• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 16 Сәуір, 2024

Президент су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа типтегі үй салуды тапсырды

185 рет
көрсетілді

Президент Тобыл қаласында орналасқан жедел штабта су тасқынынан зардап шеккен Қостанай ауданына қарасты ауылдардың тұрғындарымен кездесті, деп жазады Egemen.kz.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық белсенділік танытқан және апатқа бей-жай қарамай жанашырлық білдірген барша жұртшылыққа алғыс айтып, халықтың бірлігі осындай қиын кезеңде айқын көрінетінін атап өтті.

«Мен сіздермен жүздесу үшін арнайы келдім. Жағдайдың күрделі екенін түсінемін. Мемлекеттің барлық ресурсы осы мәселені шешуге бағытталып жатыр. Президент ретіндегі менің басты міндетім – су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсету», деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілгенін, қаражат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді. Мемлекет басшысы барлық зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

«Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім»,  деді Президент.

Мемлекет басшысы су тасқынының салдарын еңсеру үшін әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітілетінін атап өтті.

Өз кезегінде тұрғындар су тасқынының зардаптарын жоюға жедел көмек көрсетіліп, құтқару жұмыстарының уақытылы жүргізілгені үшін алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл апат халықтың бірлігін айқын көрсетті. Табиғат апатының алғашқы күндерінен бастап еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, жалпы жанашыр адамдардың барлығы жан-жақты көмек көрсетуге ұмтылған.

Президент қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салынатынын мәлімдеді. 

Кездесу соңында Мемлекет басшысы келесі жылы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған іс-шараға қатысу үшін Арқалық қаласына баруды жоспарлап отырғанын жеткізді.