Кішкентай, пысық қоңыр қошақан сүп-сүйкімді екен. Өзі қолдан-қолға тұрмайды. Есік алдындағы дөңнің үстінде асыр салып ойнады. Бес жасар Бексұлтанды қуалап жүр. Қала баласы қошақанды тұңғыш көріп тұрғандықтан, әуелі жанына баруға жүрексінгенімен, бірте-бірте еті үйреніп, маңдайынан, жон арқасынан аялы алақанымен сипап, еркелетеді. Қошақан да баланың ниетін ұққандай айналсоқтап жанынан шығар емес.
– Адам болатын бала осындай малға үйір болады, – деді жиен ағамыз Қайыртай. – Өзі бір малжанды болайын деп тұрған бала екен. Осы қоңыр қошақанды атадым. Көгентүп болсын.
Жолсерігіміз Қайыртай ақсақалға ұмсына қараған. Таңырқаған бет-әлпетінен көгентүптің не екенін ұқпағандығы аңғарылып тұрды.
– Ескінің ырымы, – деген жиен аға, – босағадан алғаш рет аттаған ет жақын ағайынның балдырғандарына осылай мал атау ырымы бар. Әдетте малды, жанды әулеттің жасап жататын сыбағалы дүниесі. Кейбіреулер ырыс ауып, құт көшіп кетеді деп тартынып жатады. Онда тұрған ештеңе жоқ, ілкі заманда дархан даланың даналығын бойына жинаған атамыз «елде болса, ерніңе тиеді» деген сөзді неге айтты дейсіз? Ағайында болса жаман ба? Біздің үйдің босағасына біткен азын-аулақ дәулеттің бір парасы жанашыр жұрт нағашыға ауып жатса, жаман емес қой. Дүние деген көздің құрты болғанымен, бір тостағанның ішіндегі су сияқты толықси толқып, араласып жатпай ма? Тек ниет түзу болсын.
Бексұлтан атасының құрметіне дән разы. Бала көңіл байыптап ұқпаса да, ойда жоқта малды болғанына мәз.
– Қоңыр қозыны үйге алып кетемін, – дейді маңдайынан тер шыпшып.
– Қоңыр қозым-ау, оны қайда бағасың? Балконға ма? – дейді анасы.
Атасының ақжарма тілегін, жақсы ырымын анасы да теріс көріп тұрған жоқ. Алғанды кім жек көрсін?
– Бексұлтанның өзі ен салып кетсін, қошақан қайда қашар дейсің, өскен соң аласың ғой, – дейді атасы.
Қутыңдаған қоңыр қозымен бірге жатып, бірге тұрмаққа бекінген Бексұлтанның көңілі пәс.
– Ілкідегі атамыздан қалған жоралғыда аталған малды бермей қалатын жай нағыз қараулық болып саналса керек, – дейді атасы Бексұлтанның маңдайынан сипап. – Ондайды да көргенбіз. Атап тұрып бермей қалса, сараңдығы, жатбауырлығы.
Ата жолын сақтаған жиен ағаның жоралғысы кішкентай Бексұлтанды ғана емес, бәрімізді де тебірентіп жіберді. Мәселе тіпті бір уыс қозыда ғана емес, ат мініп, атан жетектеп жүрсек те, арыдағы ата жолы, өнегесі адамның ішін уылжытып жібереді екен-ау.
Көкшетау қаласы