• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 28 Наурыз, 2024

Құпия қаріп пен жұмбақ жазбалар немесе әлем ғалымдары оқи алмаған сөйлем...

192 рет
көрсетілді

Адамзат баласының эволюциялық дамуына қарай жазу өнері де сан түрлі өзгеріске ұшырап, жетілу жолдарынан өтті. Әлемдік жазу тарихын зерттеуші ғалымдар оның даму динамикасын зерделеу нәтижесінде бүкіл жазу жүйесін үш түрге бөледі. Оларды ғылым тілінде пиктографиялық, идеографиялық (иероглифтік) және фонетикалық деп атайды. Көне жазуларды танып-білу арқылы түрік халық­та­ры­ның сан мыңжылдықты құрайтын тарихы бар, ежелден келе жатқан көне халықтардың бірі екенін дәлелдейтін «Өмірбаян туған күннен басталады», «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар» атты зерттеу кітаптарының авторы, қаламгер-ғалым, тарихшы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫНА жолығып, жазу-сызу жөнінде сыр шертіскен едік. Адамзат баласының эволюциялық дамуына қарай жазу өнері де сан түрлі өзгеріске ұшырап, жетілу жолдарынан өтті. Әлемдік жазу тарихын зерттеуші ғалымдар оның даму динамикасын зерделеу нәтижесінде бүкіл жазу жүйесін үш түрге бөледі. Оларды ғылым тілінде пиктографиялық, идеографиялық (иероглифтік) және фонетикалық деп атайды. Көне жазуларды танып-білу арқылы түрік халық­та­ры­ның сан мыңжылдықты құрайтын тарихы бар, ежелден келе жатқан көне халықтардың бірі екенін дәлелдейтін «Өмірбаян туған күннен басталады», «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар» атты зерттеу кітаптарының авторы, қаламгер-ғалым, тарихшы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫНА жолығып, жазу-сызу жөнінде сыр шертіскен едік. 

– Жазудың алғашқы түрлері қандай, ол қай дәуірлерде басталған?

– Көне замандардан бүгінге жеткен жазулардың ішіндегі ең ескі түрі – пиктографиялық жазу, бұл – жазу атаулының бастауы деп есептелінеді. Бұған америкалық үндістердің суретті таңба жазуы жатады. «Пиктография» термині – латынның «сурет» және гректің «жазу» дегенді білдіретін екі сөздің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы – «сурет арқылы берілген жазу», «суретті жазу» дегенге саяды.

Ал келесі сатысы – идеографиялық жазу деп аталады. Ол – латынның «идея» және гректің «жазу» дегенді білдіретін сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы – «белгілі бір ұғымды, ойды білдіретін жазу». Бұл – пиктографиялық жазудың заңды жалғасы, соның жетілген түрі деп есептелінеді. Бұған көнеқытай, көнешу­мер жазуларын жатқызады.

Үшінші түрі – фонетикалық жазу. Мұны кейде «буындық жазу» және «әріптік-дыбыстық жазу» деп екіге бөледі. Мұның соңғысын көбіне «әліпбилік жазу» деп те атайды. Біздің бүгінгі қолданып жүргеніміз – жазудың осы түрі.

Арасына белгілі бір уақыттар салып, бірінен кейін бірі пайда болған жазудың осы дәстүрлі үш түрінен тарап, тармақтана жетіліп, бұл күнде сан алуан халықтың атымен аталып кеткен түрлі жазулар баршылық. Осы жазулар арқылы сонау есте жоқ ескі заманнан бастап бүгінге дейінгі жер бетінде өмір сүрген халықтар тарихын оқып, білуге мүмкіндік туды. Яғни жазу жыл санау­дан 15-16 мыңдай жыл бұрын пайда болған. Бұған Тынық мұхитының астына кеткен бағзыдағы Му құрлығының тарихын әлемге алғаш жариялаған ағылшын әскери полковнигі Джеймс Черчвард еңбегі дәлел.

Жалпы, жазулар арқылы жеткен деректерді ғылымда «жазба дерек» деп атайды. Бүгінгі тарихи санамызды қалыптастырған ресми хроника осы жазба деректер негізінде жасалған.

