1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасындағы Пшихарв шатқалында болған шайқас 17 қазақ сарбазының өмірін жалмады. Бауырлас елдің шекарасын күзеткен өрімдей жас жауынгерлер ауған тарапынан келетін қауіп-қатердің бетін қайтарып, заңсыз сауда-саттықтың жолын кесу мақсатында әскерге аттанған болатын.
Солардың қатарында 20 жастағы Дәулет Елеусізов те болды. Бүгінде Өскемен қаласында тұрып жатқан ардагер – екі сағатқа созылған сол шайқаста аман қалғандардың бірі.
Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауданына қарасты Ойшілік ауылының тумасы Дәулет Елеусізов құлдыраңдаған құлын шағынан газет-журнал оқуға құмар болып өсті. Әр мерзімді басылымда жарияланған жаңалықтарды қалт жібермей оқып қана қоймай, соңғы бетіндегі сөзжұмбағын да шешіп тастамаса, көңілі тыншымайтын.
– Бірде тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыс жайында жазылған мақаланы көзім шалды. Онда ауған содырларының озбырлығы туралы айтылыпты. Менде сол кезден бастап қаныпезер жаулармен күрессем, бейбіт елдің шекарасын қорғасам деген арман пайда болған еді. Бұл балаң ойымның кейін шын мәнінде жүзеге асарын кім білген? – дейді кейіпкеріміз.
Ол 1993 жылы қараша айында әскерге шақырылып, Шымкент қаласындағы 5485 әскери бөлімде азаматтық борышын өтейді. Бір күні тәжік-ауған шекарасын күзетуге баруға ниеттілерді іріктеп жатқанынын естіп, өзі барып тіркеліпті. Алайда кеңес одағының ыдырап жатқан тұсы болғандықтан, бұлардың тәжік-ауған шекарасына аттануы ұзаққа созылып, тек 1995 жылы ғана діттеген жерге жетеді.
– Алдымен ұшақпен Душанбе қаласына қонып, әрі қарай тікұшақпен шекараға табан тіредік. Бастапқыда Подкунов ауылы маңындағы шекара аумағын жіті қадағалауға алдық. Ағысы қатты Пяндж өзені екі елдің арасын бөліп тұр. Арғы жағында ауған жұрты болса, бергі жағы мамыражай күн кешкен тәжік ауылдары. Таулы аймақта біз жоғарыдан төмен қарай үш топқа бөлініп, бақылау жасадық. Бұл уақытта бізге тиісті аумақта оқыс оқиға болмады. Бір ауысым таудың құзар шыңын пана тұтса, келесі топ таудың сайлы-жыралы тұсын бақылады. Бір күні «УАЗик» көлігімен келген әскери адамдар басшылыққа біздің басқа жаққа ауысатынымызды айтып кетіпті. Оны біз кейін рота басшыларынан естідік. Бір жерде жата беруден жалыққандықтан, әуелгіде біз үшін бұл қуанышты жаңалық болды. Сөйтіп, 7 сәуір күні таңға жуық орталық жасаққа келіп, сол жерден Ресей мен Тәжікстанның роталары біздің колоннаға қосылды, – дейді Д.Елеусізов.
Бұлардың бет алған бағыты шекараның заңсыз есірткі, қару-жарақ саудасының қызған тұсы болса керек. Ол сонысымен де қауіпті еді. Алғашқыда ешқандай бөтен ой жоқ, басқа да роталардағы жерлестерін кезіктірген жандар жол-жөнекей ән айтып, әңгімелесіп мәз-майрам болып отырады. Бір кезде ұзын-сонар колонна Пшихарв шатқалына жеткенде кілт тоқтайды. Көліктен түскен барлаушы топ маңайды шолып көрмек болып тауға өрмелеп кетеді. Бұл уақытта Дәулет жүк көлігінде қарулас серіктерімен қосылып ән шырқап отырған еді. Бір кезде гүрс етіп қатты жарылған дауыс айналаның әлем-тапырығын шығарыпты.
– Гранатометпен атылған зымыран оғы колоннаның басындағы көлікті күл-талқан қылып жарып жіберді, – дейді ол. – Біз де жүк көлігінен жапа-тармағай жанталасып сыртқа шығуға кірістік. Бірақ бір-бірімізді итерісіп жатқанда менің аяғым есікке қысылып қалмасы бар ма? Қасымдағы достарымның бәрі сыртқа шығып кеткенде мен жалғыз қалып қойдым. Осы кезде тау басындағы гранатометтің тағы бір гүрс етіп атқан от ұшқынын көзім шалып қалды. Яғни бірнеше секундтан кейін оның оғы да бізге жетіп, тағы бір көліктің астан-кестеңін шығармақ. Мен аяғымды әрең шығарып алдым да, көліктен жерге секіріп түсіп, тығылатын қауіпсіз жер іздеп жан-жағыма қарадым. Қасымдағы сарбаздардың бәрі біз отырған көліктің артына барып бой тасалапты. Олардың жанына барайын десем, адамның көптігінен тығылатын орын қалмапты. Сосын бізден бірнеше метр жердегі әскери жабдықтар мен азық-түлік тиелген көлікке жүгіріп жетіп, алдыңғы дөңгелегінің астына домалай кеттім. Сол-ақ екен, гүрс етіп жарылған дауыс шығып, жалт қарасам, жаңа ғана өзіміз отырған жүк көлігі жарылып кетті...
