Биде ұлттың тұтас болмысы жатады. Себебі би арқылы күллі таным-түсінік, салт-сана, құндылықтарды бейнелеп, бедерлеуге болады. Қимылымен күллі қазақтың, тіпті бар адамзаттың арман-мұрат, бітім-болмысын бейнелеген Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапалова сынды дарабоз дүлдүл, шын шеберлер салған би өнеріндегі соны сүрлеу, сара жолды табысты жалғап, жемісті еңбек еткен Тойған Ізім есімі бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Кәсіби сахнаға 17 жасында шығып, 27 жыл үздіксіз билеп, қазір Қазақ Ұлттық хореография академиясында шәкірт тәрбиелеп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессордың би өнеріндегі қолтаңбасы қандай дара болса, жүріп өткен жолы да дәл сондай тағылымды. Көненің көзін көріп, ғибратын бойына сіңірген парасатты жанның бекзат өнер туралы айтар ойлары терең, пікірі байыпты.
– Тойған Оспанқызы, өзіңізді көрсек, Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапалова сынды би өнері аңыздарының ізін көргендей ерекше толқитынымыз бар. Ал сіз ше? Ол тұлғалармен кездесіп үлгердіңіз бе? Жалпы, биге қадам басқан алғашқы жылдар, жастық шағыңыз туралы ойға алғанда есіңізге ең әуелі қандай естеліктер түседі?
– Рахмет, қызым. Оның рас, біздің жастық шағымыз өткен жылдар шынымен тағылымы мол тарихи сәттерге толы еді ғой. Өзің айтып отырған Шара, Нұрсұлу апаларымыздың көзі тірі, сахнаның сәнін келтіріп жүрген кезі. Ізінен аңыз ерген сондай тұлғалардың өнердегі өрелі жолын жалғау бақыты бұйырғанына өзімді шексіз бақытты санаймын. Шара апаны алғаш рет сахнадан көрдім. Бірақ ол кезде баламыз, ондай үлкен тұлғаның жанына барып, бата сұрап, тілдесіп қалуға батылымыз жете қоймады ғой. Алыстан көргеніміздің өзін аңыз ғып айтып жүретінбіз.
Кейін 1985 жылы Алматы облыстық филармониясы жанынан «Алтынай» би ансамблі құрылып, оның басы-қасында Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз жүрген болатын. Міне, сол ансамбльдің репертуарын Ольга Всеволодская-Галушкевич пен Шара Жиенқұлова жасады. Апамыз «Қазақ вальсі» және «Айжан қыз» деген билерді қойды. Мен сол кісінің қасында жүрдім. «Тайны танцев» деген кітабына қолтаңба жаздырып алғаным көз алдымда күні кешегідей сақталып қалыпты. Оны өмірі ұмытпаспын. Ал Нұрсұлу апамызбен кездесе алмадым. Ол кісінің билерін тек сахнадан көрдім. Жастық ұяңдығым ба екен, әлде сол жастық аңғалдыққа салып жақын араласуды құнттай қоймадым ба екен, жерлес болсақ та таныспаппын. Әттең-ай, қазір сол мүмкіндік қайта берілсе кездесіп, жақсылап әңгімелесер едім деп ойлаймын.
Нұрсұлу Тапалова орындаушылық шеберлігі мықты, өнерге жан-тәнімен берілген тұлға еді. Өмірі де өзгеше болған сияқты. Замандастары «Керемет биші еді» деп ауыздарының суы құрып айтып отыратын. Ұстазымыз халық әртісі, би өнерінің белгілі білгірі Сара Көшербаева Тапалова туралы айтқанда тоқтамайтын еді. Сонда «Нұрсұлу сахнада өрт болып жанып кететін» деп айтатын. Әлемге әйгілі Галина Улановамен бірге «Бақшасарай бұрқағы» спектаклінде сахнаға шыққан қазақтың тұңғыш бишісі ғой. Жұбайы, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы да ерекше адам еді. Ол кісі туралы да көп айтылмайды. Өлмес өнер тудырған сондай тұлғалардың есімі бүгінде елеусіз қалып, өшіп бара жатқаны өкіндіреді. Жарқын бейнесін біз жадымызда сақтайтынымыз сөзсіз ғой. Тек соны келешек ұрпақ ұмытып кетпесе екен деп алаңдаймын. Ондай тұлғаларын ұлтымыз ұмытпауға тиіс.
