2020 жылдың мамыр айында Қарағандыда инкассатор машинасын әдейі соғып, ақша ұрлап кеткен қылмыстық топтың төртінші мүшесі ұсталды, деп жазады Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыстық топқа 4 адам мүше болған. Олар көліктен 70 миллион теңге мен қаруларын алып, оқиға орнынан іздерін суытқан еді.
Сол кезде криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында үш күдікті ұсталып, олардан 30 миллион теңге ақша тәркіленген еді. Ал төртінші күдікті қашып кеткен еді. 38 жастағы қылмыскер Алматы облысында қолға түсті. Сот барысында алдын ұсталған 3 қылмыскер әрекеттерін мойындамай, кінәні қашып кеткен адамға аудармақ болған еді. Олар 10 жылдан 11,3 жылға дейін сотталды.Төртінші күдікті 4 жыл бұрын жасаған қылмысы үшін жауапқа тартылады.