Д.Елеусізов құлақ шыңылдатқан дыбыс біразға дейін басылмағанын, бір кезде көзін ашса, жанында болған сарбаздардың бәрі жан-жаққа шашылып қалғанын айтады. Бірінің басы жұлынып кетсе, енді бірінің ішек-қарны ақтарылып қалыпты. Арасында тірі қалғандары, бірақ ауыр жарақат алғандары да бар екен. «Сол кезде егер есікке аяғым қысылып қалып, іште қалып қоймағанымда мен де сол сарбаздардың арасында болар едім ғой. Осы сәт әлі менің есімнен кетпейді. Бұл да тағдыр шығар, соның арқасында ажал аранынан аман қалдым. Әйтпесе, қасымдағы жауынгерлермен бірге менің де күл-талқаным шығар ма еді?», дейді ол.
Азық-түлік пен қару-жарақ тиелген көліктің жүргізушісі бұны сабырға шақырғандай: «Бұл машина оларға керек, мұны атпайды», деп мырс етіп күліп қояды. Расында да, Дәулет жасырынған көлікке қарай жау оғы бағытталмады. Алайда шатқалда тұрған колоннаны жау әскері келесі беттегі таудың үстінен атқылап, оқты жаңбырша боратып жатқан еді. Тіпті бас көтеру мүмкін емес. Абырой болғанда, кешке қарай қосымша күш келіп жетіп, бұлар жау шабуылына тойтарыс беріп, қарсы шабуылға шығады.
– Тастан-тасқа ортекедей қарғып үйренген дұшмандар енді бізден қашудың амалын қарастырып, бас сауғалап, зым-зия жоқ болды. Біраз уақыт өткен соң, бізге жаралыларға көмектесу керек екендігі айтылды. Аудан орталығынан келген машиналарға жарақат алғандарды тасыдық, ал қаза болғандарды алуға ол күні мүмкіндік болмады. Таң атқанша дұшман жақты аңдумен болдық. Бірақ ешқандай оқ атылмады. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады сол түні. Ертеңінде таңға жуық оққа ұшқан сарбаздарды жинастырдық, – дейді кейіпкеріміз.
Пшихарв шатқалындағы сол қырғында колонна құрамында болған жүз шақты сарбаздың отыздан астамы жараланып, он жетісі қаза тапты. Осы оқиғадан кейін де Д.Елеусізов тәжік-ауған шекарасында екі ай болыпты. Заңсыз есірткі, қару-жарақ сауда жасаушылар өзеннің үстінен ұзын тросс керіп қойып, әрі-бері есірткі мен қару-жарақ өткізіп тұрған екен. Сол шынжыр жіп байланған қадауларды айналасындағы қиыршық тастарымен бірге жарып жіберіп, заңсыз сауданың жолын кеседі. Біраз күннен кейін басшылықтан адамдар келіп: «Егер мұнда қалуға қорықсаңдар, кері қайтуларыңа рұқсат», дейді. Алайда Дәулеттің кері қайтып кетуге намысы да, ары да жібермейді. «Мені ауылдан аттандырған әкем: «Әскерден ауылға қашып келсең, сирағыңды сындырамын», деген еді. Сондықтан мен бұл жерден абыроймен қайтуды мақсат тұттым. Соңғы екі айды аман-есен өткеріп, елімізге қайта оралдық», дейді ол.
Тәжік-ауған қақтығысының ардагері Отан алдындағы борышын абыройлы атқарып келген соң, Өскемен қаласындағы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімде қызмет етеді. Қаладағы №17 түзеу мекемесінде бақылаушы болып, кейін өңірлік қолбасшылыққа қарасты 3477 әскери бөлімге ауысып, қарауыл бастығы қызметін атқарды. Ал жауынгерлік қызметінің соңғы жылдарын 5518 әскери бөлімде өткізді.
Бүгінгі таңда тәжік-ауған қақтығысының ардагерлері қамшының өріміндей өзара тығыз байланыста. 7 сәуір қарсаңында жиі бас қосып, шейіт болған боздақтарды еске алады. Сонымен қатар әрдайым білім ордаларында ерлік сабақтарын жүргізеді. Бала кезден арманшыл азаматтың тағы бір арманы бар: Өскемендегі саябақтардың бірінен тәжік-ауған қақтығысының құрбандарына арналған ескерткіш-тақта қойылса игі дейді. Өлшеусіз ерлікке тағзым етіп, құрмет тұтатын ұрпақ барда ажалдың тырнағынан аман қалған жауынгердің бұл арманы да орындалып қалар.