• RUB:
    5.05
  • USD:
    450.79
  • EUR:
    482.21
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Мамыр, 2024

Қаламгер һәм қайраткер

138 рет
көрсетілді

Елордада тұңғыш рәмізтанушы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденовтің туғанына 70 жыл толуына орай ғылыми-танымдық конференция өтті. Ұлттық академиялық кітапханада ұйымдастырылған жиынға ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Ербол Шаймерденұлын еске алуға арналған алқалы бас­қосуды жазушы Қуаныш Жиенбай жүр­гізіп, оның елі­міз­дің мәде­ниеті мен бас­па­сөзі­не, тіл сала­­сының дамуына қосқан қомақ­ты үлесі туралы әңгімеледі.

«Тәуелсіздіктің алғашқы күн­­д­ерінен-ақ бойындағы бар жіге­рін, қайратын, білі­мін егемендікке арнаған бір адам болса, осы Ербол Шаймерденұлы дер едім. Мем­лекеттік рәміздер туралы жазыл­ған алғашқы ең­бек­тердің авторы да Ерекең. Еліміз азаттық алғанда шын жү­­ре­гімен қуанып, рәміздерге қа­тысты өте ділгір шаруалардың басы-қасында жүрді. Бірнеше өлеңдер жинағы жарық көрді. Кітап басу, кітап тарату ісіне де асқан жауапкершілікпен кірісті», деді Қуаныш Жиенбай.

Ербол Шаймерденұлы елдік мәселелерге белсене аралас­ты демекші, қаламгер кейінгі ұрпаққа өнегелі ісі мен мол мұра қалдырды. Ол 20-ға жуық кітаптың авторы атанды. Олардың қата­рын­да «Көңіл суреті», «Жүрек­тегі жазу­­­лар» атты жыр жи­нақ­тары, «Тыңда тоғысқан тағ­дырлар», «Қазақ елінің рә­міз­дері», «Елтану әліппесі», «Ақыл-ой антология­сы», «Қазақ афоризмдері», «Даналық дидары» сынды туындылары бар. Еңбектері бірқатар шет тілдеріне тәржімеленді. Аудар­­машы ретінде әлемдік фи­ло­софиялық ой-пікірлерді қазақ тіліне тәржімеледі.

Конференцияда Қазақстан Президентінің тұңғыш бас­пасөз хатшысы Ербол Шаймерденовтің мәдениет, тіл және геральдика саласына сіңірген еңбектері ғана емес, нар тұлғаның ұлт­жан­ды­лығы, адамгершілігі мен тұл­ғалық қасиеттерін айқын­дай­тын естеліктер айтылды.

«Ербол Шаймерденов – ға­лым, жақсы аудармашы болды. Хайдеггердің, Ремарк сынды тұлғалардың күрделі фило­со­­фиялық шығармаларын аудар­ды. Мен Ербол бауырымның журналистік қырына арнайы тоқталғым келеді. 1987 жылдың басында бір жайсыздау оқиға болды. Республиканың Орталық комитетінде қызмет істейтін кезім. Партияның дүрілдеп тұрған кезі. «Социа­­лис­тік Қазақстан» газеті «Труд» газетінде сыналды. Ал «Труд» – «Правдадан» кейін­гі газет. Оның мәртебесі «Из­вес­тиядан» да жоғары бола­тын. Сын «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі Ербол Шаймерденовтің Ақмола облысының Қорғалжын ауда­ны­на қатысты мақаласы тура­лы. Авторы да оңай емес, КСРО Жо­ғарғы кеңесінің депутаты Наталья Геллерт. Содан кәдімгідей қиналып қал­дық. Оның үстіне мен қазақ газет-журналдарының кураторымын. Маған да сөз тиді. Сөйтіп, басшылыққа жазба да­йындап, комиссия құрып, тексеру керек деген ұсыныс айттық. Ізінше ұсыныс қабылданып, «Социа­лис­тік Қазақстаннан» Кеңесхан Зәкенов, облыстық газеттен бір жігіт, облыстық партия ұйымынан тағы біреу Целиноградқа жол тартты. Сөй­тіп, Қорғалжынға барып, адам­дар­мен сөйлесіп, мәселені жан-жақты саралап, бір аптадан кейін оралды. Комиссия Ербол Шаймерденовтің мақаласы әділ жазылған деген қорытындыға келді. Бұл сын мақала бізге абы­рой болды. «Социалистік Қазақстанның» әділдігі, мәселені жеріне жеткізіп зерттейтіндігі сынды баға беріліп, іс бітті. Мақаланың резонансы түптің түбінде газеттің, Ерекеңнің беделінің артуына көмектесті. Міне, осы бір мысалдың өзі оның нағыз жүйрік журналист екенін көрсетті. Ерболдың сауаттылығы, іске жауаптылығы сондай бір сын сағатта абыроймен алып шыққан еді»,  деді Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов.

Ал Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы Ербол Шаймерденұлы­ның айбынымыз асқақтаған шақта рәмiзтану саласының да тереңге тамыр тартуына қосқан үлесін ерекше атады. 