– Өміріңізден Өзбекәлі Жәнібековтей арда азаматтың ерек орын алатынын білеміз. Өнерге алғаш қадам басқан шағыңызда ағалық қамқорлығын аямаған Өзбекәлі өнегесі туралы толғанғанда тіл ұшына тұлғаның қандай тағылымы оралады?
– Өзағаң – қай салада болсын өзінің жарқын ізін қалдырған арда азамат қой. Ұлтқа қалтқысыз қызмет еткен нағыз ұлтжанды тұлға еді. Қазақты шексіз сүйетін. Сондықтан болар ұлттың келешегінен қатысты кез келген іске бейжай қарап көрген емес. Соның ішінде әсіресе қазақ би өнерінің өрлеуіне, жаңа деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты. 1970 жылы Торғай облысы ашылып, Өзбекәлі Жәнібеков сонда қызметке жіберілді. Ал 1971 жылы Алматы эстрада-цирк өнері студиясын бітіріп, дипломымызды қолға алған бізді де бірден жолдамамен жаңадан ашылған облыстың өнерін өркендетуге жіберді. Бүкіл топтан іріктеле келе бес-ақ бала Торғайға баруға тәуекел еттік. Сол уақытта «Торғай әуендері» атты эстрадалық ансамбль құрылып жатқан еді. Бесеуміз де соған қабылдандық. Өзбекәлі ағамызбен де сол жерде таныстық. Ол кісі бізді өз қамқорлығына алды. Сөйтіп, Өзағаның көмегімен Қазақстандағы алғашқы фольклорлық «Шертер» ансамблін құрдық. Ансамбльдің басы-қасында жүрген Өзбекәлі аға репертуардың қалыптасуына үлкен үлес қосып, киген киімдерімізді, музыкалық аспаптармен қамтамасыз етуімізді қадағалады. Қазақ аспаптарын жинаушы Болат Сарыбаевты, күйші-композиторлардан Мәлгаждар Әубәкіровті жанына алдырды. Қадыр Жетпісбаев ансамбльдің режиссерлігіне жауапты болды. Би маманы Ольга Всеволодская-Галушкевич те Өзағаңның шақыруымен Мәскеуден арнайы келіп, Торғайда қызмет етті. Соның бәрі айналып келгенде «Шертердің» репертуарын жасады, жаңа ұжымды биік белеске шығарды.
Торғайдағы Өзағаңның тағы бір ерлігі – 1972 жылы ашылған қазақ драма театрының кеңінен қанат жаюына, кәсіби биікке көтерілуіне көрсеткен қамқорлығы дер едім. Алматыдағы театр студиясын тәмамдап, Талдықорғанға кетейін деп тұрған жастарды Арқалыққа алып келіп, жоқ жерден театр ашты. Ағаштан салынған ескі мәдениет үйі бар болатын. Бәріміз де сонда жұмыс істедік. Күн болсын, түн болсын Өзаға репетицияны келіп көретін. Онда баламыз ғой: «Осы кісінің репетициямызды келіп көруден басқа жұмысы жоқ па?» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, мұның барлығы Өзағаңның ұлт алдындағы міндет-борышын тереңнен сезініп, жауапкершілігін мүлтіксіз атқарудағы ұлағатты ұстанымдары екен ғой. Жасымыз ұлғайып, бүгінде жетпістің желкесінен жүріп өткен жолдарға көз салғанда Өзағаңдай тұлғалардың бізге көрсеткен өнегесіне бас иіп, тәрбиесінен тағылым түйеміз.
– Қазақстандағы алғашқы фольклорлық ансамбль «Шертердің» шежіресі өздеріңізден басталған екен. Ұжымның репертуарлық саясаты қалай жүзеге асырылған еді?
