүргізу жұмысына ерекше назар аударылды. Солтүстік Қазақстан облысы су тасқыны қаупі бар аймаққа кіреді. Облыстың негізгі су көзі – Есіл өзені үш су қоймасы: Астана, Сергеев және Петропавл су тораптарымен реттеледі. 

Үкімет басшысы Петропавл су торабына барып, су қоймасының жағдайын тексерді. Қазіргі уақытта ол қалыпты жағдайда және штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Су тасқыны кезеңінде су қоймасы алгоритмге сәйкес жұмыстың «транзиттік режиміне» ауыстырылады және тасқын сулардың өтуіне әсер етпейді.

 

Сонымен қатар Олжас Бектенов өткен жылдың сәуір айында шамадан тыс толып кеткен Сергеев су қоймасының жағдайына назар аударды.

«Су қоймалары бар Сергеев және Петропавл су тораптары ؘ– республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстары тізбесіне енгізілген және ерекше стратегиялық маңызы бар. Сергеев су қоймасындағы жиналған судың көлемі 82%-ды құрайды. Бұл жерлерде саяжай учаскелерін ерекше назарда ұстауды тапсырамын», деп атап өтті Премьер-министр.

«Қазсушар» РМК СҚОФ директоры Шұғайып Ибатуллиннің айтуынша, осы кезеңде Сергеев және Петропавл су тораптары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Алайда автожолдағы көпірлердің жекелеген конструкциялары апатты жағдайда тұр. Осыған байланысты өзге баламалы жолдар арқылы көлік ағынын қайта бағыттау мәселелері қарастырылып отыр. Жалпы, өңірде су тасқынына бейім 87 елді мекен есепке алынған. 24 қаңтардан бастап облыс күшейтілген дайындық режиміне ауыстырылды, 26 наурыздан бастап жедел штаб жұмылдырылды.

Премьер-министр Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне жоспарланған барлық алдын алу іс-шараларын аяқтауды, ал ТЖМ-ға су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда күштер мен техниканы жұмылдыруды тапсырды.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, еліміздің бірқатар өңірінде су деңгейі көтеріліп, су тасқыны болды. Барлық күштер жұмылдырылды. Республикалық және өңірлік жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы күштері мен құралдары — барлығы 4 мыңға жуық адам, 1,3 мыңнан астам техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды. Жол қатынасы қиын жерлерде адамдар тікұшақтармен эвакуацияланып жатыр. Жұмыстар қауіп толық сейілгенше жалғасатын болады. Жағдай қатаң бақылауда тұр. Зардап шеккендерге Үкімет және әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі», деп атап өтті Олжас Бектенов.

СҚО-ға жұмыс сапары алдында Үкімет басшысы өңірлердің әкімдері мен төтенше жағдайлар министрінің су тасқыны жағдайын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдады.