Түн жарымында әлеуметтік желіде Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылын су басты деген ақпарат тарады. Әйткенмен, жағдай әлеуметтік желі қолданушылары таратқандай ушықпаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, бастапқыда жеті аулаға және Мұхтар Әуезов атындағы мектеп ауласына су кіргені анықталған. Ал соңғы мәліметке жүгінсек, отыздан астам аулаға су кірген. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бастап, төтенше жағдайлар департементінің мамандары қоштап, дер кезінде оқиға орнына жеткен.
Күн ұзаққа толассыз жауған нөсер жаңбыр салдарынан келген көлбеу су ағынының бетін қайтару жұмыстары дер кезінде қолға алынған.
«15 сәуір күні кешкі сағат 20.30-да толассыз жауған нөсер салдарынан жиналған су Жасөркен ауылына жеткен. Негізі 40 сантиметрге дейін жеткен. Ауыл бойынша 30 аулаға су кірген. Оның ішінде үй ішіне су кірген бір ғана үй болды. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдай департаменті мен полиция департаментінің өкілдері дер кезінде ауылға келген. Ауылдық әкімдік қызметкерлері де уақтылы жұмысқа жұмылдырылған. Жалпы саны 300-ден астам маман жұмысқа кіріскен. 22 мотопомпа, 60-қа жуық бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Су қоймалары штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Шу, Талас өзендеріндегі су деңгейі тұрақты бақылауға алынды. Ешқандай қауіп жоқ», дейді өңір басшысы Е Қарашөкеев.
Соңғы дерекке сенсек, биіктігі бастапқыда 40 сантиметрге жеткен су деңгейі қазір 10 сантиметрге дейін түскен. Су басқан аулаларды тазарту мақсатында мамандар мотопомпалармен үздіксіз жұмыс істеп жатыр.