– Кезінде айлық бар, басқасы бар, ырымдап-жырымдап, алдымызды ойлап банкіге ақша салып отырғанымыз тәуір болыпты. Әйтпесе мына зейнетақы ақыр-тақыр құртқандай екен-ә..? – деп Ілдебай құрдасына сынай қарап еді:
– Әлбетте ақылдылық болған, – деп Қилыбай келте қайырды.
– Атаңа нәлеттікін пәлен жыл үзбей айына аударып отырғандағым қазір мардымсыз бірдеңке! Әлгі инфляция кезінде ескеріледі дегені айдалада қалды. Осы сен де айына аударып отырдың емес пе?
– Кейде айына, кейде алты айда, кейде реті келіп қомақтыға қол сұғыла қалғанда – кесіп кесек күйінде лақтыра салатынмын.
– Айлығымыз да шамалас болды, көлденеңіміз де көз алдымызда. Дегенмен қазіргі тұрмысың дүрілдеп кеткеніне таңым бар?
– Кезінде «аударып» дұрыс жасаппыз. Екі «банкім» бірігіп, зәулім саяжай салып берді.
– Дәурен сенікі, жылына екі рет санаторийге барып сайран саласың.
– Екі банкім жылына кезектесіп, бір реттен жіберіп тұрады.
– Тау-тасқа мінетін «Джипің» бір бөлек, былайғы былқ-сылқ көлігің мынау?
– «Джипті» – «Жең» банкі, мынаны «Дан» банкі мінгізді.
– Е, сен де кезінде екі банкіге салып па едің? Мен де екі банкіге, біреуіне доллармен, екіншісіне теңгемен аударып тұрдым. Сен де сөйткен боларсың?
– Есімде жоқ... Қалай реті келеді, солай беріп отырдым... Оларға да бәрібір, бет-жүзіне қарамайтын, лақтырғаныңа риза, аз да, көп те демейтін.
– Байқаймын, қызметтегі кезіңнен қазіргі тірлігің көш ілгері сияқты?
– Е, иә, банкім аман болсын. Барым да, базарым да солар. Не ішемін, не жеймін демеңіз, тек аман-есен болып, ұзақ ғұмыр кешіңіз. Біз аман болсақ, қамсыз ғұмыр кешесіз дейді.
– Сонда кезінде оларға қанша қаражат, қанша пайызбен салып едің!?
– Бергенімді қанағат тұтты... Пайыз туралы әңгіме болмады...
– Ойпыр-ай-ә, олар қай банкі еді-ей!?
– «Жең» мен «Дан» банкі...
– Талай банк болды, «Жең»-«Дан» дегенді естімеппін..?
– «Жең» – Жеңіс – үлкен ұлым, «Дан» – Данияр – кіші балам...
Берік САДЫР