Мемлекет басшысы әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған заңға қол қойғаннан кейін бірқатар маңызды құжатқа тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді. Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланып жатыр. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату туралы онлайн петицияны 154 мыңнан астам отандасымыз қуаттады. Енді қалың бұқара осы заң қағидаларының орындалуын, қоғамда әділет орнығуын тілейді. Аталған заңдардың жай-жапсарын Әділет вице-министрі Лаура МЕРСӘЛІМОВА да жан-жақты түсіндіріп берген еді.
– Лаура Қанатқызы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы кеңірек айтып өтсеңіз.
– Заңның негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру. Заңның жаңа ережелері әйел, бала және зорлық-зомбылыққа ұшыраған кез келген азаматтың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алу, өмірлік қиын жағдайға түскен, оның ішінде зорлық-зомбылықтың құрбаны болған адамдарды әлеуметтік қолдау және қорғау, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату мәселелерін қамтиды.
– Заң талаптары бірнеше бағытты реттейді дедіңіз. Осы бағыттарға кеңірек тоқталсаңыз.
– Біріншіден, зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алу уәкілетті органдардың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын, зорлық-зомбылық, қатыгездік, буллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарға көмек көрсету бағдарламаларын жүргізу қағидаларын бекітуді, өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды (отбасыларды) ертерек анықтау институтын енгізуді, отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелерінде «111» байланыс орталығының қызметін регламенттеуді және арнайы әлеуметтік қызметтер және жазғы сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды лицензиялауды (балалар лагерьлері) көздейді.
Екіншіден, өмірлік қиын жағдайға түскен, оның ішінде зорлық-зомбылықтың құрбаны болған адамдарды әлеуметтік қолдау және қорғау аясында аталған отбасылар мен адамдарға жан-жақты қолдау көрсетуде әкімдіктерге құзырет беру, әкімдіктер жанынан көмек бағдарламасын іске асырумен айналысатын отбасын қолдау орталықтарын құру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен білім алушылар мен тәрбиеленушілерге алғашқы психологиялық көмек көрсету бойынша құзыретті білім ұйымдарына беру ұсынылады.
Үшінші ауқымды бағыт – қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату. Атап айтқанда, «Ұрып-соғу» және «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» баптары Қылмыстық кодекске қайтарылып, «Кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипаттағы тиісу» және «Өзін-өзі өлтіруді насихаттау» үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Ал кәмелетке толмағанды жәбірлегені (буллинг) және қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Сонымен қатар «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу», «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру», «Қинау», «Кәмелетке толмағандарды зорлау, ұрлау және оларды бас бостандығынан заңсыз айыру» үшін жаза қатаңдатылмақ.
– «Ұрып-соғу» және «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» баптарын Қылмыстық кодекске көшірудің себебі неде?
– Басты мақсат – ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен «кінәліге материалдық немесе басқа тәуелді» адамдарға қатысты жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жазаны күшейту. Өз кезегінде, құқықбұзушылықтарды ауырлататын екінші бөлік пайда болды, заң әрпімен айтқанда – сараптаушы белгілермен толықтырылды. Мысалы, көрінеу кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірілсе, айыппұл мөлшері 200 айлық көрсеткішке дейін емес, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейін болмақ. Құқық бұзушының тұлғасына қарай сот айыппұл немесе түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамау, бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыруды тағайындауы мүмкін. Заң зорлық-зомбылық деңгейін төмендету, әйелдердің құқын қорғауды күшейту және балалардың қауіпсіздігін арттыруда қоғамға оң әсер етеді дегені сенім мол.
– Өзіңіз атаған әр мәселе қоғам үшін аса маңызды. Соның ішінде кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін жазаны қатаңдату мәселесі осыған дейін де бірнеше мәрте көтерілген еді...
– Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген нысаны үшін жазаларды одан әрі қатаңдату қажеттігіне баса назар аударды.
Егер осы уақытқа дейін балаға қатысты жасалған зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жиырма жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланып келсе, енді, осы құқықбұзушылықтар үшін тек өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазалау көзделеді. Бұл – Қазақстанның әрбір баласы үшін қауіпсіз қоғамды қалыптастыру мақсатында жасалып жатқан қадамның бірі.
– «Он алты жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы қорлау» және «Өзін-өзі өлтіруді насихаттау» – бұрын болмаған, жаңа құқықбұзушылықтар. Бұл баптарды енгізудің себебі неде?
– Рас, бұл баптар Қылмыстық заңнамада осыған дейін болмаған, жаңа құқықбұзушылықтар. Заң аясында көрінеу он алты жасқа толмаған адамға қатысты жыныстық сипаттағы ұсыныстармен немесе жыныстық сипаттағы жанасулармен ұштасқан әдепсіз әрекеттер мен өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау үшін жауаптылыққа тарту қарастырылады.
Бұл баптардың енгізілуіне қоғамда жиі тіркелетін заңсыз әрекеттер себепші болды. Қоғамдық көліктерде, көппәтерлі үйлерде балаларға, оның ішінде қыз балалар тарапына жасалатын жыныстық сипаттағы ұсыныстармен немесе жыныстық сипаттағы жанасулармен ұштасқан әдепсіз әрекеттер үшін көп жағдайда қылмыс құрамы болмауына байланысты, жауаптылыққа тарту мүмкін болмай жатады. Осы себептен, аталған әрекеттер үшін де жауаптылық енгізіліп отыр.
Сонымен қатар өздеріңіз білесіздер, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл әлі сана-сезімі жетілмеген өскелең ұрпағымызды улап, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген «Синий кит», «Тихий дом» сияқты кері насихат құралдары кең тарап кетті. Олармен күрес әлі де болса жалғасып жатыр. Осы күрес құралдарының бірі ретінде Қылмыстық кодекске өзін-өзі өлтіруді насихаттау үшін жауаптылық енгізіліп отыр.
– Қылмыстық кодекс қана емес, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс те жаңа баптармен толықтырылды, олардың мазмұнына тоқтала кетсеңіз.
– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабымен кәмелетке толмаған баланы жәбірлеу, яғни буллинг, оның ішінде интернет желісі және телекоммуникация желілері арқылы жасалатын кибербуллинг үшін жауаптылық қарастырылады. Алғаш рет құқықбұзушылық жасалған жағдайда ескерту беріледі немесе он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделсе, бұл әрекет бір жылдың ішінде қайталанса, құқықбұзушылық субъектісіне қарай жаза өзгереді. Атап айтқанда, егер кәмелетке толмаған адамға буллингті 12 жастан 16 жасқа дейінгі өзге кәмелетке толмаған адам бір жыл ішінде қайталап жасаса, оның ата-анасына не заңды өкіліне он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, ал егер құқықбұзушылықты 16 жастан асқан адам бір жыл ішінде қайталап жасаса, оған отыз айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар ата-анасы не заңды өкілінсіз жүрген 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығару бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға алып келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жомарт ОСПАН,
«Egemen Qazaqstan»