• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Мамыр, 2024

Алаш арыстары атқарған ұлы істерді бүгінгі ұрпақ жалғастыру керек - Д.Қыдырәлі

129 рет
көрсетілді

Сенатор Дархан Қыдырәлі ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында мемлекет тарихына байыппен қарап, Алаш арыстарын ұлықтау туралы ойларын ортаға салды. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының тұлғаларды бір-біріне қарсы қоймау туралы сөзін еске салған сенатор ел бірлігі үшін зиялылардың да ауызбіршілігі шарт екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биыл қазақ жерінің тұтастай бір республикаға бірігіп, еліміздің қазіргі шекарасының айқындалғанына жүз жыл – бір ғасыр толып отыр. Мемлекетіміздің тұтастығы үшін бұл маңызды оқиға елеусіз қалмауы тиіс. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков секілді алаш қайраткерлері бастаған тарихи процесті сол кезде билікте болған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сейітқали Меңдешев, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Жалау Мыңбаев сияқты тұлғалар аяқтап шықты. Қазақ атын қайтарған Сәкен Сейфуллин мен ашаршылыққа қарсы күрескен алаш қайраткерлерін қамқорлыққа алған Тұрар Рысқұловты құр коммунист аты немесе өзін қорғау мақсатында жазған хаты үшін жазғыру – әбестік», деді сенатор. 

Тұлғалар туралы сөз қозғағанда әдептен озбау туралы айтқан сенатор барымызды бағалау, ірілерді алаламау туралы атап өтті. Алаш арыстары атқарған ұлы істерді бүгінгі ұрпақ ізгі істермен жалғастырып отыруы тиіс. 2000 жылы аға ұрпақ өкілдері бастамасымен Халық шаруашылығы институты Ұлттық экономикалық университетке айналып, оған Рысқұловтың есімі берілген еді. Кейін оқу орны жекеменшікке өтіп, Т.Рысқұловтың атын алып тастады. Сенатор Үкімет қаулысына сәйкес берілген атауды ЖОО қандай басқару түріне жататынына қарамай, ауыстыруға құқы жоқ екенін атап өтті.

«Биыл Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл толып отыр. Тұғырлы тұлғалардың мерейтойларын даңғазасыз, тағылымды етіп атап өту керек. Бұл ретте ономастика мәселесіне де назар аудару қажет. Шекарамызды айқындауға айрықша үлес қосқан Әлімхан Ермеков сияқты тұлғалар елеусіз қалмауы тиіс. Алаш арыстарының көбі қайда жерленгені белгісіз. Жуырда Алматы іргесіндегі Жаңалық ауылында саяси репрессияға ұшыраған 163 адамның сүйегіне зерттеу жүргізіліп, генетикалық талдау арқылы 50 адамның дерегі анықталды. Қаражат бөлінсе, осындай әдіс арқылы Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров секілді тұлғалар туралы деректер нақтыланар еді», деді Сенат депутаты.

Д.Қыдырәлі депутаттық сауалында қараусыз жатқан Қандысайға немесе Жаңалық ауылына Ата-Бейіт сияқты іргелі кешен тұрғызу – перзенттік парыз екенін атап өтті.