Дерекке жүгінсек, 2022 жылғы шомылу маусымында 242 адам көз жұмған, оның 77-сі жасөспірім екен. Жантүршігерлік статистика кімді де болсын ойландырмай қоймайды.
Өткен жылы өңірде шомылу маусымы кезінде бес тұрғын бақилық болды. Өкінішке қарай, мерт болғандардың ішінде үш жасөспірім бар. Үш үйдің үміті ерте сөнді.
Былтыр Жасөркен ауылында болған қайғылы жағдай талай жанға ауыр тиді. Жеті жасар немересін құтқармақ болған алпыстан асқан қария да тау суының екпініне шыдас бермей өмірмен қош айтысқан еді...
Биылғы шомылу маусымына дайындық жұмыстары ойдағыдай жүргізілді ме? Төтенше жағдайлар департаменті жұмысты жүйелеп үлгерді ме? Су айдындары маңындағы жағдай қалай? Мамандар кез келген жағдайға сақадай сай дайын ба?
Ресми дерекке жүгінсек, өңірде гидрографиялық санатқа енген жүзден астам өзен мен 112 тоған орналасқан. Шомылу маусымы кезінде осы өзендер мен тоғандарға баратындар аз емес. Шіліңгір шілдеде кейбір тұрғындар ескерту жазбаларға да қарай бермейді... Кісі шығыны болмауы үшін жан-жақты әзірлік керек екені айтпаса да түсінікті.
«Су айдындарындағы профилактикалық іс-шараларға тұрақты түрде тартылатын облыс аумағындағы волонтерлік ұйымдардың басшылары мен үйлестірушілері санатындағы азаматтар облыстық төтенше жағдайлар департаментінде даярлық курсынан өтті. Курсқа жалпы саны 59 адам тартылғанын айта кеткен жөн. Оларға мамандар өздері білетін дүниені толықтай үйретті.
Өңірдегі су айдындарының қауіпті учаскелерінде кісі шығыны орын алу деректері, олардың себептері және оқиғаға ықпал еткен мән-жайлар көрсетілген 360 ескерту белгілеріне және 8 көрнекі стендке түгендеу жұмыстары жүргізілді. БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы негізгі қауіпсіздік шараларының талаптары тұрақты түрде тұрғындар назарына ұсынылып жатыр.
Шомылу маусымы басталғанға дейін жағажайлардың төменгі қабатын тексеру, арнайы қалтқылар мен ескерту белгілері, үгіт-насихат стендтерін қою жұмыстары жүргізілетін болады», дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Тоқанов.
А.Тоқановтың айтуынша, қазіргі кезге дейін үш жағажайдың түбін тексеру жұмысы талапқа сай жүргізілген екен. Ал өңірдегі су айдындарының 16-сында шомылуға рұқсат беріліпті. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың 2019 жылғы шешіміне сәйкес щомылуға тыйым салынатын орындар тізімі анықталған.
Шыны керек, шомылу маусымы кезеңін адам шығынынсыз өткізу соңғы жылдары мұңға айналып тұр. Әрине, өткір мәселеге келгенде жергілікті тұрғындардың өздері де қателікке бой алдырып жататыны анық. Балалардың қараусыз қалуы салдарынан орын алған қайғылы оқиғалар да аз емес. Әйткенмен, құзырлы органдар шомылу маусымы кезінде тұрғындарға қауіпсіздік шараларын толыққанды түсіндергеннен ешкімнің ұтылмайтыны сөзсіз.
«Елді мекендерде тұрғын үйлерге жақын маңда ағатын суармалы арналардың қауіпті учаскелерінің жиегін қоршаған жөн. Тұрғындарға қолжетімді шомылатын орындарды жағажай ретінде қалыптастыру мәселесін пысықтап, олардың санын арттыруға назар аударуымыз керек.
Бұдан бөлек, шомылуға қауіпті орындарға полиция қызметкерлері мен волонтерлерді тарта отырып, күнделікті негізде профилактикалық-рейдтік іс-шараларды жүргізу жұмыстарын мықтап қолға алған ләзім. Сонда ғана біз кісі шығынын болдырмауға қолдан келгенше ықпал етеміз», дейді департамент басшысы.
Қалай десек те суға шомылу маусымында тек Жамбыл облысында ғана емес, басқа өңірлерде де қайғылы оқиғалар жиі тіркеліп жатады. Өткен жылы бес адамның өмірмен қош айтысқаны кімді де болса ойландырса керек. Осы жылы жамбылдық шенділер шомылу маусымын трагедиясыз өткізе ала ма? Кім білсін... Белгілісі, әзірге жауапты мекемелер дайындық жұмыстарына мықтап кірісіп кетті.
Жамбыл облысы