• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Мамыр, 2024

Солтүстік Қазақстанда су басқан үйлерді техникалық тексеру жұмыстары аяқталды

86 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынынан зардап шеккен Бескөл ауылының тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшасында аймақ басшысы сауалдарға жауап беріп, біржолғы көмекті төлеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жөндеу жұмыстары бойынша түсініктеме бергенін жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Біз қатаң заң аясында әрекет етуіміз керек. Бұл «қызыл аймақ» мәселесіне де қатысты. Су басқан аумақтан кеткісі келетін тұрғындарды түсінемін. Дегенмен, Бескөлдегі зардап шеккен үйлер техникалық байқаудың қорытындысы бойынша жөнделеді немесе бұзылады. ҚР Парламенті Сенатына Есіл өзенінің жағалауынан құрылыс жүргізуге тыйым салынған аймақты 100 метрден 1 шақырымға дейін кеңейту туралы ұсыныспен  хат жолдадық. Бұл мәселелерді заң жүзінде бекіту керек», деді облыс әкімі.

Әкімнің айтуынша, су тасқыны кезінде облыста 3898 үй зардап шекті. Оларды бағалау және техникалық тексеру бойынша барлық жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ 25 мамырға дейін сметалық құжаттаманы беру, техникалық байқау және тұрғын үйді бағалау жұмыстарының аяқталатынын атап өтті.

«Тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Солнечный-2» шағын ауданында 520 тұрғын үй салынып жатыр. Тұрғындарды биылғы су тасқыны салдарына байланысты бөгет салу мәселесі алаңдатты. Мамандардың жобалық шешімі бойынша күрделі бөгеттерді саламыз. Барлық мәселе менің жеке бақылауыма алынды», деп жазды Ғауез Нұрмұхамбетов.

 

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті