Алматыда Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің цифрлы үкіметін дамытуға арналған конференция өтті. Корея Республикасының үкіметі қаржыландыратын «Цифрлы трансформация мен цифрлы басқаруды ілгерілету үшін мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыру» жобасы биылдан бастап 3 жыл кезеңді қамтиды.
Аталған жоба 2021-2023 жылдар аралығында жүзеге асып, мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы тың тәжірибелерге арқау болған зерттеулер, конференциялар, семинарлар және оқыту бағдарламалары өткен болатын. Кавказ және Орталық Азияның 200-ге жуық мемлекеттік қызметшілері үшін жоба тиімділігін көрсетті. Қазіргі кезде Астана мемлекеттік қызмет хабы мен БҰҰ Даму бағдарламасы, Корея Республикасы ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі (MOIS), Ақпараттық қоғам мәселелері бойынша Ұлттық агенттігінің (NIA) бірлесуімен іске асып отырған географиясы кеңейіп, қатысушы елдердің саны 12-ге жетіп отыр. Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан), Кавказ (Армения, Әзербайжан және Грузия) және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы (Бангладеш, Камбоджа, Лаос ҚДР, Моңғолия және Филиппин) елдер негізгі кезекте цифрлы трансформация мен цифрлы басқаруды ілгерілету үшін мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін нығайтатын болады.
Конференцияны БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа ашып, бүгінгі таңда цифрлық технологиялар даму құралдарының түбегейлі өзгертіп жатқанын айтты. «Жаңа бастама арқылы Кореяның сәтті тәжірибесін пайдалана отырып, цифрлық трансформацияны ілгерілетуді мақсат етіп отырмыз. Біліммен, озық тәжірибелермен және зерттеулермен алмасу, семинарлар арқылы қатысушы елдердің мемлекеттік қызметкерлеріне басқару жүйесінің цифрлық трансформациясын бағдарлауға және азаматтарға қызметтерді тиімді жеткізуге мүмкіндік бере аламыз», деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі.
Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігінің (MOIS) Цифрлы үкімет пен инновациялар офисының цифрлы қауіпсіздік саясаты бөлімі директоры Вон-Габ Джо 3 жылда жеткен жетістіктерге тоқталып, ендігі кезекте 12 мемлекеттің уағдаластыққа қол жеткізіп отырғанын алға тартты. Бүгінде цифрлы трансформацияда айтарлықтай жетістіктерге жеткен елдер тәжірибесімен бөлісу аса маңызды. Вон-Габ Джоның айтуынша, Корея үкіметі цифрлы платформа және тиімді басқарудағы тұжырымдары және жетістіктерімен бөлісуге дайын.
Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Бәйменовтың айтуынша, цифрландыру – қазіргі таңда мемлекеттік басқарудың маңызды құралы болып табылады. «Мемлекеттік басқаруда цифрлы құралдарды пайдалану әкімшілік үдерістерді оңтайландыруға, шешімдер қабылдауды жетілдіруге, өзекті мәселелерде инновацияларды пайдалануға ықпал ете отырып, мемлекеттік қызмет көрсетуде тиімділікті, ашықтықты арттыруға, азаматтардың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Корея үкіметімен бірлескен жоба бұған дейін де тиімділігін көрсетіп, бүгінде қатсушы елдердің саны артып отыр.
«Цифрлы технологияларды, жасанды интеллектіні пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруда әр ел өздігінен тәжірибе жинақтап, өз жолымен жүріп келеді. Алайда цифрлы басқаруды жетілдіруде көшбасшы елдердің тәжрибесі маңызды. Бұл бағытта қатысушы елдер үшін ортақ бағыт болмағанымен, басқа елдердің үздік тәжірибесін зерделеу арқылы әркім өзіне керегін алатыны анық. Бүгінде Корея, Эстония, Дания сияқты көшбасшы елдер тәжірибесі аймақ үшін әрі өзге елдерге де маңызды саналады. Осыдан үш жыл бұрын Астана мемлекеттік қызмет хабы мен Корея арасындағы келісімге сәйкес Орталық Азияның төрт мемлекетімен цифрлы басқару жобасы іске асқан болатын. Осы жоба барысында Корея, Сингапур, Эстония секілді дамыған цифрлық технологиялары бар мемлекеттердің үлгісі зерделенді. Нәтижелігіне қарап, Кавказ, Орталық Азиядан басқа Тынық мұхит елдерінен тағы бес мемлекет қосылып, жобаны тағы да үш жылға созу келісіліп отыр. Бұл жобаның аясында озық елдердің электронды үкіметті дамытудағы архитектурасы, тұжырымдамалары, стратегиялық жолдары сараланатын болады. Озық тәжірибелер бүгінде әлем елдерін алаңдатып отырған жемқорлықпен күресте, сондай-ақ халыққа қызмет көрсетудегі озық тәжірибелерге арқа сүйейді. Осының нәтижесінде әр ел мұқтаж бағыттар бойынша пікір алмасып, өз үкіметтері тәжірибесінде пайдаланатын болады», дейді Ә.Бәйменов.
ЭЫДҰ цифрлы үкімет индексі рейтингінде әлемдік көшбасшы саналатын Корея Республикасы сарапшылары стратегиялар мен инновацияларды, сондай-ақ заңнамалық аспектілер, цифрлы трансформациямен, Кавказ елдері (Грузия, Армения, Әзербайжан) және Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан) елдерінің мемлекеттік орган өкілдері өз үкіметтерінің цифрлы платформаларының жұмыс негіздерімен таныстырды.
Конференцияда Өзбекстан және Азия-Тынық мұхиты елдерінде (Филиппин, Лаос, Камбоджа, Моңғолия, Бангладеш) қолданылатын тәжірибеге басымдық беріліп, мемлекеттік цифрлы басқаруды тиімді дамытудың басым бағыттары мен бірлескен жобалар талқыланды.
АЛМАТЫ