• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2024

Кенеден кесел жұқпасын

82 рет
көрсетілді

Биыл қаңтардың ішіндегі аяз болмаса жалпы қыс Сыр бойында жылы болды. Осыдан да облыс эпидемиологтері ерте оянған түрлі жәндіктердің, әсіресе кенеден келер қауіптің алдын алуға қам жасап, жоспарлы жұмысқа кірісті. Жалпы өңір Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан.

Ақпан айында кенеден келетін кесел­­дің алдын алып, санитарлық-про­­филактикалық іс-шара­ларды ұйымдас­ты­руды жүйелейтін облыс әкімінің қаулысы қа­был­данды. Соған сәйкес кенеге қарсы жұмыстардың сапасы мен тиімділігін ба­­қылайтын арнайы жұмыс топтары құры­лып, аймақтағы 115 қолайсыз елді мекендер тізбесі бекітілді. Олардың арасында Жаңа­қорған мен Шиелі ауданында осындай ауылдар көп болып тұр. 

«Жыл сайын барлық қолайсыз елді мекенде кенеге қарсы өңдеу шаралары екі кезең аясында жүзеге асырылып келеді. Биыл бұл жұмыс сәуір айының ал­ғашқы онкүндігінде Шие­лі, Жаңақорған аудандарынан басталады деп жос­пар­ланып отыр», дейді об­лыс­тық санитарлық-эпи­де­миологиялық бақылау де­пар­таментінің басшысы Динара Жаңабергенова.

Мамандар былтыр облыс бойынша эпидемиологиялық ахуал қолайсыз бол­ғанын айтады. Облыстың 13 тұрғыны Конго-Қырым дертіне шал­дығып, оның үшеуі көз жұм­ған.  Ал биыл жыл басынан бері 7 адамды кене шағып, дәрігерлерге жүгініпті.  

Облыста аса қауіпті ауруға қарсы күрес жұмыстарына қорғаныс құрал жабдықтар қоры жеткілікті. Емдеу шараларына қажетті препараттар мен қан қоры да бар. Бірақ ең дұрысы – мамандар айтқан сақтық шараларын ұстанып жүру.

Ұлттық сараптама орталығының облыс­тық филиалы да кенеден келер кеселдің жолын кесуге үлес қосады. Олардың дерегінше биыл аймақ бойынша 4 928 гектар жерге залалсыздандыру жүргізіледі.

«Бүгінде КҚГҚ-ның табиғи ошақтарында энтомологиялық зерттеу барысында 3 мыңнан астам кене жиналып, 372 сынама алынды. Нәтижесінде, 4 сынамадан оң нәтиже анықталып, жұқпалығы 1,1 пайыз екендігі анықталды», дейді Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының басшысы Фарида Қалиева.

 

Қызылорда