Қазақстанның Италия Республикасындағы елшісі Алмас Хамзаев пен Испания Корольдігіндегі елшісі Ерғали Бөлегеновке жолданған сауалдама сұрақтарында бұл елдердің экономика және туризм салаларындағы табыстары және олармен осы салаларда Қазақстанның байланысы, қандай жетістіктерінен үйренуге болатыны айтылған еді. Төменде Алмас Насреддинұлы мен Ерғали Бөлегенұлының жауаптарын жариялап отырмыз.
А. ХАМЗАЕВ: Италия индустриялық әртараптандырылған экономикаға ие, оның жан басына келетін табыстарын Франциямен және Ұлы-британиямен салыстыруға болады. Ел экономикасы индустриялық тұрғыда дамыған және жекеменшік компаниялар басымдық танытатын солтүстік пен біршама аз дамыған, мемлекеттік дотацияларға кіріптар аграрлық оңтүстікке бөлінеді. Өнеркәсіпке қажетті көптеген пайдалы қазбалар және энергияның 75 пайыздан астамы Италияға сырттан әкелінеді.
Қазіргі кезде экономикалық ахуал керемет болып отырған жоқ. Италия экономикасы 2008-2009 жылдарғы әлемдік экономикадағы өсудің баяулау салдарынан сырт қалған жоқ. Италияның ІЖӨ-сімен салыстырғанда сыртқы қарызы 2009 жылы 117,3 пайызды құраса, биылғы жылға 123,2 пайыз болжанып отыр. 2009 жылы бюджет тапшылығы 5,3 пайызды құрады. Жаһандық қаржы дағдарысы Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымының өсу серпініне де салқынын тигізді. ҚР Кеден комитетінің мәліметтері бойынша екіжақты тауар айналымы 2008 жылы 13,2 млрд. долларды құраса, 2009 жылы өзара сауда деңгейі 8,16 млрд. долларға дейін төмендеді.
Солай болсадағы екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қатынастарда берік іргетас қаланған. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Италия Республикасына 2009 жылғы қарашадағы ресми сапары барысында бірқатар келісімдерге қол қойылуы ықпал етті. “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ пен Enі концерні арасында қол қойылған келісім бойынша газ өңдеу зауыты мен газ турбиналы электр стансасын іске қосуды, сыйымдылығы 60000 тонна болатын кемелер жасау үшін құрғақ докты іске асыру, Павлодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, бірлескен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу көзделген.
Fіnmeccanіca концернімен – ғарыш, авиация, электроника, энергетика, көлік салаларында жаңа технологияларды әзірлеу ісіндегі итальян көшбасшысымен ынтымақтастықты кеңейту елеулі оқиғаға айналып отыр. Fіnmeccanіca өзінің еншілес кәсіпорны SELEX Sensors and Aіrborne Systems Lіmіted арқылы “Қазақстан Инжиниринг” ҰК” АҚ-пен қару-жарақ пен әскери техникаға күрделі жөндеу және жаңғырту жүргізу жөніндегі жобаларды іске асыру туралы келісімге қол қойды. Т-72 танкін жаңғырту осындай алғашқы жоба болуы тиіс.
“ҚТЖ ҰК” АҚ пен Ansaldo STS еншілес компанияларының бірлескен кәсіпорын құруы қол жеткен уағдаластықтардың ең ірісі саналады. Бірлескен кәсіпорынның мақсаты жобалау-іздестіру және құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау, теміржол көлігінің қажеттері үшін өнім өндіруді, соның ішінде осы заманғы электрмен жабдықтау жүйесін, Қазақстан Республикасы аумағында белгі беру және байланысты орындау болып табылады.
Сол секілді “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ, Батыс Қазақстан мәшине жасау компаниясы мен General Electrіc Oіl and Gas – Nuovo Pіgnone S.p.A арасында GE 10-2 газ турбиналарын өндіру, жинау және сынақ жұмыстарын жүргізу жөніндегі бірлескен кәсіпорын құру маңызды шара саналады. Мұндай газ турбиналары мұнай-газ өнеркәсібінде қолданылып, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркіменстан аумағында орнатылады.
Сондай-ақ мұнай-газ құрал-жабықтарын жөндеу және дайындау, құрылыс материалдарын, металл конструкциялар мен мәшине жасау бөлшектерін шығару жөнінде бірлескен кәсіпорындар құруға қатысты басқа да құжаттарға қол қойылды.
Біздің елдеріміздің арасындағы экономикалық қарым-қатынасты дамыту үрдісі соңғы жылдар ішінде жақсы қарқын алып, Италия Қазақстанның негізгі экономикалық әріптестері қатарынан жетекші орын алғанын көрсетті және бұл ел біздің экономикамыздың маңызды инвесторы болып табылады.
Қазақстан италиялық және еуропалық бизнес үшін Орталық Азияның көшбасшысы болып табылады. Қазіргі кезеңде Қазақстанға біздің әріптестеріміз үшін инвестициялық тартымдылығын сақтау өте маңызды. Ал Кеден одағының қызмет істей бастауына байланысты бұл міндет өзекті бола түседі.
