• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 15 Сәуір, 2024

Қазақтың қайсар ұлы

230 рет
көрсетілді

Ресейдің ірі аймақтарының бірі – көмірлі Кемерово облысының тізгінін ­жиырма жылдан астам уақыт ұстаған губернатор, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Төлеев 13 мамырда 80 жасқа толар еді. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ» деген емес пе, ол бұл күнге жете алмады, 80-ге қараған шағында өмірден озды. Солай екен деп, Қазақ елі, оның ішінде шымкенттіктер, асыл азаматты ұмытқан жоқ. Нақты айтсақ, біз осы айтулы күннің қарсаңында белгілі ғалымдар мен елімізге танымал зиялы қауым өкілдерінің, Амангелді Молдағазыұлымен қызмет еткен Кемерово облысының зиялы азаматтары мен көзін көрген замандастарының, туған-туыстарының, шәкірттерінің қатысуымен халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.

Бұл арада «Шымкент неге жұрт­тан бұрын қозғалып жатыр? Оның бұл өңір­ге қандай қатысы бар?» деген сұрақ туын­дауы мүмкін. Оған жауабымыз дайы­н. Оның әкесі Молдағазы Ақтөбе облы­сындағы Ойылда туғанмен, саналы ғұмы­рының бір кезеңінде біз­дің өңірде қызмет істеген. Төлеевтер отба­сы­ның арғы тари­хы да біздің өңірмен бай­ланысты. Аман­гел­ді Төлеевтің әкесі ғана емес, аталары да Шардарада тұрған, бәрі де қайтыс бол­ғаннан кейін осы қаладағы Мүлкі ата зиратында жерленген. Амангелді Мол­да­ғазыұлы журналис­терге берген бір сұх­батында: «Естіген бойда, Қазақстанға, Шардараға тарттым, әкемнің басына барып, ауыл молдаларын шақыртып, Құран оқыттым. Әкемнің моласын табуға оның бірге туған бауыр­лары көмектесті. Кіші ұлым Андрей Ташкентте авиация инс­ти­тутында оқыды ғой. Қолы қалт еткен кезде Шардарадағы туысқандарға келіп, әкемнің басына жиі баратын еді», дейді.

Иә, оның осы өлкені туған жеріндей көргенін, атажұртына ат ізін салғанда көп аралаған, көңілін сергіткен даласы да, жанына жалау іздегенде тыныштық табатын рухани ортасы да осы топырақ болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ажалдан шет болып, 80 жылдық мерейтойын қандас-бауырларымен елімізде атап өтсе, сөз жоқ, ол осы ортаны таңдаған болар еді.

Төлеевті тану біздің бүгінгі және келер ұрпағымызға қажет. Өйткені ол  –  ата­жұртынан шалғайда жүрсе де, ақыл-парасатымен, болмыс-бітімімен ұлты­ның мерейін өсіріп, елінің абыройын асқақ­татқан атпал азамат. Олай болса, негізгі әңгімемізге кіріспес бұрын, оның өмір жолын бір шолып шықсақ, артық бол­мас.

Амангелді Молдағазыұлы Төлеев 1944 жылы Түрікменстанда өмірге келген. Шыққан тегі – Адай, Балықшы руынан, Балуаннияз батырдың ұрпағы. Анасы Мунира Насырова – татар-башқұрт қызы.

Амангелді Төлеевтің әкесі Молдағазы тағдырдың ауыр тауқыметімен оның ана­сынан айырылысып қалғанда, ана­сы бес жасар Амангелдіні алып Баш­құрт­стан­дағы туыстарын жағалап, Сібірдің Кузбасс өңіріне қоныс аударады. Бірақ ұлына «Сен қазақтың баласысың, әкеңнің аты – Молдағазы» деп үнемі айтып оты­рады екен. Күйеуінен байланысын үзіп алған Мунира И.Власов деген аза­матқа тұрмысқа шығып, жаңа отбасын құра­ды. Иннокентий Власов Амангелдіні өз ұлындай тәрбиелейді. Төлеев есею жыл­дарын еске алғанда, өгей әкесін өз әке­сін­дей көргенін сағынышпен еске алады.

Ресейдегі Тихорецк теміржол техникумын, Новосібір теміржол институтын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын 1964 жылы Кемерово облысында теміржолшы бо­лып бастаған Амангелді 1967–1985 жыл­­дары Новокузнецкідегі Мұнайбашы, Меж­­ду­реченск стансаларының бастығы, Кемерово, Новокузнецк бөлімшесі бас­тығының орынбасары, бөлімше бастығы, 1985–1988 жылдары Кемерово облысы партия комитетінде көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі, 1988–1990 жылдары Кемерово аймағы теміржолдарының бастығы болды. 1990–1993 жылдары РКФСР Жоғарғы кеңесінің депутаты, Кемерово облысы халық депутат­тары кеңесінің төрағасы, 1994–1996 жылдары облыстағы заң шығарушы жина­­лыстың төрағасы, 1996–1997 жылдары Ресейдің Тәуелсіз мемлекеттер дос­тас­ты­ғы елдерімен қарым-қатынас министрі қызметтерін атқарды.

Кемерово облысының теміржол саласында, бірқатар билік органдарында жа­уапты қызметтер атқарып, еңбек көрігінде шыңдалған, тәжірибе жинақтаған ол 1997 жылы осы аймақтың губернаторы болып тағайындалды. Сөздің шыны сол, ол бұл қызметке кездейсоқ топ ете қалған жоқ. Сөзі мен ісінде алшақтық жоқ, үнемі қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретін, ешкімнен қаймығуды білмейтін, өмірлік ұстанымы өте берік, қырқында қамал алуға ұмтылып тұрған осы бір жігерлі жігіт жұрт назарына ерте іліккен еді. Өңірді мекендеген қалың ел Амангелді Төлеевті халық мүддесін бәрі­нен жоғары қоятын мемлекетшіл, адал азамат деп таныды, құрметтеді, оған қалт­қысыз сенді. Соның бір айғағы – 1991 жы­лы өткен Ресей президенті сайлауында Кемерово теміржолының кеншілері мен жұмысшылары оның осы додаға түсуін қалап, президенттікке кандидат етіп ұсынды. Сайлау қорытындысында 6,81 пайыз дауыс жинап, алты кандидаттың арасында, Борис Ельцин, Николай Рыжков және Владимир Жириновскийден кейінгі төртінші орынға тұрақтады. Бұл жат елде жүрген қазақ азаматы үшін үлкен жеңіс еді!

Десек те, ол халықтың есінде Кемерово облысының губернаторы ретінде қалды. Жиырма жылдан астам уақыт тізгінді нық ұстап отырды, өңір тұрғындарына, Ресей мемлекетіне жан-тәнімен адал қызмет етті. Сол жансебіл еңбегінің жемісі шығар, Кемерово облыстық халық депутаттары кеңесі 2014 жылы желтоқсан айында оған «Халық губернаторы» ата­ғын берсе, 2015 жылғы қыр­күйек айында өткен сайлау­да дауыс беруге құқылы өңір тұрғындарының 97 па­йы­зы оның канди­да­тура­сын­­ қолдады. Осы бір жайт Аман­­гелді Мол­даға­зы­ұлы­ның об­лыс халқының ара­­сын­­д­а­ғы абырой-беде­лі­нің өте жо­ғары болғанын көр­­се­теді.

Амангелді Молдағазыұлы Мәскеудің «Вече» (2021 жыл) баспасынан 5 мың дана таралыммен жарық көрген «Беласу» («Преодоление») деп аталатын ғұмыр­намалық кіта­бында, сөз реті келгенде айта кетейік, оның қаламынан туған басқа да еңбектер аз емес («Долгое эхо путча» (1992), «Власть в руках человека и… человек в руках власти» (1993), «На изломах жизни…» (1993), «Цена иллюзий» (1995), «Отечество – боль моя» (1995), «Судите сами» (1996), өзінің жас­тық шағы, көрген қиындықтары, сая­сат­қа қалай келгені туралы әсерлі әңгі­ме­­лейді.

Ата-анасы ол туғанда керемет қуа­нып, халық батыры Амангелді Има­нов­тай болсын деп, атын Амангелді қо­йыпты. Ал төлқұжат аларда өгей әкесі шақырып алып, аты-жөнінің тым ұзақ, тілге қиын екенін айтып, атын сол қалпында қал­ды­рып, әкесінің атын Иннокентьевичке ауыс­тыруды сұрайды. Оған анасы да қарсы болмаса керек. Алайда паспорт үстеліне келген ол аты-жөніңізді қалай жазамыз деп сұрағанда, Амангелді Молдағазиевич деп жазылуын­ қалайтынын жеткізеді. Үйге келіп төлқұжатын көрсеткенде бәрі таңғалады. «Мен сол сәтте неге солай істегенімді білмеймін. Алайда талай жылды артқа тастаған кезде адам тегін, аты-жөнін, ұлтын ауыстырмау керек екен деген ой түйдім. Әйтпегенде сен өз-өзіңді сатып кеттің деген сөз», деп жазады.

Қанша дегенмен кейін ол атын өзгер­туге мәжбүр болады. «Бұл есіміммен не көрмедім! Тіпті бірінші президенттік сайлауда (1991) адамдар менің аты-жөнімді оқи алмай әдейі үш-төрт минутқа созып, содан соң, өзі қазақ, көзі қысық, «сен кімсің, қайда барасың?» деп айғайлаған кездер болды...Өзім де сол аты-жөнімді айтуға шорқақ болдым. Оны анама айттым. Маған жұмысқа тұрып, адамдармен сөйлесу керек. Анам маған қысқа ат таңдауға көмектесті. Сөйтіп, Аман Гумирович атандым».

Ғасырлар тоғысында Ресейдің, жалпы бұрынғы кеңес одағының құрамында болған мемлекеттердің қандай күй кеш­кенін білеміз. Ондаған жыл бойы қордаланған әлеуметтік, экономикалық, демографиялық, таптық, саяси, ұлттық, мемле­кетаралық қайшылықтардың әбден шиеленіскен тұсы еді бұл. Елдегі басқару моделі өзгеріске ұшырап, оның ең озық тәжірибелері керексіз болып қалды. Экономикадағы әлеу­меттік тәртіп ережелеріның іс жүзін­дегі барлық аспектісі мен оның инфра­құрылымдары бұзылды. Эконо­ми­каның тар тұжырымдамасына және қысқа­мерзімді қаржылық мүдделерге екпін беру тоқтатылды. Осылайша, Ресей қоға­мында экономикадағы барлық билік ат төбеліндей бақуатты топтың уысына жинақталып, ұшан-теңіз байлық қоғамды қақ бөліп, әлеуметтік теңсіздіктің отын лаулатты. Амангелді Молдағазыұлы түбегейлі реформасыз ілгері басу, өте күрделі әрі қиын мемлекеттік мәселелерді шешу мүмкін емес екенін түсінді. Алайда оның «қол-аяғын матап», оңнан да, солдан да қақпақылдаушылар көбейді. Басқаларды былай қойғанда, оның саяси көзқарасы мен талғам-парасаты, таңдап алған жолы сол кездегі мемлекет басшысы Борис Ельцинге де әр кез ұнай бермейтін. Оған қарап жатқан Төлеев жоқ. Өйткені ол жалтақтауды білмейді. Халықтың, өзі басқарып отырған аймақтың мүддесі үшін кіммен болса да ұстаса кетуге дайын. Бұлай өмір сүруге болмайды, сондықтан ол «Жаңа экономикалық бағыт» деген бағдарламалық реформалардың үлкен пакетін дайындау жөнінде ұсы­ныс жасады. Өзінің бұл ұсынысы қабыл­дан­бағандықтан, аймақ губернаторы президентке ашықтан-ашық қарсы шықты. Амангелді Молдағазыұлы халық игілігі үшін ештеңеден тайынбады. Нақ осы уақытта зор жауапкершілікті мойнына ілген ол табиғат берген ұстамдылық пен байсалдылық, зиялылық пен кемел­ділік келбетін де жоғалтқан жоқ.

