Батыс Қазақстан облысында тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарды қорғау шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, Оралда «Батыс су арнасы» ЖШС, «Жайықжылуэнерго» АҚ нысандары мен сорғылау стансасында су тасқынына қарсы жұмыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орал қаласында сумен жабдықтау жұмысы 2 түрлі көзден жүзеге асырылады: жер асты сулары мен Жайық өзені арқылы. Қаланың 340 мың халқын сумен қамтамасыз ететін «Батыс су арнасы» коммуналды кәсіпорны қазір қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. Мәселен, қажетті су мен оны тазалауға арналған реагенттер қоры жеткілікті деңгейде. Апатқа қарсы бригадалар, кәсіпорынның 820 қызметкері мен 82 арнайы техника дайын тұр.
«Жайық өзені бойындағы стратегиялық нысандарды тасқыннан қорғау үшін бөгетті нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары алдын ала қолға алынған. Су таситын арнайы көлік қарастырылған», деді «Батыс су арнасының» бас инженері Аян Тасқали.
«Жайықжылуэнергосына» 248 шақырымнан астам қалалық жылу жүйесі қарайды. Аталған нысандардың аумағында, оның ішінде аса қауіпті учаскелерде тасқынға қарсы жұмыс шеңберінде құм-қиыршық тас қоспасымен толтыру амалдары күшейтілді. Тиісті жұмыстарға 180 адам және 15 арнайы техника жұмылдырылды.
Тұтастай алғанда, Батыс Қазақстанда барлығы 20 мың шақырымнан астам электр желісі бар. Төрт ауданда 20-дан астам, сондай-ақ Орал қаласында 16 қосалқы станса жұмыс істеп тұр. Олар қырда орналасқандықтан су басу қаупі жоқ. Бұған қоса превентивті амалдар қолға алынып, шаһардағы екі қосалқы стансада қап төсеу, қорғаныс үйіндісін орнату жұмыстары қарқын алды. Сонымен бірге апатқа қарсы бригадалар, 1400 қызметкер және 140 арнайы техника дайын тұр.
Осы ретте Жайық өзенінде орналасқан сорғы стансасын қорғау шаралары да қабылданған.
«Жайық өзенінің жағасында «Жайықжылуэнерго» мекемесін сумен, сондай-ақ қала халқын ауыз сумен қамтамасыз ететін сорғы стансасы бар. Одан күнделікті шамамен 60 мың текше метр су аламыз. Бұл - стратегиялық нысан. Сондықтан оның айналасына қап төсеп жатырмыз», деді Энергетика және ТКШ басқармасы басшысы Мирас Мүлкәй.
Естеріңізге салайық, аталған облыста алдағы су тасқынына дайындық шеңберінде қажетті күш жұмылдырылды. Тасқынға қарсы іс-шараларға барлығы 6,3 мыңнан астам адам мен 1,5 мың техника тартылды. Тұрғын үй алаптарын нығайту бойынша шаралар қабылданып жатыр.