• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2024

Өз тілі өркен жайсын деп...

3439 рет
көрсетілді

Тіл – адамдар арасындағы байланыс құралы  ғана емес, ұлтты ұлт ретінде айқындайтын негізгі ұстындардың бірі һәм бірегейі. Ұлттық ерекшелігіміздің, мәдениетіміздің, тарихымыздың және салт-дәстүріміздің ажырамас бір бөлігі. Сондықтан мемлекеттік тілдің дамуына және оның барлық салаларда басымдықпен қолданылуына қоғамның назарын аудару өте маңызды.

Ал қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мәдени және рухани байлығының, сондай-ақ ұлттық бірегейлігінің негізгі элементі. Мемлекеттік тіл саясатының маңызды мақсаттарының бірі – бүкіл қоғамға қазақ тілінің мәртебесін насихаттау және оның пайдалану аясын мейлінше кеңейту. Мемлекет тарапынан бұл мәселеге айрықша маңыз беріліп, ұдайы назар аударылып келе жатқандығына баса айта кеткеніміз жөн болар. 

Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) рөлі де ерекше маңызды. Қазіргі кезде БАҚ-тың көмегімен қазақ тілінің мәдени және әлеуметтік маңызын арттыру жұмыстары жандана түскен. Телевизия, радио, газет және интернет сияқты медиа құралдар арқылы қазақ тілінде жүргізілетін науқандар, арнайы хабарлар мен сұхбаттар қоғамның назарын мемлекеттік тіл мәселелеріне аудартып, тілдік сана-сезімді оятуға ықпал етеді. Осы арқылы қоғамның барлық топтарының назары мемлекеттік тіл мәселесіне аударылады. Қазақ тілінде берілетін ақпараттардың, бағдарламалардың, жаңалықтардың  артуы тілдің дамуына және кеңірек қолданылуына оң әсерін тигізеді.

Қазақстандағы БАҚ саны мен мемлекеттік тілдегі мазмұнының жай-күйіне көз жүгіртсек, 2023 жылғы мағлұматтар бойынша Қазақстанда 5 189 БАҚ тіркелген. Олардың ішінде 191 телеарна, 84 радио, 959 ақпарат агенттігі мен интернет шығарылымы, 279 шетелдік телеарна және 3 676 мерзімді басылым (оның ішінде 2 180 газет және 1 496 журнал) бар. Қазақ тіліндегі БАҚ-тың саны – 693-ті, ал орыс тіліндегісінің саны 853-ті құрайды. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік тілде шығатын БАҚ-тың үлесі мен медианың тілдік құрамы қаншалықты алуан түрлі екендігін айғақтайды. Мысалы, мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі – 83%, телеарналарда – 77%, баспа БАҚ-та – 85%, ал интернет-ресурстарда 87% құрайды. Бұл мемлекеттік тілдің БАҚ-тағы үлесінің арта түскенін және жалпы медиа саласындағы мемлекеттік тілдің орнықты нығаю бағытында екендігін көрсетеді.

Қазақ тілінің медиа ортадағы жаңғыруы мен жаңа бағыттары өзгеше маңыздылыққа ие. Әлеуметтік желілердің әртараптылығы мен блогерлер белсенділігі, қазақ тілінде контент жасаушылардың көбеюі тіліміздің жастар арасындағы беделін арттыруда үлкен рөл атқарып отыр. Бұл – жаңа буынды қазақ тілінде сөйлеуге және тілдің дамуына белсенді қатысуға шақыратын бірегей қадам. Аудио контенттің бұрын-соңды болмаған деңгейде өсуі қазақ тілінің кеңінен таралуына және ықпалдылығының артуына әсер етті. Аудио кітаптар мен подкасттар қазақ тілінде білім алуды, мәдениетті зерттеуді және күнделікті тіршіліктегі тыңдалымдарды жеңілдетеді. Олар, әсіресе, көлікте немесе жаттығу кезінде уақытты тиімді пайдалануға ыңғайлы. Бұл үрдіс, қазақ тілін үйренушілерге және тілді дамытқысы келетіндерге қосымша ресурстар ұсынады. Статистика жағынан алғанда, нақты сандар көрсету қиынға соғады, себебі подкастерлердің нақты саны мен олардың аудиториясы жыл сайын өзгеріп отырады және бұл мәліметтер жедел жаңару үстінде. Десек те, қазақ тіліндегі подкастерлер арасында көптеген салада, мысалы, білім беру, қаржы, денсаулық, мәдениет және ойын-сауық сияқты тақырыптарда мазмұн жасаушылар баршылық. Мұндай жағымды тенденциялар қазақ тілінде сөйлейтін тыңдармандар арасында аудио контентке деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.

Мәселен, бұл жөнінде тіл білімі саласындағы маман Гүлмира Жайымбаева былай деп ой бөліседі: «Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту – біздің ортақ міндетіміз. Осы орайда мемлекеттік тілдің БАҚ саласындағы маңызы мейлінше орасан екендігін айтпаса да белгілі. Бүгінгі таңда БАҚ арқылы тілдің кең таралуына үлес қосу мүмкіндігі артты.  Әлеуметтік желілер және жаңа медиа платформалары арқылы тілдің жастар арасындағы беделін арттыруға көп мүмкіндіктер ашылды. Бұл – қазіргі заманда тілді насихаттаудың негізгі бағыттарының бірі. Әрі мемлекеттік тіл мерейінің үстем бола беретіндігінің айқын көрінісі.

Ал енді қазақ тіліндегі БАҚ-тың жаңа бағыттары қандай деген мәселеге оралсақ, бүгіндері экологиялық мәселелер баса назар аударуды талап етеді, және бұл бағыттағы ақпараттардың қазақ тілінде таралуы да өте маңызды. Қазақ тіліндегі БАҚ экологиялық журналистиканы дамыта отырып, айналаны қорғау, қоғамның экологиялық санасын арттыру және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге үлес қоса алады. Ақпараттық технологиялар мен блокчейн сияқты жаңа технологиялардың БАҚ саласындағы қолданылуы қазақ тіліндегі медианың дамуына жаңа бағыттар аша алады. Бұл технологиялар арқылы ақпараттың қауіпсіздігін арттыру, контенттің таралуын жеделдету және журналистикалық зерттеулердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік мол. Цифрлық сауаттылық – қазіргі заманғы қоғамның негізгі қажеттілігі. Қазақ тіліндегі БАҚ аудиториясына цифрлық технологияларды пайдаланудың негіздерін үйрету, интернет қауіпсіздігі және жеке деректерді қорғау туралы ақпарат беру арқылы қоғамның цифрлық сауаттылығын арттыруға орасан зор үлес қоса алады. 

Шетелдік басылымдардың қазақ тіліне аударылуы немесе қазақ тіліндегі мақалалардың шетелдік БАҚ-та жариялануы да – қазақ тілінің әлемдік мәдениет алмасу үдерістеріне қатысуына ашылған үлкен жол. Бұл қадам қазақ тіліндегі мазмұнның сапасын арттыруға және оның халықаралық деңгейде танылуына өз үлесін қосады.

Мемлекеттік тіл және БАҚ арасындағы өзара әрекеттесу қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесін нығайтуға және оның дамуына оң ықпал етеді. Қай кезде де БАҚ-тың мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі зор болып есептеледі және осы бағытта жұмыс істеу ұлттық мүддені қорғаудың маңызды құралы болып қала береді.

Аружан МАУЛЕНБАЙ,

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4-курс студенті

АЛМАТЫ