Ел бойынша су тасқынымен күреске белсенді қатысып жатқан еріктілер саны 43 мыңнан асты. Олардың күшімен 6 640 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды, оның 4 048 тоннасы «қызыл» аймақтарға жеткізілді және зардап шеккен халыққа таратылды. Еріктілер халықты эвакуациялауға, гуманитарлық көмек жинауға және таратуға, бөгеттерді күшейтуге, сондай-ақ ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қатысып, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетіп жүр, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облысында волонтерлердің бірлігі мен күшінің арқасында 308 тонна азық-түлік, 85 тонна азық-түлік емес қажетті тауарлар және 223 килограмм дәрі-дәрмек эвакуациялық пункттерге бөлінді. 10 мыңға жуық құтқарушы мен эвакуацияланған тұрғындар үшін ыстық тамақ ұйымдастырылды.
Атырау облысында еріктілер штабы шұғыл режимде жұмыс істеп тұр. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 13 мыңнан астам волонтер жұмылдырылды. Гуманитарлық көмек қабылдау пунктінде осы күні 1 390 тоннадан астам тауар жиналды. Атырау қаласында бөгетті күшейту үшін 107 пункт орнатылған. Бөгет тұрғызу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Батыс Қазақстан облысындағы құтқару жұмыстарына 8 000 волонтер қатысты. Көмек жинау пункттерінде 415 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Қостанай облысында 3 500-ден астам ерікті тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарына қатысты. Шымкентке 1 500-ге жуық волонтер жұмылдырылып, олардың бір бөлігі зардап шеккен өңірлерге жол тартты.