Бүгінде қоғам кітап оқымайды деп көп шулаймыз. Тіпті жаһандық мәселеге айналып отыр. «Кітап оқымау» үрдісінің барша әлемнің түкпір-түкпіріне жайылуына әсер ететін фактор көп: қоғам, сана, тұрмыс, идеология, телефон. Десек те жастардың белгілі бір деңгейде кітап оқитынын да жоққа шығара алмаймыз.
Мәселен, жуырда ҚазҰЭК кітапханасы ақпараттық жүйесінің жариялаған көрсеткіші бойынша ең белсенді оқырман – жастар екен (51%). Екібастан. Ал 27%-ын профессор мен оқытушылар құрамы, мемлекеттік қызметшілер және түрлі сала мамандары құрайды.
Ал ең көп оқылатын әдебиет – салалық әдебиет (философия, медицина, математика, өнер, т.б.) – 69%, көркем әдебиет – 31%.
Егер статистикаға сүйенетін болсақ, медицина туралы кітаптарды – 23059, психология жайында – 6918, дін жөнінде – 2305, география хақында 12105 оқырман сұраған. Көркем әдебиет кітапхана оқырмандары арасында да сұранысқа ие.
Көркем әдебиетті түрлі жанрға бөліп қарастырсақ, романдар – 33%, детективтер – 19%, тарихи беллетристика – 15%, қиял-ғажайып – 13%, шытырман оқиға – 12%, балалар әдебиеті – 8%.
Электронды кітапхананың (ҚазҰЭК) деректеріне сәйкес осы жылдың бірінші тоқсанында оқырман кітаптарды – 1 331 503, мерзімді басылымдарды – 178 623, авторефераттар мен диссертацияларды – 81 524, аудио-бейне құжаттарды 24 492 рет жүктеп оқыған және сайтқа әлемнің 102 елінен пайдаланушы кірген.
Сонымен еліміздің жастары жылына орташа есеппен 10-12 кітап оқиды екен. Сүйіп оқитын кітаптар қатарында ХХ ғасыр мен қазіргі заманғы балалар жазушыларының шығармалары бар. Жастар арасында жауап берген респонденттердің көпшілігі кітапты көп оқитынын айтады. Мәселен, білім алу үшін – 55%, оқуды міндет ретінде қабылдайтындар – 5%, кітап оқуды ұнататындар – 40%. Тым жаман нәтиже емес.