• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Сәуір, 2024

Қазақстан мен Ресейге қатысты фейк ақпарат жиілеп кетті - СІМ ресми өкілі

107 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан мен Ресейге қатысты фейк ақпараттар жиілеп кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның сөзінше, кейінгі кездері Қазақстанға қатысты ақпараттық шабуыл көбейіп жатыр. Оның бәрі Қазақстан мен Ресейдің арасындағы достық қарым-қатынасты бұзуға бағытталған.

«Мәселен, Татарстандағы объектілерді Қазақстаннан ұшырылған дрондар атқылады деген қауесет болды. Оған қоса, Қазақстан Ресейдің қару-жарағын Украинаға сатып жатыр деген ақпарат жарияланды. Мұның бәрі жалған мәлімет. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі осының бәрі жалған ақпарат екенін мәлімдеді. Біз мұндай ақпараттық шабуылға қарсы Ресейлік тараппен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз. Барлық деңгейде байланыс орнатылған», деді А.Смадияров.

Ол «үшінші күштер» жалған мәліметтерді пайдаланып, өздерінің әрекеттерін істеп жатқанын баса айтты. Мысалы, осыдан 2 күн бұрын жасанды интеллектіні пайдаланып, Мемлекеттік думаның депутаты Андрей Гурулёвтің дауысымен Қазақстанға қарсы тағы жаман сөздер айтқызды.

«Депутат әлеуметтік желілерде видео түсіріп, бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Осының бәрін ескеріп, біз Ресейдің барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарымен тікелей байланыс орнаттық. Соның арқасында біз жағымсыз әрекеттерге тиімді қарсы тұра аламыз. Осыған байланысты барлық азамат пен БАҚ өкіліне тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», деді ресми өкіл.