• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Кино 23 Сәуір, 2024

«Миллионер» фильмдер марафоны

91 рет
көрсетілді

Қазақстан киносыншылары қауымдастығы «Сыншылар таң­дауы – 2024» кинобәйгесі жеңімпаздарының есімін жариялады. Кино­тану­шылар мен сыншылар өткен 2023 жылы түсірілген 80-ге жуық фильмді 14 аталым бойынша сарапқа салды.

Мемлекеттің қаражатына тү­сі­рілген Ұлттық киноны қолдау орталығы ұсы­нған фильм­дер, «Қазақфильм» өнімдері, сондай-ақ, жеке студияларда түсірілген жаңа туындылар ортақ талап негізінде сыншылардың талқы­лауына түсті. Қазақстан киносыншылары қауымдастығының президенті Гүлнар Әбікеева кел­тірген статистикаға жүгінсек, 2022 жылы Қазақстанда 58 фильм көрер­менге жол тартса, 2023 жылы 77 толық­метрлі фильм түсірілген. Оның ішінде 9 фильм Қазақстанға халықаралық танымалдылық пен бедел сыйлайтын фестиваль фильмі болса, 7 фильмнің түсіріліміне мемлекет қолдау көрсеткен: 5 – Ұлттық киноны қолдау орталы­ғы­ның, 2-еуі телеарнаның өнімі. Жеті фильмнің үшеуі кино­фестивальдарға қатысып, топ жарды. К.Шайқақовтың «Айғайы» Франциядан төрт жүлдемен, А.Кучинчирековтің «Дух огня» фильмі Сан-Себастьян байқауынан және А.Әмірқұловтың «Жел тоқтаған жер» фильмі Таллиндегі фестивальдан жүлдемен орал­ған болатын. Сондай-ақ А.Қасым­бектің «Мадинасы» өнер әле­мінде үлкен дүмпу тудырса, М.Акбаровтың «Дала» картинасы бірнеше халықаралық жүлдеге ие болды. Г.Әбікееваның айтуынша, 77 фильмнің 9-ының фестиваль фильмі болуы – үлкен жетістік. Әлеуметтік, тарихи, гендерлік маңызы бар тақырыптарды өзек еткен киножобаларды сапалы түсіру үшін мемлекет қолдауы қажет. «Достастық елдері арасында мұндай жетістікпен тек Қазақстан ғана мақтана алады. Бұл – Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Фархад Шәріпов секілді белгілі режиссерлер қатыспаған биылғы фести­валь­дардың көрсеткіші. 9 фестиваль фильмінің 4-еуі ғана мемлекет қаражатына түсірілген, ал 5-еуі – жеке студияларда дайындалған, 2-еуі шетелмен бірлескен жоба саналады. Бұл мысал фестиваль фильмдерінің алдағы уақытта да түсіріле беретінін, бірақ мем­лекеттің қолдауынсыз сапалы дүние жасап шығарудың қиын­дығын көрсетеді. Фестивальға қаты­сатын фильмдер форма­лық жағы­нан қызық, интеллек­­туал­ды, салмақты келеді», дейді Қауым­­дастық прези­денті Гүлнар Ойратқызы.

Қазақстан киносында ком­мер­циялық фильмдер барлық шепті бұзып-жарып, киноиндустрияның көшін бастауға шықты. Елі­міз­дегі киноөнімінің 90%-ы ком­мер­ция­лық киноға тиесілі. Бір жылда 67 фильмнің прокатқа шығуы – рекорд. Олардың арасында көп касса жинаған «миллиардер» бес фильм бар: Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені», Нұрлан Қоянбаевтың «Үндістандағы қазақша бизнес», Қуаныш Бейсектің «Дәстүр», Ернар Нұрғалиевтің «Ең болмаса кинода – 2», Абдусаид Шайхисламның «Маған назар аудар» фильмдері. Осылайша, соңғы жылдары экран бетінде сұранысқа ие болған коммерциялық фильмдер кейбір шетелдік блокбастерлердің өзін шаң қаптырып, миллиондап­ табыс табатын халге жеткен. Әртүрлі ақпарат көздерінің дерегіне қара­ғанда, Қазақстан киноиндустриясы жыл сайын 17 миллиард теңге табыс табады. Бұл кино саласының қарқынды дамуының көрсеткіші, ендігі жерде бұл жетістік жаңа сапаға ауысып, толымды тартпаса, төмендемесі анық.

Сонымен сыншылардың ортақ мәмілесіне сәйкес, отызыншы жыл­дардағы аштық тақырыбын қау­заған Ардақ Әмірқұловтың «Жел тоқтаған жер» фильмі «Үздік дра­ма» болып танылды. Фильмде күйеуін НКВД жендеттері тұт­қын­дап, өзегі талған екі баласын жетек­теп, аштықтан аман алып қала­тын жер іздеп сенделген жас келін­шектің тарихы баяндалады. Тал­ға­жау ететін түк таба алмай, құла түзді балаларымен жаяу кезген Жұпар шыбын жаны шырқырап, ұшы-қиырсыз жолды қуалап, аш­тық­тан аман қалатын «жер» іздейді... Марапаттау рәсімінде осы кар­ти­надағы басты рөлді ойнаған Жанар Шоқпанова «Үздік әйел» болып мойындалса, картинаның суретшісі Өмірзақ Шманов «Үздік қоюшы-суретші» атанды.

Киносыншылар Ернар Нұр­ға­лиевтің «Өлсең де есіңе түсір» фильмін «Үздік жанрлық фильм» деп таныды. Адамның ақылына қон­байтын абсурд комедияға құрылған фильм­нің оқиғасы қызық. Басына ти­ген соққыдан есін жоғалтқан Айка де­ген қыз­ды кездейсоқ жолықтырып қал­ған Естің өзі сәтсіздіктерге ұры­нып, жолы болмай жүрген жігіт. Қиын­­­­дыққа тап болған сайын Айка­ның ақыл-есі бірте-бірте оралады, ал Ес қыз қолындағы жақұт жүзігін бер­­се, айырбасқа жадысын қайта жаң­­ғыр­туға жәрдемдесетінін ­айтады.

«Бауырына салу», «Жел тоқта­ған­ жер», «Мадина», «Өлсең де есі­ңе түсір» фильмдерінің ішінен «Шәй­­­нек сатып алған ару» фильмін түсір­ген Нариман Төребаев «Үздік режис­сер» атанды. Арт-хаус жан­рын­­­­дағы фильм «Үздік монтаж» ата­лымын да жеңіп алды. Фильм­ді музы­камен көркемдеген Ғалым­жан Секеев «Үздік музыка» аталы­мында жеңімпаз деп танылып, кино картинаның салмағы мен ма­ңы­зын тіпті арттыра түсті. Бір өзі үш бірдей аталым бойынша қара үз­ген фильмді түсірген Нариман Төре­баевқа жүлдесін табыстаған Дәре­жан­ Өмірбаев «қолтаңбасы дара, соны бағытта ізденетін, өз ұстанымы бар режиссер» деп атап өтті.

Данияр Ибрагимовтің «Бүр­кіт», Максим Акбаровтың «Дала», Дәулетжан Макмуттың «Глобус», Олжас Баялбаевтың «Қамауда» фильмдерімен бірге аталған Асхат Кучинчирековтің «Бауырына ­салуы» «Үздік дебютті» жеңіп алды. Фильмнің оқиғасы қазақы, ұлттық дүниетанымнан қайнап шыққан тың туынды. Тұңғыш баласы үйлене сала, аңсап күткен алғашқы немересі шыр етіп дүниеге келісімен, әжесі байырғы дәстүрмен шақалақты бауырына салып алады. Маңдайына жел тигізбей, төбесінен құс ұшырмай еркелетіп өсіреді. Күндердің күнінде жасы жеткен кейуана пәни жалғанның есігін жауып, бақиға аттанады. Өзін жетім сезініп, далада қалғандай күй кеш­кен кейіпкер өзіне мүлде жат туған әке-шешенің қолына баруға мәжбүр...

Семейде ядролық полигон сынақ­тарының зардабын тартқан адамдардың өмірін арқау еткен «Айғай» фильмі Кенжебек Шайқақовты «Үздік сценарий» ­авторы атандырды. Ал жалғыз­басты ана тартқан тауқыметті толғаған «Мадина» фильмі үшін Айгүл Нұрболатова «Үздік опе­раторлық жұмыс» аталымында топ жарды. «Екінші пландағы ер адам» мен «Екінші пландағы әйел адам» аталымдарының жеңім­пазы болып Ақтан Арым Кубат пен Самал Еслямова танылды. Олар ойнаған «Кішкентай самурай» фильмі Қазақстанды өз Отаны деп санайтын кішкентай жапон баласының бастан кешкен оқиғасына құрылған. 1941 жылы Сахалин аралында жұ­мы­с істейтін әкесі мен ағасына көмек­те­суге келген бала шекараны заңсыз кесіп өтті деген желеумен кеңес шекарашыларының қолына түседі. Сот бұғанасы қатпаған кішкентай баланы жазықты деп танып, екі жылға түрмеге ­жа­уып, босап шыққан соң Оңтүстік Қазақстанға «еңбекпен түзелуге» жібереді.

Жүлде тарихында алғаш рет көпшіліктің дауыс беру нәтижесі бойынша арнайы «Көрермен таңдауы» жаңа аталымы табыс етілді. Режиссер Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян, қазақ» фильмі арнайы тағайындалған «Көрермен таңдауы» жүлдесін иеленді. Ал Міржақыптың рөлінде ойнаған Бақыт Қажыбаев «Үздік ер адам бейнесі» үшін марапатталды. Сын­шы­­лардың пікірінше, «Мір­жақып» – нағыз «халық фильмі». Қазақ сусап отырған, халық қажет ете­тін тақырыпты дәл танып, көр­кем таспалаған бірегей туынды.

Әл Nasr feat. Raim орындайтын «Дала ерлері» «Дәстүр» фильмін сүйемелдегені үшін «Үздік ән» болып ұйғарылды. Өзін қорлаған зорлықшыға күйеуге шығуға мәж­бүр болған қыздың оқиғасын сурет­теген «Дәстүр» фильмі биылғы байқаудың бірнеше аталымына­ қатысып, сыншылардың оң баға­сына ие болды.

«Бұл фильмдер кімнің сүз­гі­сінен өтті, кімдер талқылап, таразылады?» деген сұрақ көрер­менге қызықты болғаны анық. Осы орайда Киносыншылар қауымдастығы­ның биыл жаңа мүшелермен толық­қа­нын да айта кеткен абзал. Олар: кинотанушылар Снежана Бай­му­ханова, Еңлік Егеубаева, Ораз Керейбаев және Евгений Лумпов пен Жангелді Өмірәлиев. Киносыншылар қауымдастығына 26 кәсіби маман мүшелік етеді. Оның құрамында жаңадан қосыл­ған бес маманнан бөлек, Қауым­дастық президенті – Гүлнар Әбі­кеева, Олег Борецкий, Төлеген Бай­тукенов, Кәрім Қадырбаев, Баубек Нөгербек, Назира Мұқы­шева, Гүлажар Машрапова, Ғалия Байжанова, Дмитрий Мос­товой, Инна Смайылова, Ольга Малы­шева, Мәди Мамбетов, Алек­сандра Поршнева, Молдияр Ерге­беков, Ержан Жұмабеков, Дана Әмір­бе­кова, Жәмиле Сатыбалдиева, Әсия Бағдәулетқызы, Алма Айдар, Камила Ғабдрашитова, Досхан Бояу­баев сынды кинотанушылар мен киносыншылар бар.

 

АЛМАТЫ