Алматыда табиғат аясында кәуап пісірген туристер 1,4 млн теңге көлемінде айыппұл төледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы қалалық ТЖД қызметкерлері Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық паркінің қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізді. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзған ондаған демалушылар анықталды. Мамыр айының басынан бері Іле-Алатауы ұлттық табиғи саябағында от жаққан төрт тәртіп бұзушыға 1,4 миллион теңге айыппұл салынды.
«28 мамырда МҰТП аумағында Бостандық ауданы ТЖБ қызметкерлері Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің, табиғат қорғау полициясының қызметкерлерімен бірлесіп, патрульге шықты. Нәтижесінде ұлттық табиғи парктің аумағында от жағу фактісі анықталды. 30 жастағы ер адам жастармен бірге рұқсат етілмеген жерде кәуап дайындау үшін от жаққан», деді қалалық ТЖД өкілі.
Ведомство ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы өрт қауіпсіздігі мен санитарлық ережелердің талаптарын бұзу (ҚР ӘҚБтК 367 - бабы) Жеке тұлғаларға 100 АЕК (369 200 теңге), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 250 АЕК (923 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертті.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті