Қырғыз Республикасының Президенті С.Жапаров пен Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың арасындағы жылы қарым-қатынастың арқасында екі ел арасындағы экономикалық, мәдени және ғылыми байланыстар айтарлықтай ілгерілеп, нақты, табысты жұмыстар атқарылып жатыр. Екі президент Бішкекте, Ыстықкөлде, Астанада бірнеше рет кездесіп, қырғыз-қазақ халықтары арасындағы ынтымақ пен бауырластықты нығайтуға күш-жігерін жұмсап келеді.
Қырғыз Республикасының Президенті С.Жапаров: «Біз жаңа қырғыз елін құру ісінде Манасты халқымызға тағы да түсіндіріп, оны жаңаша қабылдап, жаңаша санаға сіңіруден бастағалы отырмыз» дейді.
Қырғыз-қазақ халықтарының мәдени байлығының тамыры тереңде жатыр. Әйгілі «Манас», «Ер Төстік», «Құрманбек» дастандары қазақ бауырларына қандай жақын болса, «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек» қырғыздардың ғасырлар бойы сүйіп оқитын шығармаларының қатарына жатады. Бұл эпостар мен дастандардың сюжеттік мотивтерін, образдар жүйесінің ұқсастығын оңай аңғаруға болады. Ал ертегілер мен мақал-мәтелдердің көпшілігі екі халықта бірдей. Кейбір шығармаларда екі ұлт өкілдерінің кейіпкерлері қатар кездеседі. Мысалы, «Манас» эпосында Айдарханның баласы Көкше батыр Айкөл Манаспен бірге азаттық үшін жауларға қарсы күреседі. Манасшы Сағымбай Оразбақовтың нұсқасында Ер Көкше батыр былайша суреттеледі:
Айдархан ұлы Ер Көкше,
Айбаты жұрттан бөлекше.
«Манас» эпосының тарихи тағдырын сөз қылғанда қазақ халқының қос ұлының есімі әрқашан ерекше ыстық ықыласпен, зор ілтипатпен еске алынады. Біріншісі – Шоқан Уәлиханов, екіншісі – Мұхтар Әуезов. Екеуі қырғыз жерінде екі мезгілде болса да бір пікірде «Манас» эпосын жоғары бағалаған. Шоқан Уәлиханов «Ыстықкөл сапары күнделігі», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Жоңғар очерктері» атты терең ғылыми еңбектер жазған. Ол «Манас» эпосын ең алғаш қағаз бетіне түсіріп, эпостың «Көкетайдың асы» бөлімін орыс тіліне аударып, кең ауқымға алып шықты. Ол эпопеяны «Қырғыз тарихының энциклопедиясы» деп атады.
Мұхтар Әуезов Ленинград университетінің аспиранты кезінде-ақ «Манас» эпосына қызығушылық танытты. Нәтижесінде, жиырма жыл уақытын жұмсап, «Қырғыздың батырлық эпосы «Манас» деген іргелі монографиясын жазды. Онда белгілі манасшылар С.Оразбақов пен С.Қаралаевтың варианттарын салыстырып, әрбірінің жеке ерекшеліктерін, басты кейіпкерлердің портреттері мен образдарды, табиғат көріністерін, соғыс эпизодтарының суреттелуін, көркемсөз тіркестерінің қолданылуын, эпостың шығу дәуірі сияқты мәселелерді терең зерттеген.
«Манас» эпосын «Илиада», «Одиссея», «Роланд туралы жыр», «Нибелунгтар туралы жыр», «Калевала», «Гэсэриада», «Махабхарата» және орыстың «Игорь полкі туралы жыр» эпостарымен салыстырып, олардың айырмашылықтарын анықтаған.
Мұхтар Әуезов пен «Манастың» ажырамас бірлігі 1952 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында өткен «Манас» эпосына арналған Бүкілодақтық конференцияда айқын көрінді. Мұхтар Омарханұлы «Манас» эпосына қарсы шыққан Климович, Боровков, Балтин, Нуровтарды қатты сынға алып, «Манас» эпосының халықтық нұсқасын жасау қажет» деп, қырғыздың белгілі ғалымы Болот Юнусалиевпен бірге эпосқа қатысты дауға нүкте қойды. Сонымен қатар «Манас» эпосының біріктірілген құрама нұсқасын жасауда ақын-жазушыларымыз Кубанычбек Мәликов, Аалы Токомбаев, Түгөлбай Сыдықбековке құнды кеңестер берді. Бұл еңбекті жоғары бағалаған кітаптың бас редакторы Б.Юнусалиев кітаптың кіріспе сөзінде «көп алғыс айтамыз» деп ерекше жазды.
М.Әуезов пен С.Қаралаев өте жақын болған. Мұхаң оған бірнеше рет «Манасты» айтқызып, тыңдаған.
1957 жылы Қырғызстан Мәдениет министрлігі Мұхтар Омарханұлына «Семетей – Манастың ұлы» деген көркем фильмнің сценарий авторын жіберіп, ақыл-кеңесін сұраған.
Шыңғыс Айтматовтан: «Қай жерденсің?» деп сұрағанда, «Манас» пайда болған, Әуезов туған жерденмін» деп жауап беруі бекер болмаса керек.
Қырғыздың төкпе ақындары Тоқтағұл, Османқұл, Қалық, Алымқұл қазақтың жыр алыбы Жамбыл, Кенен, басқа да ақындармен тығыз байланыста болды. Уақыт өткен сайын екі ел арасындағы қарым-қатынас тереңдей түсті. Қырғыз әдебиетінің негізін салушылар Қасым Тыныстанов, Сыдық Қарашев, Қасымалы Баялиновтің алғашқы шығармалары қазақ тіліндегі газет-журналдарда жарық көрді. Белгілі ақындар Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллиннің өлеңдері қырғыз ақындарына қатты әсер етті. Мысалы, жас ақын Қасым Тыныстанов қазақ зиялыларымен, Ахмет Байтұрсынұлымен араласқандықтан «Алаш» партиясының идеялары туралы білмей қалуы мүмкін емес еді.
Мұхтар Әуезов қырғыз кеңес әдебиеті өкілдері А.Токомбаев, Т.Сыдықбеков, М.Элебаев, Ж.Бөкенбаев, Т.Үметәлиев, К.Мәликовтің шығармашылық табысына қуанып отырды.
Белгілі сыншы К.Асаналиев айтқандай, Шыңғыс Айтматов есімін Мұхтар Әуезовтің атымен ұдайы қатар айтамыз дегенді кім ойлаған?
Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов, бірі – ұстаз, бірі – шәкірт, жарық жанған қос жұлдыз секілді.
1958 жылы «Жәмилә» повесі туралы талас-тартыс мәселесінде Мұхтар Әуезов «Литературная газетаға» жазған «Сапарың құтты болсын!» деген мақаласында «Шыңғыс Айтматовтың әңгімесі психологиялық, табиғи, нәзік және қарапайым» деп шешуші пікір білдіріп, француз жазушысы Луи Арагонға повесті аударуға ұсыныс білдірген.
Шыңғыс Айтматов ұстазының шығармаларын насихаттаушы, қорғаушы, бастырып шығарушы. Шыңғыс Айтматовтың сөзімен айтсақ, «Мұхтар Әуезовтің «Абай» эпопеясы – біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз, ол – біздің ортақ мандатымыз».
М.Әуезовтің 1916 жылғы ұлт-азаттық күресті баяндайтын «Қилы заман» повесі 1928 жылдан бері шықпай жатып қалған еді. Дегенмен 1977 жылы Ш.Айтматовтың бастамасымен әрі алғы сөзімен повесть баспадан шығады.
М.Әуезовтің «Көксерек» (қырғызша – «Көк карышкыр») повесінің қырғызша аудармасы Қырғыз мемлекеттік мұрағатынан табылуы – әдебиеттану саласында үлкен оқиға.
Мұхтар Әуезов дүниеден өткенде Шыңғыс Айтматов ұшақпен ұшып барып, ұстазына топырақ салуға үлгерген еді. Өткенде мен Алматыда М.Әуезовті соңғы сапарға шығарып салудағы фотосуреттерді көрдім, сонда Ш.Айтматов терең қайғыға батып тұрғаны байқалады.
