• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 31 Мамыр, 2024

Қасіретті жылдар: Тарих, тағзым, тағылым

128 рет
көрсетілді

Бүгін ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірі – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың бірінші жартысында 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың 25 мыңдайы атылды. Осы қаралы жылдары елі­міз көлемінде ГУЛАГ-тың 20-дан астам лагері орналасты. Жазықсыз жазалан­ған­дар қатарында көптеген мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялысы бол­ды. Ұлтымыз алапат аштықтың да зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшы­рады. Ұжымдастыру науқаны қазақ байтағын бұрын-соңды болмаған аса ауқымды апатқа ұрындырды.   

Соңғы жылдары халқымыз бастан кешкен нәубет жылдардың себеп-салдарына тағы да бір терең үңіліп, шынайы баға беру үрдісі тың қарқынмен белең алды. Оған Президент Қ.Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы еселеп екпін берді. Комиссия жұмысының негізгі бағыттары белгіленіп, мақсат-міндеттері айқындалған соң, түрлі бағытта елеулі жұмыс атқарылды.

Шаң басып жатқан архивтік құжаттар жүйеленіп, сараланып, том-том зерде кітаптары жарыққа шықты. Бұрынғыларға қосымша 311 мың заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды. Зұлмат жылдарға ғылыми баға беру, жазықсыз құрбан болғандарды әділ, негізді ақтау жұмыс­тары әлі де жалғасады. Солақай саясаттан жапа шеккен отандастарымызға қатысты тарихи әділеттік қайткенде қалпына келуге тиіс. Бұл – мемлекеттің де, қоғамның да парызы.

Тарихымыздағы нәубетті кезең туралы тағылым бізді біріктіре түседі. Осы ретте Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің тар замандағы қиындықтары да зерттеліп-зерделене береді. Біз әрқашан саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз.