Елорданың оң жағалауында Әлмұқан Сембинов көшесі бар. Даңғыл болмаса да 1640 метрге созылатын әжептәуір ұзын көше. Негізі сонау Целиноград заманынан бері бар. Бүгінде Иманов көшесінен басталып, Жиенқұлова көшесімен тұйықталады. Жергілікті халық осы Сембиновтің кім екенін біле ме?
Осы сұрақты Әлмұқан Сембинов көшесімен келе жатқан жаяу жүргіншілерге қойып көрдік. Бірі басын изей өтіп кетсе, енді бірі «Әйгілі ұшқыш қой», «Кезінде елге қызмет еткен азамат» деп сараң жауап қатты. Келесі бірі «Атын естуім бар, бірақ кім екенін білмедім» деп келте қайырды...
Жақында Астана қаласының мемлекеттік архиві соғыс ардагері Әлмұқан Сембиновтің 100 жылдығына орай «Ерлігі – ұрпаққа ұран» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
– Ұлттық құрылтайда Президент соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды екенін, мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра беретінін атап өтті. Әлмұқан Сембиновтің батылдығы – болашақ ұрпаққа патриотизмнің үлгісі, ол туралы естелік еліміздің тарихында мәңгілікке жазылған. Жеңістің 80 жылдығына орай, Астана қаласының мемлекеттік архиві батыр туралы жеке кітап шығаруды жоспарлап отыр, – деді Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин.
Жиынға Әлмұқан Сембиновтің ұрпақтары, көзін көрген үзеңгілестері, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, қалалық ардагерлер кеңесі мүшелері, тарихшылар, зиялы қауым, архив қызметкерлері, арнайы шақырылған «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары қатысты. Дөңгелек үстел қатысушыларына елорда мемлекеттік архивінде сақталған батырдың өмірі мен қызметіне қатысты түпнұсқа құжаттар мен отбасының фотоқұжаттар көрмесі ұсынылды.
Әлмұқан Оспанұлының жауынгерлік жолы – кейінгі ұрпақ үшін шын мәніндегі үлгі-өнеге. 1943 жылдың қақаған қысынан жеңістің жылы самалы соққанға дейін майданның алғы шебінде болды. Ол өзінің сенімді серіктері Данил Лебедкин және Николай Беловпен бірге жау бекінісінен талай рет «тіл» алып келіп, олардың жоспарлары мен құпия істерін ашқан. Батыр өзінің естелік әңгімелерінің бірінде алғаш «тіл» алып келген күнін былай деп жазады: «Прожектор сәулесі қараңғы түнді қақ тіліп, бүкіл төңіректі жарық етіп жіберді. Біз бастарымызды төмен тұқырта, жерге жата қалдық. Артынша әлдеқайдан автомат тықылдап қоя берді. Автоматтан атылған оқ пен жарқыл жаудың алдын ала жасаған сақтығы сияқты. Мұндайда сәл оғаш қимыл жасау, бас көтеру – қауіп. Бұл менің барлауға алғаш шығуым еді. Барлаушы жолдастарым сержант Данил Лебедкин, сержант Николай Белов бұрын талай рет жаумен түнгі айқаста кездесіп, ысылған жігіттер болатын. Таң сібірлей бастаған шақта, біз үшеуміз кенеттен неміс траншеясына секіріп түстік. Қатты сасып қалған фашист айқайлап жіберді. Бірақ оның қайта бақыруға шамасын келтіргеніміз жоқ, дымын өшіріп, окоптан сүйрей жөнелдік. Сөйтіп, біз жауынгерлік тапсырманы орындап шықтық. Мен ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталдым», дейді.
Аға сeржант Әлмұқан Сeмбинoв бұдан кeйін дe талай eрлік жасайды. Ол 1944 жылы барлаудағы батырлығы үшін «Қызыл Жұлдыз» oрдeнін иеленеді. Ал І, ІІ дәрeжeлі «Даңқ» oрдeндeрі Жeңіс қарсаңында тиеді. 1944 жылдың 29 тамызында жауынгер барлаушы ретінде Польшаның Ломжа қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан Кулеше елді мекенінің маңын басып алу тобында болып, жаудың шекарасына өтіп, екі солдатын жойып, біреуін тұтқындаған. Оларды ала жүріп, барлаушылардың жолын жасырып, онға жуық гитлерлік автоматшының көзін жойған. Бұл көптен күткен Жеңістің жақындау нышаны еді. Шайқаста көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін 1944 жылы 3 қыркүйекте Әлмұқан Сембинов ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.
