Жеңіс күні қарсаңында әйгілі әскери қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының майдан даласындағы стратегиялық іс-қимылы туралы жиі айтыла бастайды. Әйткенмен даңқты тұлғаның қазақ әдебиеті үшін орны бөлек шығармалары кей жағдайда қалтарыста қалып кететіні бар.
Батыр Баукеңнің қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған шығармасы – «Ұшқан ұя» повесі. Бұл туынды талай ұрпақтың жанына азық болатыны сөзсіз. Өлмес шығарма кімнің де болсын бойына өшпес қуат сыйлайды. Автобиографиялық шығарма бола тұра, күллі қазақтың жанына жігер берген повестің өміршең екеніне күмән жоқ.
Ұзақ жыл бойы жергілікті БАҚ-та басшылық қызмет атқарған батырдың немере інісі, қаламгер Бекет Момынқұл зейнетке шыққан соң, Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығында жемісті еңбек етіп жүр. Бауыржан Момышұлына қатысты тың деректерді зерделеп жүрген батыр ұрпағы таяуда Баукеңнің «Ұшқан ұя» шығармасына қатысты жаңа бір мәліметпен бөлісті.
Ізденістің ізіне түскен Б.Момынқұл 1968 жылы шыққан «Қазақфильм» кино студиясына қатысты қаулыны тауып алған екен. Қаулыдағы жазбаға зер салсақ, уақытында Баукеңнің «Ұшқан ұя» повесі желісінде фильм түсіру жоспарланған.
«Сценарий және редакциялық кеңес жазушы Бауыржан Момышұлы повесінің өзектілігі мен жоғары көркемдік еңбегін ескере отырып және сценарист Ә.Таразидің осы оқиғаға негізделген сценарий жазуға ұмтылысын негізге алып, режиссер А.Қарсақбаевтың осы шығарманың негізінде фильм түсіруге ұмтылысын ескеріп, қаулы қабылданды.
1. Жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесін киноға бейімдеу құқығын алу; 2. Киностудияның бухгалтериясы автор Б.Момышұлына тиесiлi соманы төлейді» делінген қаулы мәтінінде.
«Қолға түскен қаулының мәтініне қарап, уақытында Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы желісінде фильм түсіру жоспарланғанын көріп отырмыз. Алайда даңқты тұлғаның туындысы негізінде кино сол күйі түсірілген жоқ.
Қолға алынған бастама неліктен аяқсыз қалды? Осы жағы бізге белгісіз. Бәлкім, уақытында іске кіріспек болған азаматтар білетін шығар деген ой мазалайды. Расында да, қаулы шығарылғанына қарамастан, киноның түсірілмеуінде бір гәп бар шығар», дейді батырдың немере інісі Бекет Момынқұл.
Қаулыға қосымша тіркелген келісімшарт мәтінінде автордың «Ұшқан ұя» повесінің құқығын үш жыл бедерінде экранға шығару үшін «Қазақфильм» киностудиясының меншігіне берілгені туралы жазылған. Сондай-ақ бірнеше тармақтан тұратын келісімшартта екі тараптың құқығы анық көрсетілген. Тіпті фильмді түсіру үшін Бауыржан Момышұлына 2 мың рубль көлемінде қаламақы төленетіні де көрсетіліпті.
Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын түсіруге бел буған «Ұшқан ұя» фильмі туралы қабылданған қаулы мен келісімшарт мәтініне қол қойғандардың қатарында киностудияның сол кездегі директоры Камал Смаилов пен қазақтың көрнекті ақыны, сол жылдардағы «Қазақфильмнің» бас редакторы Олжас Сүлейменов те бар.
Қалай десек те қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа саналған «Ұшқан ұя» повесі желісінде фильм түсірілген жоқ. Қабылданған қаулы негізінде істі аяғына жеткізуге не кедергі болғаны да түсініксіз. Әйткенмен бұл мәселеге қатысты құжатқа қол қойған Олжас Сүлейменов мәселенің мәнісін білуі мүмкін. Ал құжатта «Ә.Тарази» деп көрсетілген тұлға біздіңше қазақтың көрнекті қаламгері Әкім Тарази болуы керек. Ол кісінің де бұл жағдайдан хабары бар деп топшылаймыз.
Бәлкім, аттары аталған тұлғалар бас басылымда жарияланған осы мақаланы оқығаннан кейін қандай да бір мәліметпен бөлісер деген ойдамыз. Өйткені қолға алынған істің неліктен аяғына дейін жетпегенін бір білсе, осы кісілер білуге тиіс.
«Ұшқан ұя» повесі желісінде кино түсіру кеңес одағы тұсында мүмкін болмаған да шығар. Дегенмен ниет болғанын қаулы мәтініне қарап түсіну қиын емес. Ең бастысы да сол ниет қой. Қалғанына жүйрік уақыттың өзі төреші...