«Бүкіл дүниежүзіндегі ел­таң­баларды қарап, соған тал­дау жасағаны маған қатты ұна­ды. Шын мәнінде өте білімді, дәс­түрімізді терең білетін жан еді. Мемлекеттік рәміздер осы Еркін Шаймерденов бар кезде қалыптасты. Ерекеңнің бұл еңбегі өз алдына зерттеу­ге тұрарлық жұмыс», деді Жандарбек Мәлібекұлы.

Басқосуда академик, қалам­гер Бауыржан Омаров ақын­ның сан қырлы, адал, қаламгер әрі қайраткер болғанын сөз етті.

«Жазған еңбектері оқылды, әдеби ортада публицистикалық салада, жалпы шығармашылық жолда жақсы мойындалды. Өзі­нің бағасын тиісті деңгейде алған қаламгер, оған талас жоқ. Ербол Шаймерденұлы қаламгерліктен қайраткерлікке дейін биікке көтерілді. Сол қайраткерлік деген көп қалам­гер­дің маңдайына біте бер­мейтін абыройлы мәртебені ұстап тұрды. Соған дақ түсірмей, өмір­ден өтті», дейді ол.

Ербол Шаймерденұлы көп жылдар Тіл комитетінің төрағасы ретінде мемлекеттік тілдің ме­рейі үстем болуына қажыр-қайратын жұм­са­ды. Өз кезегінде «Қазақ га­зеттері» серіктестігінің бас ди­ректоры, академик Дихан Қамзабекұлы сол жылдары қо­ғам қайраткерінің абыройлы қыз­мет еткенін айтты.

«Ерекеңнің адамшылығы, мәдениеті, білімділігі, көп оқы­ған­дығы, сауаты көрінетін. Жа­уап­кершілігі жоғары үлкен қыз­меттер атқарды, соның өзінде қарапайымдылығы парасатын да, білім-білігін де арттырғанын байқайтынбыз. Тіл комитетінің көп іс-шарасы жоғары оқу орындары арқылы жүзеге асатын. Ғылыми орта, студенттер бар деген секілді. Ерекең осының барлығын жүйелі шешкенін Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде жүріп көзіміз жетті. Хабарласып, мәселені тал­қылап, ғалымдардың әр сөзі­­­­­­не құлақ асатын. Бұл оның зия­­­лылар ортасында биіктігін, абы­ройын көтерді», деді ғалым.

Ғылыми-танымдық бас­қо­су­да Е.Шаймерденовтің рухани інісі, Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов адалдық, парасаттылық ақында ғана емес, отбасындағы ұстанатын қасиет екенін сөз етті.

«Ераға бір күні мені шақы­рып алып, екеуміз бір тақы­рыптық афоризмдер жина­ғын құрастырайық деді. Бірін­ші тілді құрастырайық, сырты қызыл болсын, өйткені қы­зыл тіл. Екінші Отан туралы құрастырайық, сырты көк болсын. Өйткені біздің туымыздың түсі көк. Одан кейін жасыл кітап құрастырайық. Ол – имандылық. Махаббат, кейін табиғат, не керек, жеті кітап жоспарладық. Соның біреуін өзінің көзі көрді. Екіншісін түзеп берді. Сосын бас­падан шығардық. Оған дейін сол екінші кітапты құрастырып, қолжазбаны Күләш апайыма бергенімде, сенбеді. Үйіне алып кетті. Кейін «Бұған Ерболдың еңбегі сіңді ме, жоқ па? Әлде сен бастап қойған соң, фамилия­­сын қоя салайын деп тұрсың ба?» деп сұрады. Кітапқа байланысты Ербол ағаның екі рет ескертуін алғанымды, ауырып қалған соң, тек дизайнын ғана келісе алмай кеткенімді айтып ағымнан жарылдым. Бұдан Күләш апайдың да біреудің еңбегін пайдаланбайтынын, бойларындағы парасаттылықты, отбасылық адалдықты байқа­дым. Алғы­сөз­ді жаздым. Сөй­тіп, екі кітап шықты. Жеті кітап­тың бәрі де екі тір­кес­тен тұрсын деп армандады. Алайда толық іске аспады. Бірақ кітаптары арқылы, тағылымды ғұмыры арқылы, жарқын бейнесі арқы­лы жүрегімізде жарқырай бере­ді», деді Ербол Тілешов.

Конференцияда жазушылар Марат Мәжитов, Алтыншаш Жағанова, Роза Мұқанова, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, тағы басқалар сөйлеген сөзде­рінде қаламгерліктен қайрат­кер­лік­ке жеткен тұлға туралы орамды ойларымен бөлісті.

Конференция аясында «Мәң­гілік мұра»: Елтаным» атты кітап көрмесі ұйым­дас­­тырылып, «Ербол Шаймерден­ұлы: Тұлға» дерек­ті фильмі көрсетілді. Іс-шара Мәде­ниет және ақпарат министр­лігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің ұйым­­дас­тыруымен өтті.