– Бұл бір тарихи сәт қой. Репертуарға барынша ұлттық екпін түсіріп, ансамбльдің бейнелілік бояуын сол тұрғыдан бедерлеуге тырыстық. Мәселен, сол кезде «Айда былпым» атты биді, Торғай қазақтарының күйіне жас келіншектің биін қойдық. Кимешек, жаулық, ұзын қамзол киіп биледік. Соның бәрі халықтың көзайымына айналып, қайта жаңғырғандай болды.Сүгірдің күйлеріне, «Жезтырнақ» аңызы негізінде қойылған билерге де өзгеше өмір сыйлауға ұмтылдық. Музыкада «мажор», «минор» деген терминдер бар. Ал бізде мұны «оң бұрау», «теріс бұрау» дейді. «Жезтырнақ» атты биім осы теріс бұрауда Қызылмойын Қуандықтың күйіне қойылды. Байжігіттің күйлеріне де би қойдық. Осылайша, репертуарымыз қалыптасты. Ансамбльдің атағы алысқа тарады. Мұның барлығы, әлбетте, ең әуелі Өзбекәлі ағаның жүргізген дұрыс саясаты мен ерен еңбек, қажыр-қайратының арқасында болатын. Қазір фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер толып жатыр. Оларда тарсыл-гүрсіл көп. Тіпті «Көңілашар» сынды күйлердің өзінің өңін қашырып жіберді. Ал бұл күйді домбырамен тыңдасаңыздар, басқаша шығады. Құрманғазының «Балбырауыны» қандай әдемі күй. Кезінде Ахмет Жұбанов: «Балбырауынның» тұла бойы тұнып тұрған би» деп айтқан екен. Сүгір бабамыздың, Тәттімбеттің күйлері – нағыз лирика. «Шертердің» кезінде биге арнайы көптеген әдемі күйлер шықты. Ол уақытта біз би қимылдарын кәдімгідей ел аралап жүріп іздейтін едік. Себебі би өнері ұлттың жанын, болмысын бейнелейді. Өкінішке қарай, бүгінде өнерге деген көзқарас мүлдем басқаша. Қазір халықты тәрбиелеуден гөрі өзін сахнада көрсету белең алды. Сол тұрғыдан тамырымыздан ажырап бара жатқан сияқтымыз. Сондайда қазіргі өнерге де бір Өзбекәлі керек еді деп армандайсың...
– Арман дегеннен шығып отыр. Жалпы, би өнеріне қалай келдіңіз? Бұл сіздің бала күнгі арманыңыз ба еді?
– Ақтөбе қаласындағы Мақсот Құсайынов атындағы мектеп-интернат біздің кезімізде малшылар мен теміржолшылардың балаларына арналған интернат болды. Мен де сол жерде оқыдым. Интернаттың кітапхана қоры бай еді. Үйірмелер де көп болатын. Домбыра да тарттым, хорда ән де айттым, бірақ биге бүйрегім ерекше бұрды. Мектеп-интернаттағы би үйірмесімен шектелмей, облыстық Мәдениет үйіне де барып жүрдім. Менің осы жолды таңдауыма Үміт Ғайнуденова, Байназар Қоңырбасов, Виктор Ящук сынды ұстаздарымның сіңірген еңбегі зор. Сөйтіп, 1968 жылы мектепті тәмамдаған соң, Алматыдағы эстрада-цирк өнері студиясына оқуға тапсыруға талаптанып көрдім. Бірақ мұнда талапкерлерді екі жылда бір рет қабылдайды екен. Оны естіп, көңіл күйім бұзылып, арманымның күл-паршасы шыққандай шарасыз күйге түстім. Қасымдағы менімен бірге келген қыздар: «Басқа мамандыққа тапсыра берсейші, бір жылыңды босқа өткізесің бе?» деп үгіттей бастады. «Жоқ, биші боламын» деп қырсығып тұрып алдым.
