• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Мамыр, 2024

Ырықтандырудың ыждағатты қадамы

239 рет
көрсетілді

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканы ырық­тан­дыру жөніндегі шаралар ту­ралы» Жарлыққа қол қой­ды. Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында сөз бол­ған құжат осылайша бекіді. Құжаттың негізгі бағыты – бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтуға бағытталған.

Бұл мәселе туралы жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында да қозғап, ел өркендеуіне жол ашатын бірқатар нақты міндетті шешу қажеттігіне тоқталған еді. Соның ішінде ауқымды өнеркәсіп жобалардың ірі бизнес өкілдерімен, институцио­налды инвесторлармен және сарапшылармен бірге пысықталып, нақты жұмыс жүріп жатқанын айтты.

«Менің тапсырмаммен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Салық жүйесін жетілдіргенде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қал­мау өте маңызды. Бір жағынан, инвес­торларға қолайлы жағдай жасау керек. Екінші жағынан, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне мән берген жөн. Яғни таразы басын тең ұстау қажет. Жаңа бюджет кодексі де – өте маңызды құжаттың бірі. Біз «қазына қаражатына» деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу ісін және мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттейтін жаңа заңдар елеулі рөл атқарады. Осы құжаттар мемлекеттік сатып алу ісінің ашық болуын да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ экономиканы дамытуға қажетті қаражат қорын қалыптастыруға септігін тигізеді», деді Президент.

Президент бұл мәселеге биыл 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында кеңірек тоқталды. Жиында былтыр атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы кезеңнің басты міндеттерін айта келіп, Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгерту керектігін ескертті. Мұнымен қатар Жаңа Салық кодексі туралы, бұған қоса Үкімет жаңа инвестициялық кезеңді бастауға тиіс екендігі айтылды. Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау, бұл жұмысты инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлестіру қажеттілігі жиын маңыздылығын аша түскендей.

Аталған отырыста Президент экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін баса айтқан еді. Бұл – мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа.

«Бұлар экономиканың барлық саласына қатысты маңызды міндеттер. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жою қажет. Жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылады», деді Президент.

Артынша Үкіметке мемле­кеттік меншік тізілімін қайта қарау және жекешелендіру үдері­сінің әдіс-тәсілін нақтылау, сондай-ақ Стратегиялық жоспар­лау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып бір ай ішінде «Эко­номиканы ырықтандыру» (либерализация) туралы Жар­лықты әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын.

Мақала басында айтқандай, өткен аптада Мемлекет басшысы «Экономиканы ырықтан­ды­ру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бекі­ген құжат­тың негізгі бағыты – бәсе­келес­тікті дамыту, эко­номи­каға мем­лекеттің араласуын қыс­қар­ту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік сала­сын­дағы еркіндік. Ол үшін бірін­ші Бә­секелестікті қорғау және дамы­ту агенттігінің жанынан жеке­ше­лендіруге жататын мемлекеттік активтердің крите­рийлерін әзірлеу және олар­дың тізбесін қалыптас­тыру­ды қамтамасыз ететін Жеке­шелендіру жөніндегі ұлттық офис құрылмақ. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және онымен еншілес компа­ниялардың корпоративтік бас­қару мен сапасын арттыру және сатып алу үдерістері жолға қойылады. Тауарлар нарығындағы бәсекелестікті дамыту үшін бірқатар нақты шара қабылданады.

Бұдан бөлек, бизнес ашу және оны жүргізуді жетілдіру үшін квазимемлекеттік ұйымдардың ком­мерциялық қызметінің қол­жетімділігі, техникалық шарт­тарды алу және инженерлік желі­лерге қосылу рәсімдерін жеңіл­дету көзделген. Ол үшін қазақ­стандық стандарттар бойынша міндетті түрде жобалық-сметалық құжаттама әзірлемей, құрылыс салуға озық халықаралық стан­дарт­тарға сай келетін жобаларды пайдалануға мүмкіндік беріледі.

Жарлықта бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауды күшейтуге басымдық берілген. Соның ішінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды қыл­мыс санатынан алып тастау, мемле­кеттік органдар баста­машылық ететін тыйым салу-шектеу шара­ларын прокурорлармен келісу және басқа да рәсімдер арқылы күшей­туге бағытталған іс-шара­лар кешені жеке блок ретінде берілген.