Амангелді Молдағазыұлы – үш қанат­­ты қайраткер. «Өзінің арғы тегінен ажыра­­маған адам – «Аспан адамы», рухани бас­тауынан бөлінбеген адам – «Қасиетті адам», шындықтан бөлінбеген адам – «Кемел адам» деген екен қытай кемеңгері Чжан Цзы. Осы үш талапқа да жа­уап бере алған тұлға Мәскеуде Ресей халық Ассамблеясы ұйымдастырған оппозициялық митингілерге қатысып, президент Борис Ельциннің жүргізіп отырған саясатын, Егор Гайдар бастаған Ресей үкіметінің экономикалық бағдар­ла­масын қатты сынай бастады. 1993 жылы қазанда Президент пен Жоғарғы кеңес арасындағы қақтығыс кезінде парламентті таратуға қарсы болды. Ол халық депутаттарының съезін Мәскеуден Кемеровоға көшіруді ұсынды. Бұл оның көзсіз ерлігі еді.

1993 жылдың 12 желтоқсанында Амангелді Төлеев №42 Кемерово қос­мандатты сайлау округі бойынша Ресей Федерациясы Кеңесі бірінші шақы­рылымының депутаты болып сайланды. Ол ақиқатты айтудан, көкейкесті мәселелерді көтеру әдетінен танған жоқ, шешім қабылдауда сауатсыз қызметкерлердің мысы басым екенін, соның салдарынан Ресей орасан зор қателікке бой алдырып отырғанын айтып, Ельцин билігін сынаумен болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Адал адам дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар», деген болатын. Осы сөздердің дұрыстығына дәлел іздесек, осы бекзат қасиетті бойына сіңірген, жат жерде оттай маздап өмір сүрген Амангелді Төлеевтің өмір жолына үңілуіміз керек. Ол нағыз адал адам еді!

Кемерово халқы оның қолының, жүзінің, жүре­гінің тазалығына бас иді, сол үшін жақсы көрді, қолдады.

Амангелді Молда­ғазы­ұлы Төлеев – Кемерово өміріндегі тұтас бір дәуір. Сая­саткерді мәңгілік сапарына шыға­рып салу рәсімінде сөз сөйлеген өңірдің жаңа губернаторы Сергей Цивилев Кузбастың тұтас тарихы Амангелді Төлеевпен байланысты болғанын, оның ай­мақты қиын-қыстау ке­зең­де басқарып, сол кез­дегі дағдарыстан шығара бі­л­генін айрықша атап өтті. «Кузбастықтар Аман Төлеев­ті өз қызметінде әрқа­шан халық мүд­де­сін бірінші орынға қоятын нағыз халық­тық губернатор ретінде еске алады», деді ол.

Ресей президенті Владимир Путин де Амангелді Төлеевтің еңбегін жоғары бағалады. Ал Федерация кеңесінің төр­ағасы Валентина Матвиенко Төлеевті білетін әрбір адам оны адалдығымен, өз ұстанымдарына беріктігімен, ең қиын жағ­дайда жоғары нәтижелерге қол жет­кізе алатындығымен, адамдарға деген шынайы қамқорлығымен бағалайтынын атап өтті. Ол: «Амангелді Молдағазыұлы – беделді де тәжірибелі мемлекет қай­рат­к­ері, өмірінің соңғы күніне дейін Отанға адал қызмет еткен нағыз кәсіби маман болды. Жиырма жылдан астам Кузбасты басқарған ол өңірдің дамуы мен өркендеуіне баға жетпес үлес қосты, экономикасы мен әлеуметтік саласын жаңа сапалық деңгейге шығарды», деді.

Башқұртстан Құрылтайының төр­аға­сы Константин Толкачев Төлеев «Ішкі саясаттың патриархы», «өз атын Кузбастың және бүкіл Ресейдің тарихына жазған көшбасшы» деген пікірде. «Федералдық деңгейдегі саясаткер, елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Аман Төлеев Ресей мемлекеттілігі мен федерализмінің қалыптасуына елеулі үлес қосты», деп баға берген ол, әсіресе Төлеевтің адалдығына, даналығына, ең күрделі мәселелерді шешу барысындағы шығармашылық көзқарасына, әдептілігі мен ізгілігіне тәнті екенін дәттейді.