Бір жыл бос жүрмей, жұмыс істейін деп Ақтөбеге қайтып келдім. Онымен 17 жастағы қызды жұмысқа кім алсын? Бірталай жерге барсам да ештеңе табылмады. Көп ұзамай «сені Геннадий Шульга іздеп жатыр» деген хабар келді. Концертте 1-2 рет көргенім болмаса, жақын танымайтын адамым, Ақтөбеге әйгілі әнші екенін ғана білемін. Шақыртуды тосырқай қабылдап, жүрексіне барып кабинетінің есігін қақтым. Өте парасатты адам екен. Мені оқушы кезімде Ақтөбенің сахналарында билеп жүргенімде көргенін, жұмысқа қабылдағысы келетінін айтты. Сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сөйтіп, дипломсыз-ақ 17 жасымда Ақтөбе облыстық филармониясына биші ретінде қызметке қабылдандым. Мұнда тура бір жыл еңбек еттім де, Алматыға келіп өзім қалаған студияға оқуға түстім. Осы орайда Геннадий Шульганың ағалық қамқорлығын, жастарға деген риясыз көңілін ерекше атап өткім келеді. Әр сұхбатымда мені кәсіби өнерге жетелеп, өнегесімен есте қалған ағаға алғыс айтуды парызым санаймын.
– Ал Тойған қандай бала болды?
– Біз енді соғыстан кейінгі ұрпақпыз ғой. 1951 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе облысының Хромтау ауданы, Мамыт ауылында қарапайым шопанның отбасында дүниеге келдім. Арманшыл болдым, өнерді ерекше жақсы көрдім. Үйде 4 ағайындымыз. Негізі әкем — торғайлық. Бірақ қиын-қыстау уақытта осы Ақтөбе облысында тұрақтаған екен. Оспан әкем атадан жалғыз болған. Ағамнан кейін өмірге мен келгенімде: «О, енді менің ұлым да, қызым да бар. Тойдым, Аллаға шүкір» деп есімімді өзі қойыпты. Соғысқа қатысып келгені бар, ауыр еңбектің зардабы да тиген болуы керек, әкем арамыздан ерте кетті. Есейе келе, бәрін ой елегінен өткіземіз ғой, әкем еңбекқор адам ретінде есімде қалды. Анам Балдай да өте парасатты жан еді. Балаларын қатардан қалдырмай, біздің әрқайсысымыздың жақсы адам боп қалыптасуымызға қолдан келгеннің бәрін жасады. Бала-шаға, немере-шөбересінің қызығын көріп, 2016 жылы өмірден өтті.
– Жалпы, би өнері әйел адам үшін өте қиын мамандық саналады. Сіздің талантты биші, білікті ұстаз екеніңізді білеміз. Ал өмірде ше? Бақытты әйелсіз бе?
– Рас, би оңай өнер емес. Әсіресе қыз баласы үшін бұл саланың қиындығы мол. «Не өнер, не отбасы» деп таңдау жасауға тура келетін де жағдайлар болады. Бірақ Жаратқанға мың да бір шүкір деймін. Алла менің өнеріме де, өміріме де батпандай бақ беріпті. Өнерде Шара Жиенқұлова, Өзбекәлі Жәнібеков сынды қазақ руханиятының майталман тұлғаларының тәлімін көрдім. Осы би өнерінің арқасында көптеген игі жақсылармен танысып, араласудың сәті түсті. Талай дос-жаран таптым. Әлемнің түкпір-түкпірін араладым. Би өнері өмірімнің мәніне айналды. Биші боламын деп армандап, Алматыға келіп оқуға түскенде өзімнің өмірлік серігімді жолықтырдым. Курстасым, жолдасым Үсен Мақан да – өнер адамы. Қазақ биінің фолькорлық үлгісін дамытуға ерекше үлес қосты. Кезінде екеуміз сахнада жұп болып та талай биледік. Оған сол кездің көрермендері куә. Өкінішке қарай, 2010 жылы өмірлік серігім қайтыс болды. Айбек пен Жәнібек атты ұлдарымыз бар. Тұңғышымызды ата-әжесі бауырына басты. Ал Жәнібек жолымызды қуып, балетмейстер болды. Қазір өзіммен бірге академияда сабақ береді, екеуміз әріптеспіз. Бос уақытымды немереме арнауға тырысамын. Осындай нығметті бір басыма үйіп-төгіп бергені үшін Аллаға мың да бір шүкір деймін.
