Астанада «Joltap» жобасы жалғасып жатыр. Бастама жұмыссыз қала тұрғындарының еңбекке араласып, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде ілкімді іс игілігімен 2 мыңнан астам елордалық түрлі мамандық бойынша курстардан өткен.
Оқыту бағдарламалары еңбек нарығының сұраныстарына сүйене отырып жасалды. Мәселен, жоба аясында заманауи мамандық – мобилографияны да тегін оқуға болады. Нәтижесінде, олар смартфон арқылы сәнді фото мен бейнежазбалар түсіріп, монтаждап, дайын контент жасауға машықтанады. «Joltap» жобасындағы «Мобилография» курсының оқытушысы Кәмшат Қапардың сөзінше, жаһанда ақпараттық технология қарыштап дамыған сайын, SMM, мобилограф мамандығына да сұраныс артты.
– Бұл салада жүргеніме үш жылға жуықтады. Яғни SMМ-мобилограф болып жұмыс істеймін. Негізгі мамандығым – заңгер. Бірақ маған фото, бейнежазба түсіру және күнделікті әлеуметтік желіде белсенді болған көбірек ұнайды. Оның үстіне қазір адамдардың көпшілігі әлеуметтік желіні үнемі қолданады. Сәйкесінше, SMM мен мобилограф мамандығына сұраныс екі есе артты. Сондықтан хоббиімді негізгі кәсібіме айналдырдым, – деді ол.
Алты күндік «Мобилография» курсында мамандыққа кіріспе, монтаждау, заманауи бейнежазба түсіру сияқты теориялық және практикалық сабақтар өтеді. Курс барысында практикаға баса назар аударылады.
– Әрқашан мамандық бойынша блог жүргізіп, өзімнің оқушыларымның жетістігімен бөлісіп отырамын. Содан болар, маған «Joltap» жобасына оқытушы болу туралы өтініш түсті. Жоба бастамашысы – Астана қаласының әкімдігі. Жалпы мобилография курсы 6 күндік оқудан тұрады. Алғашқы сабақ «Мобилографияға кіріспе» деп аталады. Онда мамандық туралы теория негізінде түсіндіремін. Кейін фототүсірілім бойынша тәжірибе болады. Яғни екінші күні бейнежазба түсірудің қыр-сырын үйретемін. Монтаж жасау әдіс-тәсілдеріне де бір күн тоқталамыз. Әсіресе монтаж жасауға арналған қосымшаларға тоқталып, сабақ барысында монтаж жасаймыз. Курстың соңғы сабағы «монетизация» деп аталады. Яғни осы салада жұмыс істегісі келетін жандар үшін қалай жұмысқа орналасуға болады, жеке тапсырыс бойынша фото, бейне түсірілімді қандай бағаға ұсынуға болатыны туралы айтылады. Артынша студенттер тест тапсырып, портфолио қорғайды. Сондай-ақ фото, бейнежазбаларын көрсетеді. Егер барлық тапсырманы жақсы орындаса, онда курсты аяқтағаны туралы сертификат береміз, – деді Кәмшат Қапар.
Күні бүгінге дейін мобилография бойынша 450-500 шамасында адам оқып шыққан. Бір қызығы оқушылардың басым бөлігі өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер, декреттегі аналар мен студенттер екен. Сондықтан жауаптылар биыл да жоба бойынша 10 мың тұрғынды жаңа мамандықтарға оқытуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, қатысушылардың таңдауына 14 мамандық ұсынылған. Ал оқыту бағдарламалары 2 аптадан 1 айға дейінгі қысқа мерзімде практикалық дағдыларды ұсынуға бағытталған.