Әуелгі адамзат баласының арасында жазуды кие тұтып, оған тәңірлік сипатпен қараған сана қалыптасты. Мысалы, көне мысырлықтар өздерінің жазуын «құдайдың тілі» деп ұғып, жазуды ойлап табушыны мәдениет атаулының бәрін өмірге келтіруші – Тот құдай деп білген. Ал вавилондықтар болса, өз жазуларының авторын адам тағдырының құдайы – Мардук баласы Набу деп түсінген. Сол секілді яһудилер жазуды тұрмысқа енгізген Мұса десе, грек мифі бұл игі істі Гермес құдайға телиді. Байырғы қытайлықтар мен үнділерде де, өзге халықтарда да осындай түсінік болған. Сөйтіп, осы тәріздес таным-түсініктен өрбіп, кейін адамзат ой-санасының дамуы­нан жазу (жазба тілі) қалыптасты. Ол халықтардың қай-қайсысы үшін де мәдениеттің, өнердің және білім-ғылымның бастаушысы болғаны талас тудырмайды.

– Өркениетпен ілесе ілгерілеген жазу өнері «әліпбилік жазу» деңгейіне жетті. Осы ең алғашқы «әріптік-дыбыстық жазу» үрдісі адамзат бала­сының арасынан кімдерге тиесілі?

– Ресми тарихтың ұсынған тұжырымдары бойынша Оңтүстік Еуропа, Таяу Шығыс және Африка аймағы «Ежелгі өркениеттің ошағы» деп танылған. Олар көне өркениетті тудырған, жазу-сызуды ойлап тапқан. Бірақ мұндағы өркениетке жеткен халықтардың бәрінің бірдей бұл өңірлерге сырттан келгені, бірде-біреуінің нақты бастау тарихының жоқтығы ойлантады. Олардың қайдан келіп, қай тілде сөйлегені беймәлім. Әйтсе де, деректердің бәрі жазу арқылы жеткендіктен, байқайтынымыз, жазу өнерін ең алғашқы болып меңгерген – шумерлер болса керек.

Тарих дерегі бойынша сынажазуды (клинопись) бірінші болып қол­данған шумерлер делінеді. Аккадтар да, кейінгі танылған вавилондықтар мен ассириялықтар да сынажазуды осы шумерлерден қабылдаған. Бұл ретте зерттеушілер жазудың алғаш­қы түрі – пиктографиялық жазудан орындалуы жеңіл сынажазуға көшу­дің себебін де шумерлер мекен­деген жердің қыш тақтайшалар жасауға аса қолайлы сазбалшықтың көптігімен байланыстырады. Осылай делінгенімен, шумерлердің сынажазуды алғашқы ойлап табушылар екені әлі нақты анықталмаған. Соған орай кейбір зерттеушілер бұған кәдімгідей күмән келтіреді. Сондай-ақ «жалпы шумер­лердің өзі Месопотамияның байырғы тұрғындары ма, әлде басқа жақтан қоныс аударып, ауып келгендер ме?» деген мәселе де басы ашық күйінде қалған.

– Жазу тарихын зерттеудегі қан­дай олқылықтарды байқайсыз?

– Өкінішке қарай, ресми тарих ғылымы «көшпелі» халықтардың түп-тұқиянын тануда біржақтылыққа ұрынған. Бұған жаһан халықтарына ортақ тарихтың тек еуропалық таным-түсінікте жазылатындығы себеп. Осы бұлжымас байлам негізінде бір тектен жаралған адамзат баласын әуелі «тарихи және тарихи емес халықтар» деп, содан кейін бұл терминді өзгертіп, «отырықшы және көшкінші халықтар» деген ат беріп, жікке бөлді. Бірін – мә­дениетті, өркениетті, ал екін­шісін – жабайы, тағы ха­лықтар санатында көрсетті. Бұл – кезінде ғылымға еркін араласқан еу­ро­палық мен­мен­діктің бейнесі. Жаратылысы бір адамзат баласы туралы осындай көзқарасты қа­лыптастыруы сал­дарынан, ежел­гі заманда өмір сүрген ха­­­лықтардың нақ­­ты кімдер еке­нін, олар­дың қай тілде сөйле­генін танып-білуге мүмкіндік болмай қалды, ізденіс сабақтастығының жолы кесілді. Сол себепті көне өркениет ошағына от жаққан халықтардың төл тарихы егжей-тегжей зерттеліп, басы ашылмады. Ең өкініштісі – тануға талпыныс та жасалынбады.