Кеңес армиясы Германияға қарай жылжыды. Әлмұқан Оспанұлы Беларусь майданында 362-атқыштар дивизиясының барлаушылар взводын басқарады. 1945 жылы 17 сәуірде Одердегі Франкфурттен оңтүстік-батысқа қарай 12 шақырым жерде орналасқан Мюльроз қаласына басып кіріп, тоғыз фашисті тұтқынға алады. Жаумен болған шайқаста Әлмұқан жарақаттанады, бірақ барлаушыларды басқаруды жалғастырады. 1945 жылы 22 сәуірде Сембинов өзіне сеніп тапсырылған топпен Мюльроз қаласының батысында орналасқан Бернис Бухолс қаласының маңында, Одер өзенінің сол жағалауында жау әскерін аңдиды. Кенеттен штабтық машинаға шабуыл жасап, барлаушылар екі гитлерлік әскерді ұстап, біреуін тұтқынға алады. Ал 1945 жылы 26 сәуірде Сембиновтің басқаруындағы бөлімше Шеспцинг (Германия) елді мекенінің жанында бұқтырма бронетранспортерді қағып, жаудың үш солдатын тұтқындады.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 15 мамырдағы Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларымен шайқаста командалық тапсырмаларды ерекше орындағаны үшін Әлмұқан Сембинов «Даңқ» орденінің толық кавалері бола отырып, І дәрежелі «Даңқ» орденімен (№1808) марапатталған.
– Әлмұқан Сембинов қатардағы барлаушыдан барлау взводының командиріне дейінгі жолдан өтті. Соғысты аға лейтенант болып аяқтады. «Даңқ» ордендерінен басқа, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен, сондай-ақ басқа да көп наградамен марапатталды, – дейді Астана қаласы Қорғаныс істері басқармасының өкілі, запастағы полковник Ғани Артықов.
Ерлеріміздің толарсақтан от кешіп, елін, Отанын жау шеңгелінен азат етудегі ерлігі мен ұлы істерін естен шығармаған абзал. Бұл соғыста талай боздаққа жат елдің топырағы бұйырып, мәңгілік сонда қалды. Олардың ішінде сан рет жараланса да, қайта шайқасқа шығып, елге аман-есен оралғаннан кейін халыққа қызмет еткен азаматтарымыз да жетерлік. Дөңгелек үстелде тыл ардагері Евгений Галюк соғыста жеңіске жетуге үлес қосқан әр батырды зерттеп, насихаттап, жастарды патриотизмге тәрбиелеу ісіне қолдану керек деді.
– Елордалық архив қызметкерлеріне батырларымыздың құжаттарын тауып, туыстарын шақырып, естеліктер жинағаны үшін алғыс айтамын. Әлмұқан Оспанұлының батылдығына тәнті болдым. Мен Әлмұқан Оспанұлының әкеммен бірге 1944 жылдың жазында туған жерлерімізді жаулардан тазартқанын мақтан тұтамын, – деді ол.
Отан үшін от кешкен ақмолалық азамат соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына араласты. 1951 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогика институтын тарих мамандығы бойынша бітірді. Ақмола қаласындағы құрылыс техникумының алғашқы директорларының бірі болды. Кейін партиялық жұмысқа ауысты. Алайда соғыс салған ауыртпалық оны өмірден тым ерте 48 жасында алып кеткен.
Басқосуда Әлмұқан Сембиновтің ұрпақтары, көзін көрген үзеңгілестері естелік айтты. «Әлмұқан ағам әлі есімде», дейді Әлмұқан Сембиновтің жиені Бақыт Алтаева.
– Анам нағашы ағам туралы жиі айтатын. Құжаттарда жауынгерлік еңбегі жақсы сипатталған, мен ол кісінің жарқын адам болғанын айтқым келеді. Ақмолада өткен кез келген іс-шараға Әлмұқан ағам барса, мысы баса ма, әйтеуір бәрі еріксіз орнынан тұрып, құрмет көрсететін. Өзі де адамдармен әзілдесіп, емен-жарқын ашық сөйлесетін. Мінезінде байыптылық, табандылық бар-тын. Меніңше, мұндай қасиеттерді сұрапыл соғыс сіңірді. Ағаның Римма, Фатима, Ирина есімді үш қызы болды. Нағашымнан бізге көп қасиет дарыды. 2022 жылы оның құрметіне Сембинов пен Кенесары көшелерінің қиылысындағы үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнаттық. Өкінішке қарай, қазір қала тұрғындарының дені оның кім екенін біле бермейді. Бірақ ол туралы естеліктер әлі де ұзаққа сақталады деп сенемін, – деді Ә.Сембиновтің жиені.
Жиеншары Руслана Клименко атасының соғыстан кейін ермек еткен қызығушылығы туралы әңгімелеп берді.
– Әжем Мағира атамның таңертеңгі сағат алтыда, жұмысқа бара жатқандай өте ерте оянып алатынын айтатын. Достары өте көп болатын. Олармен жазда да, қыста да аң мен балық аулайтын. Мені бір рет өзімен ертіп апарғаны есімде. Майдангерлер жиі жиналып, жүздесіп, өткенді еске алатын. Атам қаладағы ардагерлерге материалдық және моральдық тұрғыдан көмектесетін. Содан болар, ақмолалықтардың бәрі оны танитын. Айтпақшы, әжемнің айтуынша ол 9 мамырда Мәскеуде өткен бір шеруге қатысқан, – деді Ә.Сембиновтің жиеншары.