– Сіздің аузыңыздан ұлттық өнер деген тіркесті жиі естиміз. Өткеніңізге көз салсаңыз қазақ өнері үшін істеген қандай өнеріңіз жаныңызға мақтаныш ұялатады?
– Ең бірінші кезекте халық мені орындаушы, яғни биші ретінде біледі. Халық билерін сахнаға қайта әкелдім. Себебі бір уақытта «қазақта би болмаған» деп әңгіме айтқандар да ұшырасты ғой. Екіншіден, ғылымға қосқан аздаған үлесім — би бойынша қазақ тілінде алғашқы болып кандидаттық диссертация қорғадым. Тақырыбы — «Қазақ биінің даму кезеңдері». «Салтанат» және «Алтынай» би ұжымдарының шығармашылығын жан-жақты зерттедім. Сондай-ақ қазақ тілінде білім алатын болашақ бишілер үшін шетелдік және отандық хореографияның тарихы туралы оқулық жаздым. Жалпы, осы сала бойынша мемлекеттік тілдегі бірнеше кітаптың авторымын. Әйтпесе бұған дейін барлығы орыс тілінде еді. Құдайға шүкір, қазір шәкірттерім де докторлық диссертациясын қазақ тілінде қорғап жүр. Түсіне білгенге бұл — үлкен жетістік.
– Үлкен мектеп көрген мамансыз. Бүгінгі би өнерінің мәдениетін қалай бағалайсыз? Көркемдік деңгей, жалпы ізденіске көңіліңіз тола ма?
– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Рас, біздің кезімізде қазақ биіндегі ең басты мәселе – сахна этикасы болатын. Көйлектің ішінен шалбар, шаш, етік, әшекей бәрін сахна заңдылығына сүйеніп киетінбіз. Қазақ өзі жалтыраған дүниелерден аулақ болған ғой. Уақытында КазТО дейтінбіз (казахское театральное общество) соның шеберханасында киім тіккізетінбіз. Ұлттық киімдерімізге дұрыс ою салу, желбіршектерін белге дейін салмау, камзолды теріс жағынан киіп, артынан ілгектемеу соның барлығы үлкен мәселе болды. Сахналық киімдер Өзағаның кезінде мұражай қорындағы ұлттық киімдердің үлгісімен тігілді. Ол кісі киімге салынатын оюларға қатты көңіл бөлді. Текеметке салынатын ою бір бөлек, кілемге салынатын ою басқа деп бөлетін. Киімге де солай. Аяқ киім мен бас киімге салынатын оюлардың арасы жер мен көктей. Қыздар қамзолы мен жігіттердің киіміндегі оюлар да әртүрлі. Өзағаңның көзі тірісінде үлгеріп жасап кеткен ең құнды дүниесі – ол екі томдық ұлттық киім туралы кітабы дер едім. Кейінгі жас дизайнерлер соған сүйенсе болады ғой. Бірақ олар көп нәрсені түсінбейтін сияқты. Заманға сай жұмыс істейміз деп көп дүниенің байыбына тереңнен бойламайды. Сол өкінішті. Бишінің киімі қозғалғанға икемді, матасы таза, пішіні келісті болуы керек. Қазіргі әншілердің киіп жүрген неше түрлі формадағы бас киімдері, көйлектерін көріп жүрміз. Ал биге олардың түкке де керегі жоқ. Сахнада жүрген өнерпаздар соған мұқият болуы керек. Өнер адамы ең әуелі сахна арқылы халықты тәрбиелейтінін ұмытпаса игі.