Осы өркениеттік өркөкіректік зерттеушілерді қалыптасқан еуро­палық таным-түсінік шеңбері аясынан шығармады. Егер ескі замандардан жеткен жазба деректер өздері белгілеген «үндіеуропа» немесе «семит» тілдерінде тануға келмесе, бітті – «белгісіз халықтікі» деген «үкіммен» біржола жылы жа­уып қояды. Соның салдарынан әлгі халықтардың шыққан тегі, сөйлеген тілі әлі күнге белгісіз күйінде қалып келеді. Бүгінгі ғылымның дамыған, техниканың мейлінше жетілген заманында оны зерттеп білсек, шындықты анықтасақ, бір кезде кеткен кемшіліктің орнын толтырсақ деп ізденіп жатқан жан, тағы жоқ. Қалыптасқан таным-түсінік бойынша: бәрі анықталған, одан әрі бірдеңе білу мүмкін емес секілді. Алайда дамыған технология жетістіктері басқа жайды аңғартады. Бұған генетик ғалымдардың соңғы табыстары анық.

– Сіздің сөзіңізден ғылымдағы біржақтылық әлем өркениетіне залалын тигізіп отырғанын аңдадық. Әйткенмен, әбден сүрлеуге айналған сыңарезулік таптаурындықты бұзуға болатын шығар?

– Әрине. Егер зерттеуші еуропалық таным-түсінік аясынан шығып, шу­мер­­­лерден алған мифтердің, гимн­дер­дің, эпостардың тілін тек семит тілімен салыстырып қана қой­май, агглютинавтік тілді мұра еткен әлем­нің басқа халықтары тілімен са­бақ­тастыра зерттесе, олардың шық­қан тегінің Месопотамияға қайдан келгенін мүмкіндігінше біраз анықтауға жол ашар еді. Осындай ауқымды зерттеулердің қолға алынбауынан, еуропалық өлшемдердің ғылымдағы үстемдігі салдарынан, тығырықтан шыға алмай отырмыз. Сондықтан қазір­гі таңда шумерлерді «түрік халқы» деп танып, діни танымы, тілдік бірлігі тұр­ғысынан дәлелдеп жүрген жекелеген зерттеушілердің еңбегі ғылыми ортаның ілтипатына ілікпей, назардан тыс қалып келеді.

Сондай-ақ шумерге тікелей қатысы болмаса да, кезінде пиктографиялық жазуға ие болған Американың байырғы тұрғындары Майя, Астек (Ацтек) халықтарының тілін зерттеп, оларды «Түрік тілдерінің тобына қосуға болады, морфологиялары тым ұқсас, екеуі де жалғамалы (агг­лютинативтік) тіл» деген амери­­калық Отто Ре­риг­тің, уруг­вай­лық Б.Ферей­роның пайымдаулары өте құнды. Бұл істі әрі жалғастырған ресейлік Ю.Кноро­зовтың, татарс­тандық А.Караму­лин­нің, біздің Ә.Ахме­тов­тің ең­бектері де зор. Бірақ өкінішке қарай, бұлардың ешқайсысы не тіл, не тарих ғы­лымы тарапынан мақұлданбай, ес­керусіз күйде аяқ­асты етіліп отыр. Бар үміт – генетик ғалым­­дар­дың ДНК зерт­­теулерінің нә­ти­­­желеріне сү­йеніп, Америка үндістерін кезінде «Алтайдан Бе­ринг бұғазы арқылы өтіп, мұхиттың арғы жағына қоныс аударған түрік халықтары» деген жаңалығында. Егер осы жаңалық ғылыми ортадан жаппай қолдау тапса, онда ізденіске жаңа өріс ашылып, тіл және тарих ғылымдары салаларында ірі өзгеріс болары анық.

– Арғы ата-бабаларымыздың ізі тағы да қандай құрлықтардан нақты байқалады?

– Өткен ғасырдың орта шенінде археологтер Жерорта теңізіндегі Крит аралымен тұстас жатқан Кипр аралының шығыс жағалауындағы Энкоми деген жерден, ескі қаланың орнынан миной өркениетіне тиесілі жазулардың бір түріне тән қаріптермен бедерленген қыш тақтайшалар тапқан. Ал Кипр аралының бағзыдағы аты – «Алаш».

– Қалай?