Жарлықтың жүзеге асырылуы экономикадағы мемлекеттік сек­тордың үлесін ауқымды және же­дел түрде қысқартуға, жеке кәсіп­керлік үшін экономикалық кеңістікті ұлғайтуға қосымша серпін береді деп күтіліп отыр. Сарап­шылардың айтуынша, Жар­лық кәсіпкерлік бағытта еркін­­дік береді. Сондай-ақ ал­дағы уа­қыттағы құқықтық, эко­но­микалық және әлеуметтік жағ­дайлар мен кепілдіктерді айқындайды.

«Құжаттың әлеуметтік-эко­но­микалық тұрғыда мәні де, маңызы да зор деп есептейміз. Негізгі бағыты – жекеменшікті, оның ішінде оған қолсұғыл­мау­шылықты қамтамасыз ету. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлік қызметінің еркіндігі, нарыққа қатысушылар арасындағы еркін бәсекелестікті дамыту, нарыққа қол жеткізуде әкімшілік кедергілерді төмендету және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынастарда бизнестің шығындарын жаппай азайтуға деген оң қадам десек болады», дейді Экономикалық зерттеулер институтының Басқарушы директоры Бауыржан Мұқан.

Айтуынша, АҚШ экономи­касын осы мысалға әбден жат­қызуға болады. Себебі онда капи­талдардың қозғалысына деген бақылау шектелген, тіпті жоқ десе де болады. Экономикадағы әкімшілік кедергілер өте төмен. ХХ ғасырдың аяғынан бастап валю­талық бақылау деген мүл­де жоқ. Құқықтық және сот жүйе­сіне, оны әкімшілендіруге қатысты толыққанды тәуелсіздік орын алған. Жалпы, жекеменшік сектордың құқығы өте жоғары деңгейде қорғалған.

Бұл пікірді тәуелсіз сарапшы Рустам Жүрсінов та қолдайды әрі Мемлекет басшысының Жарлығы елдегі оң өзгерістерге бастайды деген сенімде.

«Президент Жарлығы – мем­лекеттің экономикаға араласуын азайту және бәсекелестікті ынталандыру жолындағы ма­ңызды қадам. Сонымен қатар Жар­лық ұлттық стандарттар бойынша жобалық құжаттаманы міндетті түрде әзірлемей-ақ, құрылыс үшін халықаралық стандарттарды пайдалану мүмкіндігін береді, сондай-ақ бизнес құқықтарын қорғауды күшейтеді. Бұл елдегі жеке кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін береді», дейді сарапшы.

Ол кейінгі екі жыл ішінде бизнес-омбудсмен кеңсесі Үкіметпен бірлесіп «таза парақтан» реттеу­ді енгізу бойынша жұмыс жүр­гізгенін, 10 мыңнан астам ескірген және артық талаптар жойылғанын атап өтті. Сондай-ақ Жарлықты кәсіпкерлердің құқығын қорғауға және қолайлы кәсіпкерлік ахуал жасауға бағытталған елдің эко­но­микалық саясатының маңызды аспектісі деп бағалап отыр.

Арнайы кешенді жоспар нәтижесінде 2025 жылға дейін мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін азайту көзделген. Бауыржан Мұқанның айтуынша, мемлекеттік меншікте ел бойынша 675 нысан бар. Соның ішінде 7 нысан – республикалық, 250-і – коммуналдық және 262 ұлт­тық холдингтер мен ком­па­ния­ларға тиесілі. Сондай-ақ Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­цияларға тиесілі 150 нысан бар.

«Осылардың біршамасын жеке­меншікке беру үдерісі жү­ріп жатыр. Бұл – экономиканы ырық­тандыруға қатысты алғы­шарт­тардың бірі. Жеке кәсіпкер­лер осы нысандарды басқару арқы­лы қоғамдық сипаты бар қыз­мет­терді жүзеге асыруға мүмкін­діктер алады. Екіншіден, аталған құжат тауар бәсекелестігін арт­тыруға, мемлекеттік сатып алу кезін­дегі кедергілер мен бизнес шығын­дарын азайту арқылы кәсіп­кер­лік­тің белсенділігін жоға­ры­латуға сеп­тігін тигізбек. Жал­пы, эконо­ми­ка­лық жүйеде ырық­тандыру шара­сы неғұрлым жо­ға­ры болса, со­ғыр­лым позитивті нәти­жеге жете ала­мыз деп ойлаймын», дейді Эко­номикалық зерттеу­лер инсти­тутының Басқарушы директоры.