– Ал қазіргі билердің сарынына қаншалықты көңіліңіз толады? Жеке бишілердің өзін ашуына не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Жеке бишілердің өзін ашуына көңіл, пейіл, сосын, әрине, жылы алақан жетіспейді, яғни оларға қолдау керек. Әйтпесе мықты жеке бишілерді шығаруға болады. Жалпы, қазіргі бидің сарынына көңілім толады. Себебі уақыт бір орында тұрған жоқ қой. Заман талабы да өзгереді. Бір ғана қорқыныш, бірін бірі қайталап кетпесе екен деген алаң ғана. Қалғанының барлығы қалыпты. Бастысы, бүгінгі биде көңіл толарлық ізденістер бар.
– Бүгінгі қазақ балетіне қандай баға бересіз? Балеттегі ұлттық тақырыптардың көтерілуіне қанағаттанасыз ба?
– Кезінде Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрында 1970 жылдары біраз ұлттық дүниелер сахнаға шыққан еді. Соның ішінде «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу», Олжас Сүлейменовтің «Қыш кітабы», «Ақсақ құлан», «Әлия», «Мәңгілік алау» секілді ұлттық нақыштағы балеттер тың шешіммен сахнаға шығып, ұлттық балетімізді жаңа бір белеске көтеріп тастап еді. Бірақ арада біраз үзіліс болып қалғаны және рас. Бұл «қоймайын» деген кертарпа пиғылдың кесірі емес, керісінше, ұлттық балет жазатындардың жоқтығынан болған олқылық деп санаймын. Дегенмен қазір ұлттық дүниелерге жақсы көңіл бөлініп жүр. Мәселен, Астана балет театры осы бағыт бойынша тыңғылықты іс атқарып келеді. Бишілеріміздің мүмкіндігі де, орындау техникасы да таңдай қағарлықтай. «Бейбарыс сұлтан», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Жусан», «Әлем» сынды балеттер өзіңіз айтқан балеттегі біраз олқылықтың орнын толтырғандай. «Астана балет» ұжымы бүгінде ұлттық балет пен заманауи бидің тамаша синтезін тудырып жүр. Осы орайда айта кететін бір мәселе – біздің композиторлар балет жазуға аса құлықты емес. Ал бізге, ең алдымен, балет қоймас бұрын композитордың музыкасы керек.
Осы жағы қолға алынса, ұлттық балеттеріміз де сахнадағы салтанатын жалғастырары сөзсіз.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Ұлттық құрылтайда мәдени мұра тақырыбын көтерді. Ұлттық билер де осы мұраның бір бөлігі екені сөзсіз, оны сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Президенттің Ұлттық құрылтайда көтерген мәдени мұра тақырыбы бүгінгі күні кең талқыланып отыр. Қазақ халқының мәдени мұрасы туралы жіктеп-жіліктеп айтуға болар. Соның ішінде би өнері мәдени мұра ретінде халықтың болмысын білдіретін құндылықтардың бірі екені даусыз. Бүгін біз би мәдениетіне жатқызып отырған ықылым заманнан келе жатқан талай билердің бар екеніне зерттеушілердің еңбектері арқылы көз жеткізіп отырмыз. Хореография өнерінің ғылыми айналымға кеш енгені белгілі. Міне, соған байланысты енді-енді тарих қойнауына үңіле бастағандаймыз. Бүгінде ертеден халықпен бірге жасасып келе жатқан «Бақсы ойынынан» бастау алып, «Аю биі», «Құр биі», «Буын биі», бертін келе «Ұтыс биі», «Қоян-бүркіт», «Келіншек», «Киіз басу», т.б. билер кейінгі ұрпаққа таныс. Осы билерді зерттеп, ғылыми негіздемесін табуда ғалымдар аянбай еңбек етіп келеді. Ал Қазақстан кәсіби өнерінде қалыптасқан сахналық қазақ биінің «Алтын қорын» жинақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыруда бүгінгі білім беріп жүрген оқытушылардың еңбегі ерен. Қазақтың қарлығаш бишісі Шара Жиенқұловадан бастап, Әубәкір Ысмайлов, Дәурен Әбіров, Зауырбек Райбаев, Ольга Всеволодская-Голушкевич, Диляфруз Қияқова, Ментай Тілеубаев сынды аға буын шығармашылығы туындатқан билерді оқып меңгеру білім бағдарламасына еніп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»