• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 29 Мамыр, 2024

Тығырықтан шығатын жол бар

99 рет
көрсетілді

Республика бойынша бір уақытта «Халық заңгері» акциясы өтеді. Науқан 30 мамырда ұйымдастырылады. Мұндағы мақсат – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңдық көмек көрсету. Ерекшелігі сол, кез келген азамат құқықтың әртүрлі саласының сарапшыларынан қажетті кеңесті тегін алады.

Жұртшылықты жарылқаған бас­­та­маға кәсіби заңгерлер, со­ның ішінде тәжірибелі, бе­дел­ді нотариустар, прокурорлар қаты­са­ды. Сондай-ақ тергеушілер, сот орындау­шы­­лары, полиция қызметкерлері, кәме­лет­ке толмағандармен жұмыс істейтін қыз­­­меткерлер, әділет органдары, көші-қон по­лициясы, банк омбудсмені де жұ­мыл­­­ды­ры­лады. Акция еліміздің барлық қа­ла­­лары мен елді мекендерінде жыл сайын өтеді.

– Биыл да науқан туралы әлеуметтік желідегі жарнамалардан көрдім. Жыл сайын қатысамын. Былтыр акция аясында мүлікті бөлуге қатысты заңгерлік кеңес ­алдым. Барлығын сауатты түрде түсіндірді. Әдетте жақсы заңгерлермен кеңесу көп ақшаны талап етеді, – деді Тараз қаласының тұрғыны Айгүл Амантаева.

Былтыр сарапшылар неке, отбасы, мұрагерлік, тұрғын үй, қылмыстық, еңбек, азаматтық құқық, сот шешімдерін орындау, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, әкімшілік құқық бұзушылық және тағы басқа салаларға қатысты көптеген сұраққа жауап берген.

Бір қуантатыны, акция азаматтарды қабылдау мерзімін шектемейді. Ең соңғы келушіге дейін жалғаса береді. Қабылдауды мемлекеттік органдардың өкілдері жүргізеді. Толымды әрі нақты ұсыныстарды алу үшін өзіңізбен бірге іске қатысты құжаттарды алып келуіңіз қажет.

Жалпы, бүгінде халықтың құқықтық сауатын жетілдіруге арналған іс-шаралар легі жетерлік. Оның тағы бірі – «Қарызсыз қоғам» жобасы. «Amanat» партиясы іске қосқан бастаманың игілігін 65 мың адам, биыл 49 мың адам көрген. Қаты­су­шылардың жартысына жуығы білікті қаржы және заң мамандарының көмегін алған. Арасында шоттың бұғатталуынан бастап қарызды қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық рәсімдеу, коллекторлармен жұмыс секілді 20 бағытта көмек жүргізілген. Сондай-ақ қаржы сарапшылары бизнес-жоспар жазу, отбасылық бюджетті қолға алуды да үйреткен.

«Қарызсыз қоғам» жобасының же­тек­шісі Ақмарал Бекмұрзаеваның сөзінше, бұл жобаның мақсаты – еліміздегі мек­теп­терде, колледждерде және жоғары оқу орын­дарында қаржылық сауат оқу­лық­тарын әзірлеу.

– Мәселе табыс көлемінде емес, ойлау жүйесінде екенін түсініп, қатысушыларды тұтыну психологиясынан үнемдеу психологиясына бағыттап жатырмыз. Өйткені қаражатты дұрыс жоспарлау, дұрыс бас­қару тәсілдері болмаса, адам қанша табыс тапса да, жеткізе алмайды. Сондықтан оқулықтарды жазарда 543 мың адамға сауалнама жүргізіліп, қазіргі «Қаржылық сауат» пәнінің барлық кемшіліктері анықталды. Мысалы, кей мектептерде қаржы саласына қатысы жоқ тарих, қазақ тілі, дене шынықтыру мұғалімдері сабақ береді екен. Оқу материалдары қызық емес. Мұны мектепте жүріп-ақ мобилограф, контентмейкер, СММ болып табыс табатын оқушылар айтады. Криптовалютаға, инвестициялық қорлар мен нарықтарға қызығатын ұрпақ өсіп келеді. Соған лайықты ұстаздар мен оқулықтар әлі жоқ. Біз Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, оқулық жазатын әдіснамалық топ құрдық. Бұл топ Финляндия мен Эстония тәжірибесін алуға арнайы барып, Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. PISA рейтингінде Финляндия мен Эстония қаржылық сауат бойынша әлемде жетекші орын алады. Бұл елдерде бала кезінен ақшаны қалай жұмсау керегі, қауіпсіздік қоры үйретіледі, – деді ол.