– Қазір түсіндірейін. Генетикалық ғалымдар ДНК тәсілі арқылы «Адамзат баласының алғаш жаралған жері – «Оңтүстік-Шығыс Африка» деген тұжырымды ғылымға енгізді. Осы Оңтүстік-Шығыс Африкада пайда болғандар кейін өсіп-өніп жан-жаққа тарағанда, алдымен Жерорта теңізі жағалауларына жайғасады, Пелопоннес түбегінде әйгілі «Ас» деп аталатын тайпалар бірлестігін құрады. Осы Ас бірлестігінің құрамындағы тайпалардың кейбір өкілдері тұр­мыстың әр алуан кәсібімен көптің көзінен де, көңілінен де тысқары теңіздің арасында жатқан аралды кеп сағалап, мекендей бастайды. Арада бірнеше ғасыр өткенде Ас бірлестігінің әр тайпасынан осындай күнкөрушілікпен әр кезеңде келгендердің саны көбейіп, олар өсіп-өнген ұрпақтарымен тұтас бір іргелі елге айналады. Ас бірлестігінің әр тайпасынан келіп, құралғандықтарына сай өздерінің халқын «Ала-Ас» (әр түрлі Ас), ал мекендерін «Ала-Асия» деп атайды. «Кипр» – бұл аралға кейін берілген атау. Жазу-сызуға ерте қол жеткізген басқа елдердің зерттеушілерінің жазуы мен айтуының нәтижесінде кейін «Ала-Асия» – «Алашияға», «Ала-Ас» – «Алашқа» айналып кеткен. Мұндағы «Ала-Асия» – қазтектердің (қазіргі қазақтардың түпатасы) «ала», «ас», «ұя» (ала – әр түрлі, Ас – тайпа бірлестігінің аты, ұя – мекен) деген үш сөзінен тұтасып, «Ас бірлестігінің әртүрлі тайпаларынан құралғандардың мекені» дегенді білдіреді.

Мұның бәрі – тарихқа мәлім, белгілі жайлар. Тек ресми тарихты жазушылар Алашияның негізін қалағандар Қазтектер (қазақтектестер) екенін айтпайды, атау сөздердің төркінін (этимологиясын) таратпайды.

– Керемет жаңалық! Сонымен табылған жазуға келейік.

– Тарихқа белгісіз бұл жұмбақ жазуды алғаш 1900 жылы тапқан адам ағылшынның атақты археологі Артур Эванс, осы жазуды 1952-1953 жылдары алғаш танып, оқыған (дешифровка жасаған) ағылшын сәулетшісі Майкл Вентрис. Құпия қаріптердің талайы­на үңіліп, сырын ашқан осы саланың білгірлері оның бұл жаңалығын көне Мысыр жазуының кілтін тапқан француз Жан Француа Шампольон мен парсының сына жазуын оқыған ағылшын Генри Роулинсонның жаңалықтарымен те­ңес­тіреді. Ғалымдар жұмбақ жазудың бедерленген уақытын христиан дәуіріне дейінгі XIV ғасырға жатқызады. «Сызықты А жазуы» («линейное письмо А») түрімен нақышталған әлгі әріптерді ғалымдар оқығанымен, ондағы сөздердің мағынасын түсіне алмай, оның тілін «гректерге дейінгі тіл» деп табады. Сөйтіп, бәрі ескі заманда Кипрді мекендеген, кейін із-түзсіз жоғалып кеткен белгісіз бір халықтан қалған мұра деген ортақ қорытындыға келеді. Алайда жоғалып кеткендер кімдер? Ол жағы анықталмайды. Құпия қаріптерге «этеокипр» деген ат беріп, сонымен жазуға қатысты ізденісті доғар­­ған.

– Қыш тақтайшадағы қаріптер қалай орналасқан екен?

– Сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің арасын ашатын ешқандай тыныс белгісі қойылмаған, тек әріптер тізбегі. Осы этеокипрлік жазуды зерттеуші ғалымдар қыштақташаның біреуіндегі жазуды латын қарпіне түсіргенде, ол төмендегідей болған екен:

«anamatoriumiesaimukulailasanaarisitonosearatovanakasokoosekerakeretulosetakanaku».

«Сызықты А жазуы» мәтіндерімен айналысып жүрген мамандар оқуға тырысып, мүмкіндіктеріне қарай буындар тіркесін жеке сөздерге бөлгенімен, мәнін толық танып, ажырата алмаған. Бар болғаны бір зерттеуші өзінің жанынан әріптер қосып, гректің бір қаласы мен бір адамының атын зорға шығарғандай болған.

Құпия қаріптер талай зерттеушіні қызықтырған. Солардың қатарында тараздық әуесқой жас зерттеуші Амантай Айзахметов те қатты шұқ­шиған. Ол өзінің 2004 жылы жарық көрген «Рождение тюркского мира» деген кітабында құпияның кілтін тапқан. Басқалар секілді өзге бір әріп те, сөз де қоспай және ештеңесін алып тастамай, қыш тақтайшадағы жазуды латын қаріпіне қалай түсірсе, сол күйінде оқып шығады.