Бір өзі – біртұтас дәуір. Күрделі, жарылысқа толы кезеңде, бүкіл ел ереуілге шыққанда облыс билігін өз қо­лы­на алып, Ресейдегі ең мықты басшы­лар­дың біріне айналған Кузбасс губернаторы Амангелді Төлеевтің есіл еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Ресей мемлекетіне сіңірген еңбегі үшін осы елдің басшылары Борис Ельциннің де, Владимир Путиннің де қолынан  елеулі орден алды. Соның ішінде IV, III, II, І дәрежелі «Отанға сіңірген еңбегі үшін» ордені бар. Ол – Моңғолия Ғылым академиясы Ұланбатыр универ­сите­ті­нің құр­метті профессоры, Халық­ара­лық ақпараттандыру, Халық­ара­лық инже­нер­лік ака­демияларының толық мүшесі. Қазақ­стан педагогикалық ғылым­дар акаде­­мия­­сының шетелдік мүшесі.

Ел басқару – биік өнер. Ол әркімнің қолынан келе бермейді. Амангелді Төлеев – сол биік шыңдарды толық бағындырған тұлға. Амангелді Молдағазыұлы кезінде Үндістан премьер-министрі Раджив Ганди­­дің «Үндістанда бір баланың қарны ашса, оған мен кінәлімін» деген формуласымен жүрді. Оның Кемероводағы кез келген апатқа өзін кінәлі санауы – нағыз халықшылдығы еді. Көмірлі аймақтың халқы оны осы қасиеті үшін төбесіне көтеріп, әулие көрді.

Амангелді ағамыз өзінің атына сай рухы мықты нағыз батыр еді. Тарихта қаншама қайраткер болса да, олардың санаулысы ғана аса ауыр жүкті арқалап, сыннан мүдірмей өтеді екен. Өзінің алдына қойған мақсаты мен мүддесін адал атқарған сондай бауырымыздың бірегейі – асыл текті Амангелді Молдағазыұлы.

Ақиқатында, әр жанның өлшеулі бағы мен мұңы болады. Билік басында жүрген адамдар өз қасіретін жүрек түкпіріне жасырады. Осындай сәттерде Амангелді ағамыздың туған халқы мен қазақ даласын тірек көргені анық. Оған өзімен сұхбат құрған журналиске: «Маған жұмақтың төрі қайда десе, оған қазақ жерінде деп жауап берер едім. Себебі қазақ жерінде әкемнен бастап жеті атамның сүйегі жатыр. Қазір қанаты қайырылып қалған құстай болып отырмын», деуі де айғақ бола алады.

Халқымызда «Ер – елдің ық жағының қал­қасы, жел жағының панасы» деген сөз бар. Ол – еліміздің солтүстігіндегі ақы төлен­бейтін елшісі, яғни панасы болды. Оған бірнеше рет қастандық та жасалды. Бірақ қаскүнемдер оны алған бағытынан тай­­дыра алмады. Ол бірнеше рет террориспен бетпе-бет кездесіп, өміріне қауіп төнгеніне қарамай, адамдарды ажалдан құтқарды.

Ұлы тұлғаларымыздың есімін құр­мет­теп, ұрпақ жадында қалдыру біздің асыл міндеттеріміздің бірі болуға тиіс. Ол біздің ата-баба алдындағы қасиетті парызымыз болмақ. Бұл халық үшін керек, өйткені Амангелді Молдағазыұлы сыртта жүрсе де, жеке үлгісімен ұлтына қызмет етті, халқының адал ұлының қандай болатынын кейінгілердің жүрегіне құйып кетті. Олай болса, халқы үшін еңбек еткендер, тарихта да, халықтың санасында да қалуға құқылы. Шығыстың ұлы ша­йыры Жалаладдин Руми: «Ұлы адамның бейітін жер бетінен іздемеңдер, олар өз халқының жүрегіне жерленеді», деген екен. Амангелді Молдағазыұлының есімін өз елі де, атажұрты да ұмытпайды.

Есіл ердің есімін ел есінде қалдыру үшін заңдылыққа сай жұртшылық тарапынан Астана, Алматы, Шымкент қалаларында көше­лерге есі­мін беру, Қазығұрттағы «Мәң­гі­лік ел» сая­бағына зәулім ескерткішін тұр­ғызу ұсынылды. Мұны лайықты іске асыру жауапты азаматтардың парызы деп білеміз.

 

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы