Заңсыз ойын бизнесінің зардабын жоюға бағытталған түрлі шара қолға алынғанымен, жымысқы әрекетін жасырын түрде жүзеге асыратындар азаматтарды сан айламен арбайтын болған. Тірнектеп тапқанын құмар ойынға құрбан қылғандардың дені – жастар. Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті былтырдан бері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша 18 қылмыстық іс қозғаған. Осыған байланысты 14 адам сотталып, бірқатар қылмысқа қатысты әлі де тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Экономикалық тергеу департаменті өткен жылдан бері төрт ойын залы мен бір букмекерлік кеңсенің, сондай-ақ бес бірдей жасырын казиноның жұмысын тоқтатқан. Нәтижесінде, 111 монитор, 102 процессор, 1 ойын терминалы, 6 видео ресивер, 1 500 терминал заңсыз айналымнан жойылған. Алдын алу шаралары аясында «Кибернадзор» АЖ арқылы онлайн-казино белгілері бар күдікті сайттардағы 986 сілтеме бұғатталыпты.
«Ойын бизнесі қоғамға үлкен зиян келтіреді. Құмар ойындарға тәуелділік ауыр патология ретінде тіркелген. Бұл кесел азаматтардың өмір салтына үстемдік етіп, әлеуметтік, кәсіби және материалдық құндылықтар мен міндеттемелерінен ажыратып, оларды өзін-өзі жоғалтуға дейін апарады. «Жеңіл» ақшаны бірден ұтып аламын деген үмітпен адамдар көбіне казино мен ойын автоматтарына жалақысы мен қолында барының бәрін қалдырады. Жедел-тергеу тәжірибесі көрсетіп отырғандай, анықталған жерасты казинолары мен ойын мекемелеріне негізгі келушілер жастар болып отыр. Халықтың құмар ойындардан бас тартуы қаскүнемдерді заңсыз табыстарынан айырады. Бүгінгі таңда казинолар мен ойын автоматтары залдары тек Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында орналастырылуға тиіс. Аталған аумақтардан тыс жұмыс істейтін барлық ойын мекемесі өз қызметін заңсыз жүзеге асырып отыр», дейді департамент басшысының орынбасары Сабырғали Балғалиев.
Маман тілге тиек еткендей, құмар ойынның салдары талай отбасын құрдымға кетірген. Жастар арасындағы ажырасу фактілеріне де бірден-бір себеп – лудомания. Қала жастары арасында лудоманияның алдын алу үшін департамент Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп бірнеше жобаны қолға алған. Бір жыл көлемінде жүзеге асып келе жатқан «Құмар ойынсыз қала» және «Стоп ойын» жедел-профилактикалық іс-шаралары оңтайлы нәтиже көрсеткен.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында «ТikТok» желісінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, бәс қабылдау, банктік аударымдар арқылы ұтыстарды есептеу және беру функцияларын қолдайтын онлайн құмар ойындардың бірқатар фактісі анықталған. Тексеру барысында қос алматылық әлеуметтік желілерде 12,9 млн теңгеден астам сомаға ірі мөлшерде кіріс ала отырып, төрт ай бойы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны дәлелденген. Осылайша, заңға қайшы жұмыс істегендер темір торға қамалған.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Алматыда жастар арасында ойынға тәуелділіктің алдын алуға бағытталған кешенді жоспар құрылды. Жастар саясаты басқармасының бастамасымен қолға алынған шара бірнеше бағыттан тұрады. Әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс аясында іске асқан бағдарламаның бірі – «Жастар арасында интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу» жобасы. Биыл жобаға бөлінген сома 30 млн теңгені құрап отыр.
Бұл бағытта NEET санатына кіретін жастарға ерекше назар аударылған. Ұзақмерзімді мониторинг арқылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпке баулу, әлеуметтенуге және өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік туғызуға негізделген бағдарламалар аз емес. Бұл ретте жеке және топтық консультациялар аясында кеңес беретін психологтердің, жаттықтырушылардың көмегі оң нәтиже көрсеткен. Айталық, жыл басынан бері Алматы қаласының бірқатар жоғары оқу орнында студенттер арасында «Құмар ойындар – қоғам дерті», «Интернетке тәуелділік: пайдасы мен зияны» тақырыбында өткен семинар-тренингтерге 500-ге жуық студент қатысыпты.
«Мақсатымыз – қала жастары үшін қауіпсіз және саламатты болашақты қамтамасыз ету. Тек бірігу арқылы ғана біз қауіпсіз болашаққа қадам жасай аламыз», деген Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ә.Қажденбек қала тұрғындарын талай отбасын тығырыққа тіреген келеңсіздікпен бірлесе күресуге шақырды.
Кәсіпкерлер, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен БАҚ қызметкерлері заңсыз ойын бизнесімен күресте белсенділік танытса игі. Бұл іске тек жауапты мамандар емес, кез келген қала тұрғыны үн қоса алады. Заңсыз ойын бизнесіне қатысты қандай да бір әрекеттен хабары бар азаматтар 1458 нөмірі бойынша байланыс орталықтарына хабарласуына болады.
АЛМАТЫ