«anama//tori//umiesai//mukulai//las//ana//risi//ton//ose//ar//ato//vana//kas//ok//ose//kerak//er//et//ul//ose//tak//ana//ku».

Ешқандай тыныс белгісіз, бір-біріне тіркестіріліп жазылған буын­дар тізбегінен құралған мәтінді А.Айзахметов осылайша бөледі де, оны «анама тори емес-ай, макулай лас ана ариси тон өссе, ар ата пана қас оқ өссе, керак ер ет ұл өссе, тақ ана қу» деп оқиды және оның мағынасын орыс тілінде «матери моей не царь, а глупый раб достоин, если ее мать шубу кроит, а если в убежище праотца стрелы строгаются, сын в мускулах мужчиной растет, трон, гоняйся за матерью» деп түсіндіреді.

Амантай орыстілді азамат. Зерттеу бағытында жаңсақтыққа жол бермеу және өзгелердің салыстырып ой түюіне аз да болса септігі тиер деген мақсатпен осы жазуды мен де өз тарапымнан қайта оқып, қазақ тілді зерттеуші ретінде мәтінді жеке-жеке сөздерге бөліп көрдім. Сонда мынадай болып шықты:

«anama//tor//iumi//es//aimu//kul//ailas//ana//risi//ton//ose//ar//ato//vana//kas//ok//oose//kerak//er//et//ul//ose//tak//ana//ku».

Енді осыны бүгінгі қолданыстағы кирилл қарпіне көшіріп оқығанда: «Анама тор иумі ес айму, құл айлас, ана рісі тон өссе, әр ата пана қас оқ өссе, керек ер ет ұл өссе, ана тақ қу» деген сөз тіркестеріне айналды.

Мағынасы: «Анама билікті ию (таласу) айымның ақылы емес, (ол) құлмен бірдей болу. Ана ірі сі тон шығарса (тіксе), әр пана болар ата нағыз оқ шығарса (жонса), (ел) керек етер ұл өсірсе, тақ ананы өзі қуады».

Осындағы көнетүркілік «тор» (билік) деген бір сөз болмаса, басқасы түгелдей бүгінгі қазақ тілінің тілдік қорында бар сөздер, кез келген қазақ тілін білетін адам ешқандай аудармасыз толық түсініп, ұғына алады. Әрі, мұны басқа тілде жазылған мәтінді қазақ авторының жеке сөздерге бөлуінен пайда болған сөздердің кездейсоқ ұқсас жиынтығы болар десеңіз, онда жүйелі мазмұнды қайда қоямыз? Мәтіндегі «ірі ісі (басты шаруасы) ана тон өссе, әр пана ата оқ өссе» деген тіркесті қазіргі қазақ тіліндегі «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалдың ежелгі алғашқы нұсқасы десек, кім қисынсыз дей алар?

Сонда гректерден де бұрын Кипрді мекендеп, бір тілде сөйлеп, бір жазумен жазу жазып жүрген этеокипрліктерді кімдер деуіміз керек? Христиан дәуіріне дейінгі XV ғасырда «Сызықты А жазуымен» таңбаланған жазуларда бүгінгі XXI ғасырдың қазақтары түсінбейтін бір сөздің болмауы қалай? Біреу емес, екеу емес осыншама көп сөздің бәрінің дыбысталуының да, берер мағынасының да, бүгінгі қазақ тілінің сөздік қорындағы сөздермен бірдейлігін көзбен көріп тұрып, әдеттегідей мүмкін емес деп, қолды бір сілтеп, қоя салуға бола ма? Ой жүйесі, мазмұн, мағынасы ше? Басқаны қойғанда, кездейсоқ ұқсас сөздердің жоғарыдағыдай «Ана ірі ісі тон тігеді, пана болар әр ата оқ жонады» секілді мағыналы тұтас тіркестерді құрауы мүмкін бе? Ал сонда бұны не дейміз? Христиан дәуірінен XV ғасыр бұрын жазылған этеокипрлік жазудың түрік тілінде, оның ішінде таза қазақ тілінде сөйлеуі қалай? Осыдан 3500 жыл бұрын Жерорта теңізінің Кипр аралында болып, тақ­тайшаға өз тілінде жазу қал­дырып жүрген бұл қай түрік, қай қазақ?

– Шынында да құпия қаріптердің жұмбағы қайран қалдыратын дүние екен. Әңгімеңізге рақмет. Ұлт тарихына қатысты құнды деректерді алдағы уақытта да ел игілігіне айналдыра беруіңізге тілектеспін.

 

Әңгімелескен –

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты