Қазақ ән әлемін өмір бойы зерттеп-зерделей жүріп, «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», деп тебіренген Александр Затаевичтің ұлттық музыка өнеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Мемлекеттік Орталық музейде дарынды композитордың туғанына 155 жыл толуына арналған «Қазақ ұлттық музыкасының майталманы» атты мәдени кеш өтіп, мазмұнды іс-шара «Дала әуенінің ізімен» деп аталған танымдық көрмеге ұласты.
Поляк халқының біртуар ұлы А.Затаевичтің терең ізденістерінің арқасында қазақтың көптеген әні мен аспаптық музыкалық мұрасы қағазға түсті. Сол заманда естіген дауысын қағазға белгі ретінде түсіретін, содан соң оны айнытпай орындап шығатын адам туралы аңыз халық арасында кең таралған еді. Ол Ертіс пен Орал, Қарқаралы мен Қызылорда, Бөкей даласын, Орынбор мен Жетісу бөктерін ұзақ аралап, ән-күйлерді нотаға түсірді.
«Дала әуенінің ізімен» көрмесінде көпшілік назарына музыкант, этнографтың жеке кешенінде сақталған фотоматериалдар, мақалалар, жинақтар мен кітаптар, түсініктемелер мен дала әуендерінің ноталық жазбалары ұсынылды. Олардың қатарында 1925 жылы Ә.Жангелдинге берген қолтаңбасы, «Қазақ халқының 1000 әні» (әндер мен әуендер), «Қазақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспаптық пъесалар) жинағы, фотосуреттері ерекше атап өтуге тұрарлық. Сонымен қатар қызы Ольга Затаевичтің Ахмет Жұбановқа жазған хатын және 1950 жылы академик Ахмет Жұбанов жариялаған «А.В.Затаевич – қазақ халқының ән-күйінің бірінші жинаушысы» мақаласымен танысуға болады.
Польша Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Юзеф Тымановски, дара дарынның шығармашылық зерттеулері қазақ музыкасына негізделгенін, ол қазақ халқының жан-дүниесін, болмыс-бітімін әні арқылы жүрегінен өткізгенін атап өтті. Музыкатанушы осыншама мәдени мұраға бай халықтың рухани танымы да кең екеніне көз жеткізіп өткен.
Айтулы кеште «Вензь поляк мәдениетінің орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, Қазақстаннын еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман, Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі Айнұр Қазтуғанова, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ақлима Омарова, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі Нартай Бекмолдинов Затаевичтің шығармашылық мұралары хақында ой толғап, әсем кешті әнмен тербеді. Сондай-ақ іс-шарада Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының студенттері өнер көрсетіп, жас таланттар музыка зерттеушісінің өмір белестерінен сыр шертетін әсерлі қойылым ұсынды.
«А.Затаевич ұлт музыкасының ішкі болмысын түсініп, халықтың түпсанасын тереңнен зерделеген, сол арқылы қазақ музыкасына тұңғыш ғылыми сипаттама берген қажырлы жан. Ғалым кез келген уақытта, орайы келген жерде қазақ әндерін жазып алуға қатты құмартып, аз да болса саз өнерінен хабары бар адамдарға да немқұрайды қарамай, солардың ұсынған дүниелерін де керегіне жарата білді. Оның есімі ұлттық өнеріміздің биігінен орын алғаны анық», дейді композитор Бейбіт Дәлденбай.
АЛМАТЫ