Е.БӨЛЕГЕНОВ: Жаһандық қаржы және экономикалық дағдарыс Испания экономикасына айтарлықтай салқынын тигізсе де, бұл ел Еуроодақтың барынша дамыған мемлекеттерінің бірі болып қалуда. Испанияның жоғары дамыған өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы бар. Солардың ішінде мәшине жасау мен металл өңдеу, энергетика, құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен және, әлбетте, туризм барынша дамыған саналады.
Тиімді әрі жоғары табысты сала ретінде туризм Испания экономикасына зор ықпал жасап отыр. Туризмнің арқасында халық шаруашылығының көптеген салаларында және халықтың тұрмыс жағдайында басымдықтар өзгерді. Сол секілді жұмыс күші мен қаржы арнасын бөлуге туризм әсер етіп келеді. Бүгінде Испанияның ішкі жалпы өнімінің 70 пайызын туризм саласына жататын қызмет көрсету секторы беріп отыр. Сол секілді жұмыс істеуге қабілетті жастағы испандықтардың 72 пайызы туризм саласымен қамтылған. БҰҰ-ның Бүкіләлемдік туристік ұйымының штаб-пәтері Мадридте орналасуы жайдан-жай емес. Шетелдік туристердің келуі тұрғысынан Испания әлем мемлекеттерінің үздік үштігіне кіреді, ал Еуропада біріншілікті Франциямен ғана бөліседі. Бұған табиғи және мәдени-тарихи көрнекті орындардан бастап елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына дейін әсер ететіні белгілі.
Туризмнің дамуы экономикалық жай-күйге тікелей байланысты болғандықтан, бүгінгі заманда шетелдік туристер үшін жоғары деңгейдегі сервис қызметі, дамыған көлік инфрақұрылымы, соның ішінде кең тарамдалған автомобиль, жоғары жылдамдықтағы темір жол және ұзақ қашықтыққа арналған авиация қатынасы қажет екендігі түсінікті.
Испанияның, қазақстандық өлшемдер тұрғысынан алғанда, шағын географиялық аумақта орналасуы, Жерорта теңізі маңындағы ылғалды және жалпы аумақтағы континенталдық климаты, сондай-ақ теңіз жағалауы мен ел орталығы арасындағы биіктіктердің елеулі айырмашылығы маңызды рөл атқарады. Жылдық орташа температураның өсу үдерісіне қарамастан, Испания әзірге өз меймандарына демалыстың жазғы да, қысқы да түрлерін ұсынуға қабілетті. Елдің солтүстігіндегі тау шаңғысы курорттары жұртты қатты қызықтырады.
Туристер үшін Испанияны тартымды ете түсетін бір себеп оның бай тарихы болып табылады. Бұл ел 1936-1939 жылдарғы азамат соғысы, Екінші жаһандық соғыс, болмаса ХХ ғасырдағы басқа жаһандық қақтығыстарға қатыспады, сөйтіп өз қалалары мен көне ескерткіштерін сақтап қала алды. Бүгінде АҚШ, Еуропа мен Шығыс Азиядан, Қытай мен Жапониядан келген туристер Испаниямен жүріп өтуді айрықша ұнатады.
Тартымдылық қасиеттерінің бірі испан халқының дәстүрлері мен салт-санасы болса керек. Испанияның көптеген қалаларында өзінің бірегей дәстүрлері мен мейрамдары бар. Испан корридасы мен фламенконы, испан футболын дүние жүзі жақсы біледі. Сонымен бірге барлық туристік маршруттарға қолайлы қонақ- үйлер, жақсы ұйымдастырылған көлік, ұлттық дәстүрге бай тағамдар әзірлейтін мейрамханалар, көрнекті орындар мен түрлі тілдердегі көрсеткіштер қызмет етеді.
Қазіргі кезде Қазақстан мен Испания арасындағы қарым-қатынасты, соның ішінде туризм саласының құқықтық базасын жетілдіру жүріп жатыр. 2009 жылғы шілдеде екі елдің туризм саласындағы министрліктерінің өзара түсіністік туралы меморандумына қол қойылды.
Егер Қазақстанның туризм саласына аса қажетті мүмкіндіктерді, соның ішінде даласы мен таулары, шөлейттері мен ормандары, өзендері мен тақыр өңірлері астасып жататын табиғатын, бай тарихи мұраларын, таңғажайып флорасы мен фаунасын ескерер болсақ, еліміздің Орталық Азия өңіріндегі туризм орталығына айналу мүмкіндігі зор екенін түсінеміз.
Егер туризмді дұрыс дамыта білсек, ол басқа салалардың дамуын ынталандырады, соған ықпал етеді. Мәселен, туризмнің арқасында Испанияда жарнама бизнесі, тамақ өнеркәсібі, көлік, бұқаралық ақпарат құралдары даму үстінде. Туризм саласында көптеген кәсіпорындар құрылып, мұның өзі оңдаған мың жұмыс орындарын ашуға, қаржы арнасының елге ағылуына мүмкіндіктер туғызған.
Испанияда туризм саласын ұйымдастырудың кестесі, оның қалыпты қызметін қамтамасыз ету біздің еліміз үшін үйренуге болатын тәжірибе. Әлбетте мұнда мемлекет тарапынан көзқарастың орнықты болуы айрықша маңызды.
Қазақстанның қысқа мерзімдегі экономикалық дамуы елдің туристік саласын дамытуға мол әлеуеттің бар екенін көрсетеді.