Әрине, Ш.Айтматов ұстазы М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек» сияқты шығармаларын экранға шығару мақсатында Болотбек Шәмшиев пен Төлөмүш Өкеевке тапсырма беріп, олар әлемдік шедеврге лайықты көркем фильмдер түсірді. Басты рөлдерді белгілі қырғыз-қазақ әртістері сомдады.
Түптеп келгенде, Ш.Айтматов айтқандай, «Мұхтар Әуезов сияқты биік көркемдік шыңдар керек». Мұхтар Әуезовтің биік шыңынан біз өзімізді бағалап, өзге мәдениеттермен етене араласамыз.
Мұхтар Әуезов ауқымындағы байланысты Шыңғыс Айтматовтан көре аламыз. Қырғыз жазушысының Ә.Нұрпейісов, О.Сүлейменов, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Мәмбетов, Ш.Мұртаза, Қ.Нұрмаханов, З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев, М.Шаханов және басқалармен шығармашылық байланысы кімді болса да толғантпай қоймайды.
Шыңғыс Айтматов Лениндік сыйлықты иеленгенде алғашқылардың қатарында батыр Бауыржан Момышұлы, профессор Бейсенбай Кенжебаев, басқа да көптеген қазақ бауырлар құттықтаған. Досы, академик Зейнолла Қабдолов былай дейді: «Шыңғыс тудырған Толғанай аналардың анасына айналды. Бұл не деген сөз? Бұл – біздің қандас қырғыздың алғаш бір жарқ еткен ұлттық рухының ұшқыны – Шыңғыс Айтматов жалпы адамзаттың санасында асқақтаған Прометей есіміне айналды деген сөз». Бір қызығы, Шыңғыс Айтматов Зейнолла Қабдоловқа арнап «Қызыл алма» әңгімесін жазған болатын.
Шындықты айту – парыз. Ш.Айтматовтың еңбектері қырғыз оқырмандарына жеткенше қазақ аудармашылары жазушының шығармаларын қазақ оқырмандарына жеткізіп үлгеретін. Жазушының туындыларын аудару ісінде Қ.Нұрмаханов, А.Нұрқатов, З.Қабдолов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Н.Оразалин айрықша шығармашылық күш жұмсады.
Шыңғыс Айтматов шығармалары жалпы қазақ мәдениетіне үлкен әсер етті. Оның барлық шығармасы сахнаға шығарылып, астанадан аудандық театрларға дейін қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мәселен, 1964 жылы режиссер Ә.Мәмбетов қойған «Ана – Жер-ана» (қырғызша «Саманчының жолы») қойылымы театрдың мақтанышына айналып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. С.Майқанова, Ф.Шәріпова, Ы.Ноғайбаев, А.Әшімов, Н.Жантөрин ойнаған кейіпкерлердің бейнесі миллиондаған көрерменнің жан дүниесін баурады. Ал Н.Жантөриннің Ш.Айтматов шығармалары бойынша түсірілген «Аптап», «Жорға сапары» фильмдеріне қатысуы, Ф.Шәріпованың Бибіжан рөлін сомдауы, Д.Садырбаевтың «Махаббат дастаны» көркем фильмі ешкімді бейжай қалдырмасы анық.
Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының бірінші кітабына алғысөз жазған Ш.Айтматов «Как человек, как собеседник он всегда глубок, мудр и сдержен. Таков он и в своем творчестве» («Адам ретінде, сұхбаттас ретінде ол қашанда терең, дана, ұстамды. Ол өз шығармашылығында да сондай») деген болатын.
Шыңғыс Айтматов Қ.Мұхамеджановпен бірлесіп «Көктөбедегі кездесу» драмасын жазды. Бұл драма бүкіл әлемге тарады. Сондай-ақ М.Шахановпен бірігіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» шығармасы да көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі түйткілді мәселелерді қозғайды. Ә.Нұрпейісов, З.Қабдолов, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Кекілбаев, Қ.Нұрмаханов, І.Жақанов, М.Шаханов, Н.Оразалин, басқалармен жеке достығы туралы ұзақ-сонар сөз айтуға болады.
Шығыстан келе жатқан жаңа Шыңғыс,
Таза бояу қайраткері, қара сөздің патшасы, –
дейді Олжас Сүлейменов Айтматовқа.
Өз кезегінде Ш.Айтматов та О.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, С.Санбаев сынды қазақ жазушыларына арнап баспасөздерде жылы пікірін білдіріп отырды.
Саттар Сейітхазин мен Жаппар Өмірбековтің сөздеріне жазылған Ілия Жақановтың «Даниярдың жыры», «Жәмиләнің жыры», «Әселім» әндері елу жылдан бері қырғыз бен қазақ сахнасында шырқалып келеді.
Шыңғыс Төреқұлұлын пафоспен «Адамзаттың Айтматовы» деп атағандар да қазақ ағайындар.
Қырғыз-қазақ ғылыми интеллигенциясының қалыптасуында екі халықтың ғалымдары үлкен рөл атқарды және атқарып келеді. Ол құбылыс А.Байтұрсынұлынан, Мұхтар Әуезовтен басталады. Ишеналы Арабаев, Қасым Тыныстанов қырғыз тілінің әліпбиін, жазу ережелерін Ахмет Байтұрсынұлынан үйренді. Мұхтар Әуезов мұрағатынан Қ.Иманалиев, Ж.Таштемиров және З.Мамытбековтің ғылыми еңбектеріне жазылған пікірлер сақталған.
Міне, осы ғылыми дәстүрді әдебиетші-ғалымдар З.Қабдолов, З.Ахметов, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Т.Кәкішев, Б.Әбілқасымов, У.Қалижанов, Ш.Ибраев, Д.Ысқақұлы, Ж.Дәдебаев, З.Бисенғали, Қ.Ергөбек, Қ.Әбдезұлы, Б.Ыбырайым, Б.Мамыраев, Ө.Әбдіманұлы, К.Матыжанов, А.Бұлдыбай, Д.Қамзабекұлы, Б.Омарұлы, Д.Қыдырәлі, С.Ананьева, А.Шәріп, басқалар жалғастырып, кандидаттар мен докторларды даярлап шығарды. Мен де ондаған қазақ ғалымдарын даярлауға жәрдем бердім.
Қазақ-қырғыз әдеби байланысы туралы Р.Мылтықбаев, А.Мусинов, А.Ақматалиев, Б.Омарұлы монографиялар жазды.
Әдебиеттанушы-ғалым Бауыржан Омарұлының «Зар заман» ағымына қатысты ғылыми еңбегін ерекше атап өтуге болады. Өйткені онда кеңестік кезеңде оқырманға жетпеген, жетсе де идеология әсерінен теріс баға берілген қазақтың Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, қырғыздың Қалығұл Байұлы, Арыстанбек Бұйлашұлы, Молда Нияз, Молда Қылыш, Алдаш Молда жырлары салыстырылып, ұқсастықтары мен ерекшеліктері қарастырылған.
Бүгінде қырғыз ғалымдары қазақ әріптестерімен бірге «Айтматов және Қазақстан» энциклопедиясын дайындау үстінде. Бұл еңбек мәдениет, әдебиет, өнер және ғылым салалары бойынша жан-жақты қарастырылып, кең ауқымды мәселелерді қамтиды.
Қырғызстан мен Қазақстанға көктем келді. Таулар мен далалар құлпырды. Қызыл, сары гүлдер кілемдей жайнады. Бішкекте Абай мен М.Әуезов ескерткіштері, көшелері, Астанадағы Айтматов көшелері көзге жылы ұшырайды. Міне, қазір Айкөл Манастың мүсіні Астанада алыстан көздің жауын алып, асқақтап тұр...
Біз елордаға бет алғанда:
Қазақ-қырғыз бір туған,
Алға қарай ұмтылған, –
деп келеміз...
Абдылдажан АҚМАТАЛИЕВ,
Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, Қырғызстан ҰҒА академигі