Елордалық полицейлер осындай девизбен велошеру өткізді. Нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында, сондай-ақ «Нашақорлыққа қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алудың 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру аясында ұйымдастырылған шараға астаналықтар да үлес қосты.
Велошеруге полиция департаментінің қызметкерлері, қалалық әкімдіктің, спорт секцияларының, ҮЕҰ жастар қозғалыстарының өкілдері, сонымен қатар өз бетімен ниет білдіргендер – барлығы 700-ден астам адам қатысты.
Велошеру Тұран даңғылының бойындағы «Қазақстан күні» монументінен бастау алып, Қорғалжын тас жолында жалғасып, Тұран даңғылы бойындағы демалыс саябағында аяқталды. Жарыс барысында велошабандоздарға полицияның патрульдік көліктері мен эскорд взводы ілесіп жүрді. Астана қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың жетекшілігімен қатысушылар он шақырымды бағындырды.
Спорттық шара – өскелең ұрпақ арасында есірткі қылмысымен күресу, сондай-ақ жастардың есірткіге әуес болмай, психоактивті заттарды қолданбай, бос уақытын дұрыс пайдалануын, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мен дамыту мақсатында өткізілді.
«Велошеру ең алдымен нашақорлық мәселесіне қоғамның назарын аударуға бағытталған. Бұл – бүкіл қоғам үшін проблема және онымен бәріміз бірге, жұмыла күресуіміз қажет», деді Полиция департаментінің басшысы.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері заңсыз есірткі айналымынан жалпы салмағы 60 кг-дан астам есірткі затын тәркіледі. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында нашақорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, сондай-ақ оларды осы зиянды тәуелділіктен қорғауға бағытталған.
Велошерудің барлық қатысушысы белгіленген қашықтықтан сүрінбей өтті, ал олардың достары мен әріптестері мәре сызығында күтіп тұрды.